Бақыт биігі
Тарихы жарты ғасырға жуықтаған Жаңақорғандағы жауқазындар ұясының парасатты ұрпақ тәрбиесінде табанды тірлік жасап, жұмысбасты ата-ананың жанашыры болғанына ел куә. Бас-аяғын қосқанда бес саусағымызды бүгіп қана қоятын сол балабақшаларымыздың басына қара бұлт үйірген тоқсан жетінші жылдардың тоңмойын саясаты шаттыққа толы шаңырақтардың есігіне қара құлып салудан шімірікпеді. Қараорынның тыныс-тірлігіне қан жүгіртіп тұрған қазына қаржысынан қағылған соң қанша жерден жаның ашып шырқырағаныңмен қылар шараң қайсы? Бірақ өлермен өжеттік, барынша бейнеткештік, ең бастысы ақ жүректі жомарттық болған жерде жолсыздан жол тауып, үмітті үкілеуге болады екен. Осындай жанкешті тәуекелімен өзі басқаратын орталықтағы №2 «Балдырған» балабақшасын жаптырмай сақтап қалған Сақтағанова Айзада апайымызды өз аты мен тегіне адалдық таныта білген, бүгінде кенттің өзінде саны 42-ге жетіп жығылған балалар мекенінің көшбасында тұрған тұлға десек жаңылыспаймыз.
Таза ниетті Тәңір сүйеді
Бар ғұмырын баламен байланыстырған адамның жаны таза, жүрегі нәзік келеді. Кешегі кеңестік кезеңнен бері келбетіне кір жуытпай келе жатқан сәбилер мекенін мейіріммен мәпелеген тәлімгерлер қауымының қаншама рет өткізген шараларына қатысып жүріп байқағанымыз, бала десе жүрегін суырып берер сүйіспеншілік осында еңбек ететіндердің барлығына тән.
Негізінде ұжымды айрандай ұйытып, ортақ намыс пен нартәуекелге бастайтын бір күш бар. Ол – мүдде бірлігі.
Осыдан жиырма шақты жыл бұрын болу керек, орталықтағы «Арман» Мәдениет үйінде №2 «Балдырған» балабақшасы ұжымы өнер көрсететін болып, халықты жинады. Сахна шымылдығы түрілгенде жарқырап киінген ұлт аспаптар оркестрінің құрамын көріп таң-тамаша қалдық. Балалар мекені жанынан құрылған «Сыр Сұлуы» ансамблі орындауында қазақтың ежелгі саз аспаптары – тайтұяқ, сыбызғы, жетіген, шаңқобыз, сазсырнай үнімен ажарланған баян мен домбыраның әдемі әуені тұла бойымызға толқын жүгіртіп, ерекше әсерге бөлеген еді. Ұлттық рухын жоғалтпай, қазақы болмыстың бояуы мен бедерін ұрпақ жадында жаңғыртқан жалын талаптың жарқылы сай-сүйектен өтіп, саналарға сәуле құятындай. Бұл ұжымға тектілік ұялап, тәлімді тағылымның тереңнен тамыр тартуы осындай көзжасындай жақұт жәдігерлерімізді жаңғыртып, жан бітіре білуінде екен-ау деп ой түйдік. Өйткені өткеннің демі – өнегенің кені. Оның салқар самалы ойлы көкірекке нұр құйып, намысыңды қамшылап, қайсар рухқа қауыштырады. Қаныңды қыздырып, жаныңды жадыратады. Тәкаппар тазалық салтанат құрған сәбилер ұясында ұлттық мұраларымызды ұлықтап келе жатқан дәстүр сабақтастығының шынайы қыр-сыры осында жатыр.
Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудің басты міндеті – балғындарға барынша көңіл-күй жайлылығын орнықтыру, әрбіріне өз үйіндегідей еркін сезінуіне жан-жақты жағдай қалыптастыру болып табылады. Балабақшада әр бала өзін өзгеше сүйкімді, қайталанбас дара сезінетіндей маңдайынан сипап еркелетіп, нақышты назарда ұстау маңызды. Балалар мекені басшысы Айзада Сақтағанованың әр тәрбиешіге қояр талабы осындай.
Осы балабақшада кешегі кеңестік кезеңнен бері табан аудармай қанаттаса қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман Сәуле Күнходжаева:
– Жұмысқа келгенде апайдың талабы өте қатал. Өз жұмысын селсоқ атқаратын босбелбеулікті кешірмейді. «Балабақша табалдырығынан аттаған сәттен жеке бас анау-мынау мәселелеріңді сілкіп таста да жайдары қалпыңмен қауышып, елдің баласының көңіліне қуаныш сыйлауға асық. Сенің қасиетті міндетін бұл» деп жиі ескертіп отырады. Осы қағиданы темірқазық еткен тәлімгерлерге ықыласы ерек, – дейді бізбен әңгімесінде.
