Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ШАЯН - ПАРСЫНЫҢ ДА ҚЫТАЙДЫҢ ДА ЕМЕС, ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ СӨЗІ

ШАЯН - ПАРСЫНЫҢ ДА ҚЫТАЙДЫҢ ДА ЕМЕС, ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ СӨЗІ




Қазақта Шаян деген сөз, ұғым бар ма, әлде жоқ па? Бұл сұраққа бәріміздің бірдей бар дейтініміз даусыз. Онда неге бұл сөздің шыққан тегін сонау айдаладағы қытайдан, арабтан іздеп білгішсінеміз. Одан кім ұтады? Қазақтың ештеңе ұтпайтыны анық. Өйткені біз шет елді әулие тұтып, анық ұлттық ұғымдағы сөздерімізге дейін соларға теліп, білгішсіне берсек, қазақтың өзінің қолданысында әлімсақтан келе жатқан төл сөздерді сырттағы өзге ұлттарға тели-тели, ақырында біржолата жоғалтып, оңбай ұтыламыз. Мен осы қазақтың сөздері арабтан, парсыдан, қытайдан, орыстан тағы басқалардан кірген кірме сөздер деп көз майын тауысып зерттеп жүргендерге, солардың пікірлерін мақұлдай беретіндерге шыли мақұл емеспін. Сол зерттегіштердің ешқайсының да шет елден сөз үйренгенімізше қазақ ол ұғымды қалай атаған, әлде жер-суымызға ешқандай да ат қоймай далаңдап жүре берген бе деген сұраққа нақты да дәлелді жауаптары жоқ. Сөз түбірін, мағынасын, ұлттық ұғымын тек шет елдерден ала берген деп ғылыми зерттеу еңбектер жазатындар, білгішсініп заулата беретіндер күндердің күнінде қазақтың тілінің бәрі кірме сөздерден құралған, өздерінде оңған сөз де жоқ екен ғой дегенге апарып ұрындырып, ана тілімізге түзелмейтін қиянат келтірмей ме? Қазақ арабтар мен парсыдан, қытайдан, тағы басқалардан емес, керісінше сол ұлттар жер жаһанды кезіп жүріп бізден алған шығар. Бәрін бір бағытта тоғыта бергенше, неге кері бағытта зерттемеске.
Біздің бүйтіп сөз бастауымызға төмендегі жағдай түрткі болды. Мәселен өздерінше тон пішіп білгішсінгендердің айтқандарынан әлде жазғандарынан дереу өзінше топшылау жасап жіберіп «Шаянға айналған Шань-Янь» деп облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне мақала жариялаған Дана Сәрсенбаеваны шаян сөзінің өз ұлтымызда бар екенін білмеген дейміз бе? Ол біледі, бірақ мақала авторына қытайдың саудагерінің есімінен немесе парсының «таң шапағы» деген ұғымынан осы Шаян атауы өзенімізге қойылған дейтін белгілі «жаңалықтарды» одан әрі жариялау мақтаныш болған-ау! Бұған дейінгі шетелшіл зерттеушілерімізден қалған тіліміздегі арабизм, парсизм, тағы басқа измдерді одан әрі балалатып, бүгінгі ұрпақты енді олай шатастыруға болмайды. Парсы мен қытай саудагері келгенше бұл өзен қалай аталған деген сұрақ қойылса не деп жауап береміз? Ауданымыздағы Арыстанды, Сасық, Үлкен және Кіші Бөген, Боралдай, Алмалы, Құтырған, Жыланды өзендерінің атаулары сол қазақ қалай қойса солай өзгермей ғасырдан-ғасырға аман жетеді де, неге Шаянға келгенде дереу қытай мен парсыға теліп шыға келеміз?
