Қазақ қызы
Тарихы жарты ғасырға жуықтаған Жаңақорғандағы жауқазындар ұясының парасатты ұрпақ тәрбиесінде табанды тірлік жасап, жұмысбасты ата-ананың жанашыры болғанына ел куә. Бас-аяғын қосқанда бес саусағымызды бүгіп қана қоятын сол балабақшаларымыздың басына қара бұл үйірген тоқсан жетінші жылдардың теңмойын саясаты шаттыққа толы шаңырақтардың есігіне қара құлып салудан шімірікпеді. Қараорынның тыныс-тірлігіне қан жүгіртіп тұрған қазына қаржысынан қағылған соң қанша жерден жаның ашып шырқырағаныңмен қылар шараң қайсы? Бірақ өнермен өжеттік, барынша бейнеткештік, ең бастысы ақ жүректі жомарттық болған жерде жолсыздан жол тауып, үмітті үкілеуге болады екен. Осындай жанкешті әуенімен өзі басқаратын орталықтағы №2 «Балдырған» балабақшасын жаптырмай сақтап қалған Сақтағанова Айзада апайымызды өз аты мен тегіне адалдық таныта білген, бүгінде кенттің өзінде саны 42-ге жетіп жығылған балалар мекенінің көшбасында тұрған тұлға десек жаңылыспаймыз.
Таза ниетті Тәңір сүйеді
Бар ғұмырын баламен байланыстырған адамның жаны таза, жүрегі нәзік келеді. Кешегі кеңестік кезеңнен бері келбетіне кір жуытпай келе жатқан сәбилер мекенін мейіріммен мәпелеген тәлімгерлер қауымының қаншама рет өткізген шараларына қатысып, жүріп байқағанымыз, бала десе жүрегін суырып берер сүйіспеншілік осында еңбек ететіндердің барлығына тән.
Негізінде ұжымды айрандай ұйытып, ортақ намыс пен нартәуекелге бастайтын бір күш бар. Ол – мүдде бірлігі.
Осыдан жиырма шақты жыл бұрын болу керек, орталықтағы «Арман» Мәдениет үйінде №2 «Балдырған» балабақшасы ұжымы өнер көрсетін болып, халықты жинады. Сахна шымылдығы түрілгенде жарқырап киінген ұлт аспаптар оркестрінің құрамын көріп таң-тамаша қалдық. Балалар мекені жанынан құрылған «Сыр Сұлуы» ансамблі орындауында қазақтың ежелгі саз аспаптары – тай тұяқ, сыбызғы, жетіген, сақтан, адырна, шаңқобыз, сазсырнай үнімен ажарланған домбыраның басы әдемі әуені тұла бойымызға толқын жүгіртіп, ерекше әсерге бөлеген еді. Ұлттық рухын жоғалтай, қазақы болмыстың бояуы мен бедерін ұрпақ жадында жаңғыртқан жолын талаптың жарқылы сай-сүйектен өтіп, саналарға сәуле құятындай. Бұл ұжымға тектілік ұялап, тәлімді тағылымның тереңнен тамыр тартуы осындай көзжасындай жақұт жәдігерлерімізді жаңғыртып, жан бітіре білуінде екен-ау деп ой түйдік. Өйткені өткеннің демі – өнегенің кені. Оның салқар самалы ойлы көкірекке нұр құйып, намысыңды қамшылап, қайсар рухқа қауыштырады. Қаныңды қыздырып, жаныңды жадыратады. Тәкаппар тазалық салтанат құрған сәбилер ұясында ұлттық мұраларымызды ұлықтап келе жатқан дәстүр сабақтастығының шынайы қыр-сыры осында жатыр.
Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудің басты міндеті – балғындарға барынша көңіл-күйжайлылығын орнықтыру, әрбіріне өз үйіндегідей еркін сезінуіне жан-жақты жағдай қалыптастыру болып табылады. Бала-бақшада әр бала өзін өзгеше сүйкімді, қайталанбас дара сезінетіндей маңдайынан сипап еркелетіп нақышты назарда ұстау маңызды. Балалар мекені басшысы Айзада Сақтағанованың әр тәрбиешіге қояр талабы осындай.
Осы балабақшада кешегі кезеңнен бері табан аудармай қанатпаса қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман Сәуле Күнходжаева:
– Жұмысқа келгенде апайдың талабы өте қатал. Өз жұмысын селсоқ атқаратын босбелбеулікті кешірмейді. «Балабақша табалдырығынан аттаған сәттен жеке бас анау-мынау мәселелеріңді сілкіт таста да жайдары қалпыңмен қауышып, елдің баласының көңіліне қуаныш сыйлауға асық. Сенің қасиетті міндетін бұл» деп жиі ескертіп отырады. Осы қағиданы темірқазық еткен тәлімгерлерге ықыласы ерек, – дейді бізбен әңгімесінде.
