№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Сыныптастар сағынышы

Сыныптастар сағынышы



Ескі достардың бір-біріне деген сағынышын ақтарып, өткенді еске алып, мәз-майрам болысуы қандай ғибратты кездесу десеңізші. Осындай кездесуге «Ынтымақ» мейрамханасында куә болдым. Яғни №51 мектепті осыдан 55 жыл бұрын бітірген түлектердің арасында болып, сыйластық пен достық қарым-қатынастың ерен үлгісін көрдім. Мені қызықтырғаны, 41 түлектің біреуінің ғана техникумды, қалғанының бәрі жоғары оқу орнын бітіргендігі еді.
Мектептен қыздар жағы тігіншілікті, ұлдар механизаторлықты меңгеріп, куәлік алып шыққан. Түгелге жуығы жоғары білім алған. Орта арнаулы білім алғандардың өзі аудан мен облыстағы білікті кадрларге айналды. Сыныптастардың мақтанышы академик Сардарбек Әбиев пен вице-министр дәрежесіне дейін өскен Хасен Жүнісов.
Биылғы мерейтойға 41 ұл-қыздың ішінен 7 ұл мен 12 қызы аман-есен жетті. Сол кезде мектеп директоры болған Фатима Тілеубаева жастардың қалыптасуына үлкен еңбек сіңіреді. Арада көп жылдар өтсе де, мектеп оқушылары қолына қалам ұстатып, алғаш әріп танытқан ұстаздары Фатима Тілеубаева апайларын анасындай құрметтейтінін айтты.
Мектеп жасынан лидерлік қабілеті бар қашанда жинақы жүретін Сардарбек Әбиев бүгінде биология ғылымдарының докторы. Сексенге жақындап қалса да Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық етеді.
Оның айтуынша, бала кезінде дәрігер болсам деп армандайды. Өйткені ағасы Сауранбек Әлқожаев өкпе аурулары диспансерін басқарса, Сұлтанбек Әлқожаев хирург болды. Ол кезде медициналық институтта бір орынға он адам таласатын. Содан ағасының кеңесімен Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі.
Оқу бітіргеннен кейін Ботаника институында қызмет етіп, ауыл шаруашылығы институтының аспирантурасын бітіреді. 1973 жылы кандидаттық ғылыми атағын қорғап, содан ғылыми институтында 2005 жылға дейін қызмет етеді. Зейнетке шыққанымен Еуразия ұлттық университетінің профессоры ретінде студенттерге дәріс береді. 
Құрдастары сыныптасы Тұрсынхан Құрманбековпен «Қызылорда облысы бойынша 28 жасында директор болған ешкім жоқ» деп мақтанады. Тұрсекең 1976 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының агрономдық факультетін бітірген соң, еңбек жолынЖаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном қызметімен бастапты. Компартия сол жылы жоғары білімді алғыр жасты «Задарья» совхозына директорлыққа тағайындаған. Жаңақорған поселкелік кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 1992 жылдары фермерлік шаруашылықтар құрыла бастағанда екі ауданның қауымдастығын құрып соның атқарушы директоры болып басшылық еткен.
Айымкүл Сейтбекованың айтуынша, сыныптастар осы уақытқа дейін бір-бірлерімен сыйласып, сағынысып іздеп тұрады екен.
–Менің өкінішім – қандай керемет ұл-қыздар болсақ та, арамыздан бір жұп шықпағанына таң қаламыз. Себебі, қыздар инабатты, ұлдарымыз ұяң болды ма, әлде мектептегі қатаң тәртіптен бе, осы жағынан ұяттымыз. Бірақ, құрдастарымыз айтып жатыр. Мүмкін, немерелерімізді үйлендіруге көндірерміз деседі. Бір-біріміздің сыйластығымыз өте күшті екендігін аңғарып жүрмін. Балалық пәк көңілдегі достығымыз әлі сол күйінде бұзылмастан келеді»,–дейді.
Міне, «алдыңда атаң болса, жазулы хаттай» деген. Сыныптастардың сымбатты да келісті келбеттері мен ақылды да ұстамды, сабырлы да салиқалы іс әрекеттерімен, қажырлы еңбектерімен, білімге құштарлықтарымен, мағыналы да мәнді өмірлерімен өзгелерге үлгі болып келе жатқандығы тәнті етті.
Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, сонау балалық шақтағы, балдәурен қызықтарын айтып тауыса алмайтындай көрінетін сыныптастар бірінің естелігін екіншісі қағып алып, әрі қарай жалғастыра кеткенде, шындығында қамсыз да алаңсыз бейкүнә кезеңнің қызықтары көз алдыңыздан кинолентасындай өте береді.
Қайда жүрсе де бір-бірінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, қиындықта қол ұшын созып, қайғысына ортақтасып, туыстардан да әрмен бауыр басып кеткен жандардың естелік айтқанда жүздерінің балбұл жанып, риясыз көңілдерінің шынайылығына таң қаласыз.
Бәрінің де әжім түсе бастаған жүздері мен ағарған самайларынан сона-ау алыста қалып, қайтып оралмас күндерін қазіргі мектептер мен ондағы мұғалімдердің беделі мен білігін салыстырмалы түрде сараптап, сол сағымға айналған шақтағы ағайларының ағалық қамқорлығы, апайларының аналық сезімі, ата-аналарының мұғалімдерге деген құрметіне сағынышын сезесіз...
Мектеп бітіргендігінің елу бес жылдығын халал дастарханда, ақ-адал сезім мен шынайы құштарлыққа құрылған бәтуәлі бас қосуға бірқатар сыныптастарының жан-жарын шақырып, қонақ етуі де аса бір ғибратты іс.
Бір сыныпта осыншалықты ізгілікті һәм инабатты білімге құштар жандарды тоғыстырған тағдырға ризашылығымызды жасыра алмадық.
«Шіркін-ай, болса екен сыныптастың бәрі осындай!» деп сырттарынан сүйсіндік.
                                                                                                                                                                                                                                            Ескендір ЕРТАЙ 
16 шілде 2019 ж. 788 0