Бұл тұста мына жағдайларға назар аударайық. КСРО мемлекетін басқарған Никита Хрущевтің жанында есі кіресілі-шығасылы болып ләпбайлап тұрған бір қазақ басшының Ақмола сөзінің мағынасын «өлгендерді көметін мола» деп түсіндіргенінен қазақша қала атауы Целиноград болып өзгертіліп кеткені тарихтан белгілі. Ал 1928 жылдан 1964 жылға дейін Шаян ауданы аталып, таратылғаннан кейін 1965 жылы қайта құрылған ауданның бұрынғы Шаян аталымын облыстың бірінші басшысы орысқа рак деп аударып, бұл жаман атауды заманға лайықтап Алғабас деп өзгертейік депті деген сөзді бала кезде естігенбіз. Осындай солақай саясаттың салқынынан барып, енді Шаян деген «жексұрынға» айналған ұғымнан құтылу үшін мұның түбірін парсы мен қытайдан іздеп бас қатырғандаймыз. Біреулер парсының «таң шапағы» деген сөзі екен дейді. Сонда осы Шаян өзенінен басқа өңірлерден таң шапағы көрінбеген бе? Осы өзенге келген парсылар таң шапағын көргенде таңқалып «шаян-шаян» деп айқайлап, бұған дейін өзеніне қандай ат қоярын білмей жүрген қазақтар әлгі сөзді қағып алып, өзенімізге ат қойып берген парсыларға риза болып ат мінгізіп, шапан жапқан шығар, бәлкім. Сонау Қаратаудың құтты қойнауларындағы шүпірлей аққан бұлақтардан бас құрап, Арысқа барып құятын, жүз отыз шақырымға созылған өзеннің кең арнасының қай тұсына ат шалдырды екен әлгі қытай саудагері Шан-янь. Бүкіл қазақтың ұсталарын өзіне бас ұрдырып шақыратын Шаян-янь-ның есімін өзенге таңа салатындай қазақ үшін нендей керемет жақсылық жасады екен деп түйілеміз. Әлде өзенімізге сіздің атыңызды қоялық, осыған дейін не дерімізді білмей жүр едік деп бас ұрып рұқсатын алды ма екен біздің ақкөңіл ата-бабаларымыз. Мұның бәрі ақылға сыймайтын, әшейін сөз ойнатқанды тәуір көретін, мынау білгіш екен деп айтсын дегендердің ұйқастырып жүргендері ғана біздіңше.
Шаян өзенінің қандай кең де мол сулы өзен болғандығын ескі арналарына қарап байқауға әбден болады. Қазіргі Бәйдібек көшесінен қарсы беттегі жарға дейін созылған ені бір шақырымнан көп болмаса, аз емес. Жоғары қарай өрлесек, Үлкен Шаян, Кіші Шаян өзендерінің мол суы таулы Қапшағайға кіріп, шығар ауыздан бастап тұтасып Шаян аталатын өзеннің арнасы қазіргі Қазата, Таңатар ауылдарын басып өтіп, жайыла аққандығын көзбен-ақ мөлшерлеуге болады. Ал мұндай мол сулы өзеннің жырауларымыздың жырға қосқанындай «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған», жағасы ну ағаш болғандығы және анық. Өйткені Қапшағай тоспасы буылғанға дейінгі суы азайған өзен арналарын көмкере өскен қалың сәмбі-талды, ну қамыстақ пен шүйгінді көкмайсасын көзімізбен көргенбіз. Бұған дейін байқалмаған жыңғылдың пайда болуы да бекершілік пе? Осыған қарағанда бұрын өзен жағасында бұл ағаш түрі де өскен. Демек, мұндай мол сулы өзенде шаян жәндігінің болмауы тағы да мүмкін емес. Бұл туралы бұған дейін де «Алғабас» газетінде (№2, 6 қаңтар, 2018 жыл) жазғанбыз. «Тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйіні» - құрметті шаяндықтар, өз сөзімізден өзіміз шошып парсы мен қытайға кезек-кезек теліп, алыстарға ат арытпай-ақ, ұлттық ұғымымызда бар, бәрімізге түсінікті «Шаян» деген өзіміздің төл сөзімізді ары тарт пен бері тарттан сақтап, тыныштық берейік. Шаян - қазақтың төл сөзі.

                                                         Бағдат ҚАЛАУБАЙ,
                            Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
14 маусым 2019 ж. 689 0