Үлкен жүректі ана, ұрпақ тәрбиесінің жанашыры болып келе жатқан Айзада апайды біз де көптен жақсы білеміз. Талай рет ұжымында болып, оқу-тәрбие процесіне жанашырлықпен ендірген жаңашылдықтарына куә болып, оны көпке насихаттап, ақпараттандыруда ықыласты демеуімізді аяған емеспіз.
Сонда байқап жүрміз ғой, көреген көңілінен титтей нәрсені қалт жібермеуге тырысады екен. Қарамағындағылардың қас-қабағына қарап-ақ көңілдегі кірбіңін аңғара қоятын сезімтал жан жәрдем қажет еткенге моральдық та, материалдық та қол-ұшын аямай, қолдап-қуаттап отыруды азаматтық парызым деп санайды екен. Қарап отырса мойнына алып, қолмен атқарған сол қайырымдылық қадамдарының барлығы болашақ баянды бақытының қазығына айналып, қоғамдағы қайраткерлік болмысын биіктетіпті.
Ұстаз болу – жүректің батылдығы
Ұстаздық – ұлы ұғым. Кәсіп емес. Ұрпақтан ұрпаққа қанмен, қасиетпен берілетін бекзат болмыс. Әкесі Абдрахман Сақтағанов ұстаз болған, көп жылдар білім саласын басқарған тұлға. ҚР Білім беру ісінің үздігі. Айзаданың бойындағы мөлдір тазалық, көптің игілігіне жарасам деген құштарлық сол ата-ана бойынан балаға ауысқан асқақ үлгінің айнымас қағидасы.
«Ұстаз болу – жүректің батылдығы» деп ақын жырға қосқанындай, тәлімгерлікті қалап, талабына қанат байлаған ару асқақ арманды арқалап, Қостанай облысы, Амангелді ауданындағы Амангелді Иманов атындағы орта мектепті үздік бағаға тәмамдаған соң Алматыдағы Қыздар мемлекеттік институтының Химия-биология факультетіне оқуға түсіп, мұғалімдік мамандық алады.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының мынадай сөзі бар: «Қыз баланы батырға теңер ем. Бір ғана күнде өзі ешқашан көріп білмеген жат жұртқа аттанып, сол отанның басыбүтін тізгінін қолына алып, тірлігіне телініп кете барар тәуекелдігіне таң қаламын» деп ерекше бағалайтыны бар емес пе? Батырдың сөзінің тағы бір дәлелі, Алматы медицина институтында оқып жүрген Сырдың серісімен көңіл жарастырып, жаңа өмір бастаған бойжеткен 1975 жылы Жаңақорғанға келін болып түсті «Оңтүстіктің салт-дәстүрі бөлекше. Ауыр сынына шыдай аласың ба, жоқ па?» – деп қауіп қылып, қамын жеген құрбыларының сөзін де құптамады. Бала кезден өзіне тән жігерлі мінезімен жүрек әміріне бағынып, болашақ тағдырының ақжелкен арманын өмірлік серігіне басы бүтін аманаттады.
Әрине, алғашқыда оңтүстіктің ауа-райының өзіне көндігу оңай болмады. Қостанайдың қоңырсамал климатында басынан күн өтіп көрмеген бұла жас әсіресе жаздың аптап ыстығында апшысы қуырылып, кең дүние тарылып кеткендей жүрегі қысылғанда жыларман күйге түсетін. Ыстықтың беті қайтқанын тағатсыздана күтіп күн санап жүретін бұған «Бұл ештеңе емес, әлі алда қауын пісетін ыстықтар бар» деген сөз ауыр үкімнен ары естілген күндер күні кешегідей есінде. Бұл жақта барлығы бөгде, барлығы жат, табиғаты да тосын, ауылын сағынғанда жазғы аспанға жәудірей қарап бала кезден көзі қанып өскен Жетіқарақшыны тауып алып, соған ғана мұң шағып, сағынышын бөліскен қымбат шақтар да артта қалыпты.
Бүгінде Нәбиевтер отбасының қадірлі қазығы ғана емес, ағайын-туыстың алтын көпірі, елдің анасы деңгейіне жеткен тұғыр биігіне ол нешеме өмір сынағынан өтіп барып қол жеткізгенін жасырмайды. Соның барлығында әділдігі әлге қуат болды, мейірім-шапағаты жанына шуақ болды. Аспады, таспады, аласармады. Қай кезде ынсаптан аспаған, күмән іске аяқ баспаған адал пендесінің мерейін үстем қояр табиғаттың заңдылығынан таяныш тапты.
