№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » АЙСЫНОВТАРДЫҢ ЖЕҢІСІ

АЙСЫНОВТАРДЫҢ ЖЕҢІСІ


Қаратау қойнауы тұмса табиғатымен ғана емес, тума таланттыларымен де танымал. Ұлттық өнерді ұлықтап, ән дәстүрін дәріптеп жүрген музыка майталмандарының арасында Айсыновтардың орны бөлек. Өнерлі шаңырақ жақында Ақтөбе қаласында өткен Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Өнерім – өрісім» атты отбасылық ансамблдер байқауында жеңімпаз атанып, аудан мерейін асырды.
Ақтөбе облысының мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының қолдауымен өткен өнер додасында елге танымал отбасылар өнер көрсетті. Байқауға Жаңақорған атынан Бесарық балалар өнер мектебінен «Айсынов» отбасылық ансамблі өз бақтарын сынап, Ақтөбе, Орал, Ақтау, Атырау жəне Қызылордадан қатысқан 13 отбасылық ансамбльдің арасында шоқтығы биік болды.
Шара мақсаты – тəуелсіздіктің жарқын бейнесін өнермен дəріптеп, жастар арасында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру, келер ұрпаққа эстетикалық жəне адамгершілік тəрбие беруде отбасы ансамблдерінің шығармашылық рөлін арттыру болды. Сондай-ақ, өнерлі ұжымды қоғамдық жəне мəдени қызметке тарту жəне оларға қолдау көрсету аясында ұйымдастырылған байқаудың өзіндік міндеттері мен шарттары қойылды.
Әлшекей халық ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, әрі дирижері, күйші-композитор, ардагер ұстаз Бәден Айсыновтың шаңырағы 20 минутта төрт шығарма орындады. Яғни, «Егемен Қазақстан», «Наурыз», «Юмореска» жəне əр түрлі күйлерден «Попурри» орындап, шеберліктерін байқатады.
– Әрине, байқаудың өзіндік шарттары да бар. Өнер сыны оңайға соқпайтыны белгілі, сондықтан жыр аламанына барымызды салдық. Еңбегіміз еленіп, әділ қазылар әділ төрелігін берді. Өте қуаныштымыз, – деді Сырым Айсынов.
Түйіндей айтқанда, өмірлік жолын өнермен байланыстырған Айсыновтар шаңырағы біршама байқаулардың жеңімпазы. Əрбір жұмыстарын ыждағаттылықпен орындайтын бұл ұжым қазір Сыр елі халқының ықыласына бөленіп, мәдениет саласының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Сондықтан, өнер шаңырағынан алда талай биіктерді көретінімізге сенімдіміз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
19 мамыр 2018 ж. 1 533 0