Үлкен жүректі ана, ұрпақ тәрбиесінің жанашыры болып келе жатқан Айзада апайды бізде көптен жақсы білеміз. Талай рет мекемесінде болып, оқу-тәрбие процесіне жанашырлықпен ендірген жаңашылдықтарына куә болып, оны көпке насихаттап, ақпараттандыруда ықыласты демеуімізді алған емеспіз. Сонда байқап жүрміз ғой, көңілмен титтей нәрсені қалт жібермеуге тырысады екен. Қарамағындағылардың қас-қабағына қарап-ақ көңілдегі кірбіңін аңғара қоятын сезімтал жан жәрдем қажет еткенге моральдық та, материалдық та қол-ұшын аямай, қолдап-қуаттап отыруды азаматтық парызым деп санайды екен. Қарап отырса мойнына асып, қолмен атқарған сол қайрымдылық қадамдарының барлығы болашақ баянды бақытынық қазығына айналып, қоғамдағы қайраткерлік болмысын биіктетіпті.
Ұстаз болу – жүректің батылдығы
Ұстаздық – ұлы ұғым. Кәсіп емес, ұрпақтан ұрпаққа қанмене қасетпен берілетін бекзат болмыс. Әкесі Абдрахман ұстаз болған, көп жылдар білім саласын басқарған тұлға. Айзаданың бойындағы мөлдір тазалық, көптің игілігіне жарасам деген құштарлық сол ата-ана бойынан балаға ауысқан асқақ үлгінің айнымас қағидасы.
«Ұстаз болу – жүректің батылдығы» деп ақын жырға қосқанындай, тәлімгерлікті қалап, талабына қанат байлаған ару асқақ арманды арқалап, Қостанай облысы, Амангелді ауданындағы Амангелді Иманов атындағы орта мектепті үздік бағаға тәмамдаған соң Алматыдағы Қыздар мемлекеттік институтының Химия-биология факультетіне оқуға түседі.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының мынадай сөзі бар: «Қыз баланы батырға теңер ем. Бір ғана күнде өзі ешқашан көріп білмеген жат жұртқа қонып, сол отанның басыбүтін тізгінін қалына алып, тірлігіне телініп кете барар тәуекелдігіне таң қаламын» деп ерекше бағалайтыны бар емес пе? Батырдың сөзінің тағы бір дәлелі, Алматы медицина институтында оқып жүрген Сырдың серісімен көңіл жарастырып, жаңа өмір бастаған бойжеткен 1975 жылы Жаңақорғанда келін болып түсті «Оңтүстіктің салт-дәстүрі бөлекше. Ауыл сынына шыдай аласың ба, жоқ па? – деп қауіп қылып, қамын жеген құрбыларының сөзін де құптамады. Бала кезден өзіне тән жігерлі мінезімен жүрек әміріне бағынып, болашақ тағдырының ақжелкен арманын өмірлік серігіне басы бүтін аманаттады.
Әрине, алғашқыда оңтүстіктің ауа-райының өзіне көндігу оңай болмады. Қостанайдың қоңыр-самал климатында басынан күн өтіп көрмеген бұла жас әсіресе жаздың аптап ыстығында алшысы қуырылып, кең дүние тарылып кеткендей қысылғанда жыларман күйге түсетін. Ыстықтың беті қайтқанын тағатсыздана күтіп күн санап жүретін бұған «Бұл ештеңе емес, әлі алда қауын пісетін ыстықтар бар» деген сөз ауыр үкілмен ары естілген күндер күні кешегідей есінде. Бұл жақта барлығы бөгде барлығы жат, табиғаты да тосын, ауылын сағынғанда жазғы аспанға жәудірей қарап бала кезден көзі қанып өскен жетіқарақшыны тауып алып, соған ғана мұң шағып, сағынышын бөліскен қымбат шақтар да артта қалыпты.
Бүгінде Нәбиевтер отбасының қадірлі қазығы ғана емес, ағайын-туыстың алтын көпірі, елдің анасы деңгейіне жеткен тұғыр биігіне ол нешеме өмір сынағынан өтіп барып келгенін жасырмайды. Соның барлығында әділдігі әлге қуат болды, мейірім-шапағаты жанына шуақ болды. Аспады, таспады, аласармады. Қай кезде ынсаптан аспаған, күмән іске аяқ баспаған адал пенделінің мерейін үстем қояр табиғаттың заңдылығынан таяныш тапты.
