№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Қаратаумен сыры бір

Қаратаумен сыры бір


Күй сөзінің түбірі күк-көк, көк тәңірі деген сеніммен байланысты шыққан. Адам көңілінің сан түрлі құбылуы да көңіл-күйіне орай емес пе? Олай болса көңілдің көк дөненін желдіртіп, қайғыда, қуанышта адам жанымен егіз туып, дүниеге келер күй өнерінің жарық тіршіліктегі маңызы өте үлкен.
Қазақта тіркелген 5000 күй бар. Күй құдыреті керемет! Күй-хабаршы, төреші, сыншы, жоқтаушы, рух беруші, жігерлендіруші. Күй адам көңіл-күйіне қарай сан құбылатын импровизациялық өнер.
Қазақтың тарихы қаншама терең, қасіретті болса күйлері де сондай қатпарлы, қазыналы, сан түрлі бояуға бай, мәнді, мағыналы.


Қазақтың әр өңірінің өзіне тән күйшілік мектебі бар. Қаратау өңірінде қанатын кеңге жайған Әлшекей күйлерінің қаншасын бүгінгі ізбасарлары жүрек түкпірінен өткізіп, қыл пернемен жеткізіп бүкіл әлемге паш етіп келеді.
Туған өңірімізде тұғырын тіктеген осындай өнер отауының бірі “Қаратау қазынасы” халықтық фольклорлық ансамблі. Оның жетекшісі Ақнұр Алмасқызын әңгімеге тартып, ансамбльдің тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде мағлұматтарға қанықтық.
– Ансамбльдің негізі осыдан жиырма жыл бұрын аудандық Әлшекей атындағы өнер мектебі мұғалімдерінен жасақталып, ұлт аспаптар оркестрі болып құрылды. Оған Айгүл Өтегенова апайымыз жетекшілік етті. 2011 жылы оркестр өзінің халықтық атағын қорғап шыққан соң аудандық Мәдениет бөлімінен штат бекітіліп, соның қарауына көшті. Өнер ұжымын Сапар Отарбаев басқарды. Мен өзім бұл ансамбльге 2015 жылдан бастап жетекшілік етіп келемін, – дейді.
– Күйдің құдіреті неде? Оның қоғамдағы рөлі ретінде не айтуға болады?
– Ел басынан өткен отарлық дәуірдің үнін жеткізген ұлы өнер – күй. Басы Кетбұғы бабамыздан бастап, әр дәуірдегі Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір, Әлшекей, Нұрғиса сынды ұлы тұлғалар туған жұртының мұң-зарын шерлі күймен жеткізгені баршаға аян. Біздің мақсатымыз, осы асыл мұраларымыздың мәйегін ұмыт қалдырмай ұрпақ көңілінде қайта жаңғырту. Баба рухы сонда ғана мәңгі жасайды. “Мәңгілік елге” айнала аламыз.
– Домбырашылық өнерді таң­дауыңның сырымен бөліссең.
– Әкем өмір бойы мәдениет саласында еңбек етті. Үйге өнер адамдарын жиі ертіп келетін. Бірде үйімізде қонақ болған ақын Манап Көкенов көп баланың ішінен мені ерекшелеп, “мына қызымның көзінің оты бар екен, түбі өнер адамы болсын” деп бөле-жара назары ауып, батасын бергені есімде. Ол кезде оқушымыз. Мектепте домбыра үйірмесі ашылыпты дегенді естіп 7 сыныпта жүргенде соған жазылдым.7-8 қыз едік, соңында жалғыз өзім қалыппын. Қиындықты жеңу үшін талаптану аз, өнерге деген терең құштарлық, ынта-ықылас қажет екен. Ұстазым Күзембай ағаның еңбегі еш кетпеді. Орта мектептен соң Қызылорда қаласындағы музыкалық училищеге оқуға түсіп, домбыра аспабының оқытушысы мамандығында 4 жыл білім алдым. Еңбек жолымды аудандық Әлшекей атындағы өнер мектебінде бастадым.
Бұл ортада кішкентай талапкерлердің өнерге көзін ашумен қатар өзім де көп үйрендім, тәлім алдым, өстім, жетілдім. Айгүл Өтегенова, Күләш Ізтілеуова, Нұғман Ержанов, Шәрбану Жиенбаева сынды аға буынның қамқорлығын көп көрдім.
– Әңгімемізді «Қаратау қазынасына» бұрсақ.
– Халықтық ансамбльдің репертуарын байытуға жұмыс жасап келеміз. Бәрі де ансамбль құрамының ерік-жігер, ынта-ықыласына байланысты. Өзім бас домбырада отырамын. Үш тілді бұл аспапты Сүгірбаева Айгүл апайымыздан мұраға алып қалғанмын. Прима, қобыз, домбыра, жетіген, шаңқобыз қылаяғы шылдырмақ пен тайтұяқты меңгергендер бірінсіз бірі кемдік көріп, кең көсіле алмасы белгілі. Сондықтан бізге бір бүтін ауызбірлік, өнерге шын ықыласпен берілген таза жүрек, алғаусыз тілек қымбат, – дейді ол.
Көрермен ретінде Ақнұрдың ВИА-ның мүшесі ретінде гитараны шебер ойнайтынының куәсі едік. Домбырада ойнай білген гитараны да меңгереді деп түсінеді екенбіз. Бұған да ерекше ынта болмаса өзіндік қырынан келу қиын тәрізді. Ақнұр өзінше ізденіп, әуелі үш акордты меңгергенін айтады. Әннің негізі осы үші акордтан тұрады. Бірақ орындалуымен де бағы ашылатын әндер бар екен. Мәселен, атағы жер жарған “Миллионы алых роз” әні бар болғаны үш акордтан тұрады.
Ғасырға жуық тарихы бар “Экспресс” ансамблінің белді мүшелері болған Уәли және Кенжебек Ибрагимов, Серік Жаңабековтердің ізін алып келе жатқан Ақнұр бүгінгі әріптестерінің “Арман” кинотеатрында “ВИА”-ның жаңа құрамын жасақтау ізгі ниетінде жүргенін қуанышпен жеткізді.
Өзінің де ұстаздық етіп келе жатқанына жиырма бес жылға жуықтаған Ақнұр Қалдыбаева шәкірттерімен мақтана алады. Солардың бірі Фарида Шахарбаева, №110 орта мектебінің 9 сынып оқушысы, кеше, жыл аяғында өткен республикалық “Дарабоз” өнер фестивалінде Бас жүлдені алып, ел мерейін үстем етті.
Тағы бір шәкірті Нүрдін Нұрай осындай конкурстардың жүлдегері, қазірде тың өнерді тірілтіп, жетіген аспабының желкенін түзеп, көрерменнің ықыласына бөленіп жүр.
Ақнұрдың алға қойған мақсат-мұраты үлкен. Жаңа жылдан бастап кіл жас таланттан тұратын ансамбль құрамымен ауыл-ауылды аралап, концерт беруді жоспарлап отыр екен.

Баян ҮСЕЙІНОВА
06 қаңтар 2020 ж. 1 523 0