Айзада апай бүгінге дейінгі өмір жолы туралы былай деп әңгімелейді:
– Көзімді ашқаннан ұрпақ тәрбиесі жұмысына көңіл қанықтырып өскендіктен бүкіл саналы ғұмырымды осы бағытқа арнаған адаммын. Еңбек жолымды тәрбиеші болып бастадым. Кейін осы балабақшаның меңгерушісі болдым. 1997 жылы балабақшаларды жаппай қысқарту туралы Қаулының негізінде балабақшалар жабылып, облыста екі ғана балабақша аман қалдық. Оның бірі – қаладағы балабақшаны неміс ұлтының өкілі басқарады екен. Мекемемізді аман алып қалғанда тапқан әдіс-айламыз, бар жұмысты жеке жауапкершілігімізге алып, тірлікті тұралатпауға белді бекем буып кірістік. Бұл жерде әрине, бірінші қаржы мәселесі өзекті, оны шешуде кәсіп ашып, табыс түсіруге ден қойдық. Қарамағымдағы қызметкерлерімізбен жабылып кәсіп қылып, пайда табудың жолдарын қарастырдық. Соның барлығы баланың қамы еді. Екіншіден қаншама адам қысқарып, жұмыссыз қалудың дағдарысын бастан кешпесе екен, жаңа жүйеге бейімделіп, бойымызды тіктеп, аяққа тұрып кетсек екен деген ізгі ниеттен туған болатын. Осы орайда отбасымдағы жолдасымның қамқор-қолдауын ерекше айтып кеткенім орынды. Міне осындай тату тірлігіміз бен баянды бірлігіміздің нәтижесінде балақандардың ұясын сақтап қала алдық.
Қазір балабақшалар жағдайы мемлекеттің толық назарында. Мектепке дейінгі жастағы жеткіншектерді балабақшамен толық қамтуда жеке әріптестікпен қарым-қатынас негізінде балабақшалар саны артты. Сонымен қатар балғындарға барлық жағдай жасалған. Бұл игілікті бағдарламалар біздің жұмысымызға да үлкен серпін беріп отыр. Материалдық жарақтану бір басқа, сәби жүрегін шаттыққа кенелтер жылулықты кемітіп алмасақ екен деймін. Бұл орайда өзім тәрбиелеген, бүгінде қатар тер төгіп келе жатқан балабақша бағбандары Шерубаева Гүлжанның, Күнқожаева Сәуленің, Исабаева Розаның, Керімқұлова Күләштің, Қалменова Шырынның есімдерін бүгінгі мерекеде айрықша айтқым келеді, – дейді ол.
Ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, саланың түрлі марапаттауларын алған Айзада апай «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері болса, ері Амангелді Нәбиев денсаулық сақтау саласының үздігі, "ҚР Жоғары дәрежелі стоматологы" белгісінің иегері. "Дентомед" ЖШС-ын басқарып отыр. Екеуінен өрбіген перзенттері де халық қызметінің сан саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Тұңғыштары Ғалымжан жоғары санатты дәрігер, келіні Гүлмира кентіміздегі «Бөбек – Арай» балабақшасының меңгерушісі, Алмагүл әке жолымен дәрігерлікті қаласа, Асылжаны заң қызметкері, Меруерт – экономист.
1998 жылдан бастап жекешелендіріліп «Меруерт» атауын алған балабақшаның бүгінгі келбеті көп өзгерген. Сүйегі мықты қараорынның қабырғалары көп күтімнің арқасында көркін жоғалтпай, қол өнері туындыларымен ерекше жасанып, алыстан көз тартады. Ертегі қалашығы жеткіншектерге өзге әлемге енгендей әсер сыйлайды. Бәрі қолдан жасалған төл туындылар бала тұрмақ үлкендерді де таң қылып, көңіліңді жұмбақ сиқырымен арбайды. Жаздық спорт алаңы, бассейн, түрлі ойын құралдары әр баланың қалауына қызмет жасап тұр.
22-наурыз – Ұлыстың ұлы күнін мерекелеп, бұрын осы ұжымда еңбек еткен ардагерлерді, ата-аналарды шақырып, батасын алу – бұл ұжымның айнымас дағдысы. «Батаменен ел көгерер» дегендей, ақжаулықты аналарымызға құрмет көрсету арқылы кейінгі толқынның бір-бірінің сыйластығына негіз қалауды мұрат тұтқан Айзада апай басқаратын «Меруерт» балабақшасы үшін көктемнің әр күні – үлкен қуаныш, үлкен мереке.
Ия, көктем – тіршіліктің бастауы. Ал оның жүрегі – ана. Үлкен аналық жүрегінің жылуымен отбасының ғана емес, қоғамның тірегі болып, қайраткерлігімен танылып келе жатқан Айзада Абдрахманқызы туралы бір үзік сыр осындай.
Баян ҮСЕЙІНОВА.