Айзада апай бүгінге дейінгі өмір жолы туралы былай деп әңгімелейді:
– Көзімді ашқаннан ұрпақ тәрбиесі жұмысына көңіл қанықтырып өскендіктен бүкіл саналы ғұмырымды осы бағытқа арнаған адаммын. Еңбек жолымды тәрбиеші болып бастадым. Кейін осы балабақшаның меңгерушісі болдым. 1997 жылы балалар мекенін жаппай қысқарту туралы қаулының негізінде балабақшалар жабылып, облыста екі ғана балабақша аман қалдық. Оның бірі қаладағы балабақшаны неміс ұлтының өкілі басқаратын Аман алып қалғанда тапқан әдіс-айламыз, бар жұмысты жеке жауапкершілігімізге алып, тірлікті тұралатпауға белді бекем буып кірістік. Бұл жерде әрине, бірінші қаржы мәселесі оны шешуде сауда нүктелерін ашып, табыс түсіруге ден қойдық. Қарамағымдағы қызметкерлерімізбен жабылып кәсіп қылып, пайда табудың жолдарын қарастырдық. Соның барлығы баланың қамы еді. Екіншіден қаншама адам қысқарып, жұмыссыз қалудың дағдарысын бастан кешпесе екен, жаңа жүйеге бейімделіп, бойымызды тіктеп, аяққа ұрып кетсек екен деген ізгі ниеттен туған болатын. Осы орайда жолдасымның қамқор-қолдауын ерекше айтып кеткенім орынды. Міне осындай тату тірлігіміз бен баянды бірлігіміздің нәтижесінде балақандардың ұясын сақтап қала алдық.
Қазір балабақшалар жағдайы мемлекеттің толық назарында. Мектеп дейінгі жастағы жеткіншектерді балабақшамен толық қамтуда жеке әріптестікпен қарым-қатынас негізінде жеке балабақшалар саны артты. Сонымен қатар балғындарға барлық жағдай жасалған. Бұл игілікті бағдарламалар біздің жұмысымызға да үлкен серпін беріп отыр. Материалдық жарақтану бір басқа, сәби жүрегі шаттыққа кенелтер жылулықты кемітіп алмасақ екен деймін. Бұл орайда өзім тәрбиелеген, бүгінде қатар тер төгіп келе жатқан балабақша бағбандары Шерубаева Гүлжанның, Күнқожа Сәуленің, Исабаева Розаның, Керімқұлова Күләштің, Қалменова Шырынның есімдерін бүгінгі мерекеде айрықша айтқым келеді.
Ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, саланың түрлі марапаттауларын алған Айзада апай «Ы.Алтынсарин» медалының иегері болса, ері Аман Нәбиев денсаулық саласының үздігі. Еекуінен өрбіген перзенттері де халық қызметінің сан саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Тұңғыштары Ғалымжан жоғары санатты дәрігер, келіні Гүлмира «Бөбек – Арай» балабақшасы меңгерушісі, Алмагүл әке жолымен дәрігерлікті қаласа, Асылжаны заң қызметкері, Меруерт – экономист.
1998 жылдан бастап жекелендіріліп «меруерт» атауын алған балабақшаның бүгінгі келбеті көп өзгерген. Сүйегі мықты қараорынның қабырғалары көп күтімнің арқасында көркін жоғалтпай, қол өнері туындыларымен ерекше жасанып, алыстан көз тартады. Ертегі қалашығы жеткіншектерге өзге әлемге енгендей әсер сыйлайды. Бәрі қолдан жасалған төл туындыларға бала тұрмақ үлкендердің де таң қылып, көңіліңді жұмбақ сиқырымен арбайды. Жаздық спорт алаңы бассейн, түрлі ойын құралдары әр баланың қалауына қызмет жасап тұр. 22-наурыз – Ұлыстың ұлы күнін мерекелеп, бұрын осы ұжымда еңбек еткен ардагерлерді, ата-аналарды шақырып, батасын алу – бұл ұжымның айнымас дағдысы. «Батаменен ел көгерер» дегендей, ақжаулықты аналарымызға құрмет көрсету арқылы кейінгі толқынның бір*бірінің сыйластығына негіз қалауды мұрат тұтқан Айзада апай басқаратын «Меруерт» балабақшасы үшін көктемнің мерекелі – үлкен қуаныш, үлкен той.
Ия, көктем – тіршіліктің бастауы. Ал оның жүрегі – ана. Үлкен аналық жүрегінен жылуымен отбасының ғана емес, қоғамның тірегі болып, қайраткерлігімен танылып келе жатқан Айзада Сақтағанова туралы бір үзік сыр осы.
Баян ҮСЕЙІНОВА.