№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қайран қалдырған Қарақат

Қайран қалдырған Қарақат


Қарақат Қаршыбай бүгінде дәстүрлі музыка өнерін, оның ішінде күйшілік өнерді меңгеріп, өнерімен көпті қуантып жүр.
Біз жас талант жайлы ұстазымен пікірлескен едік.


– Қарақат күйді сезініп жүрекпен орындайды, оның болмыс-бітімі күйші болуға жаралғандай. Еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының арқасында бүгінде түрлі деңгейдегі байқауларда жүлде алып жүр және ақындық қырымен де таныла баста­ды, – дей­ді жетекшісі Гүлжазира апай.
Күй қазақтың елдігін, көңілінің кеңдігін білдіреді. Күй – халықтың қазынасы, ұлттық мұрамыз. Осындай өнерді бойына сіңірген Қарақатты сөзге тарттық.
– Бұл өнер маған анамның сүтімен, әкемнің қанымен берілген десем артықтық етпейді. Әкем мен анам күй өнерінің жанашырлары. Бала күнгі қызығушылығым жетелеп, аудандық мәдени-тәрбие орталығында ұстазым Гүлжазира Кембиловадан домбыраның қыр-сырын үйреніп келемін. Күйдің көпшілігі домбыраға арналып шығарылған, сондықтан маған кез-келген күйді домбыраға салып шерту қиындық тудырмайды, – дейді ол.
Күйшілікпен қатар ақындық қырымен де танылып келе жатқан Қарақаттың «Туған жер», «Домбыра», «Ана тілі», «Отан» және сүйікті ақыны Мұқағали Мақатаевқа арнап жазған жыр шумақтары бар. 2018 жылы Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған шығармашылық байқауда өзінің «Фаризаға арнау» өлеңімен үздік шықты.
Оның сөзінше ұстазының үйрету тактикасы, орындаушылық шеберлігі үнемі жігерлендіріп, жетістікке жетелейді. Ең алғаш Сарыарқа күйін орындап «МЕНІҢ ЕЛІМ – МӘҢГІЛІК ЕЛ» атты республикалық байқауда ІІ орын алды. Облыстық «Тәуелсіз елім – тірегім, туған тілім жүрегім» байқауында үшінші дәрежелі дипломмен, осы жылғы «Күз – береке» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы байқауында дараланды.
Қазақтың төл өнерін жанына серік еткен Қарақаттың бойында домбыраға деген махаббаты ерекше екені сезіліп-ақ тұр. Оны мына өзінің жүрегінен жарып шыққан өлең жолдарынан байқауға болады:
– Пернелер бір тиектен ойған тесік,
Екі құлақ, екі ішек түймелесіп.
Ғажайып қандай күшке иесің сен,
Адамның жан дүниесін тебірентіп, – дейді ақын жүрек.
Қарақаттың бойына сан өнер қонғаны анық. Ата-анасымен ұстаздары бабын шыңдап, биіктерден көрінуге жағдай жасаса, кейіпкеріміз қазақ мәдениетіне үлес қосатынына сенеміз.

Майра ҒАНИЕВА
22 қазан 2019 ж. 914 0