Білім бәсекесінде бәсі биік...
№229 Абызтөбе мектебі шалғайда орналасқан демесеңіз бүгін білім берудің талап-міндеттеріне сай жұмысын жүйелеп, айтарлықтай жетістікке жетті. Оған мектеп оқушыларының аудандық, облыстық, интеллектуалды сайыстарда жеткен жетістіктері дәлел.Тіпті, аудандағы «Алтын белгі» көптеп шығарған санаулы мектептің бірі. Сондықтан Қаратөбе ауылдық округіндегі білім ордасына арнайы барып қайттық.
Иә, Жеңіс Манамбаев басшылық ететін мектепте соңғы үш жылда екі «Алтын белгі», екі «Үздік аттестат» иегері шыққан.
– Елімізде білім мен ғылымды дамытудағы басты мақсат – бәсекеге қабілетті ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. Бұл дегеніміз адами капиталдың маңыздылығын арттыру деген сөз. Осы ретте мектеп ішінде атқарылып жатқан істер де аз емес. 2015-2016 жылы – бір «Алтын белгі», бір «Үздік аттестат» болып, ҰБТ қорытындысы брйынша орташа көрсеткіш – 85 балл, 2016-2017 жылы – бір «Алтын белгі», бір «Үздік аттестат» болса, көрсеткіш – 73 балды құрады. Айта кететіні, соңғы үш жылда мектептен 36 грантпен оқушылармыз еліміздің түкпір-түкпірінде білім алуда, – деді директор.
«Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», – деп бірінші ұстаз Аристотель айтқандай, білім мен өнер болашағымыздың жарқын болуына бірден-бір кепіл.
Саннан сапаға сапар шегу жолындағы мұғалімнің жаңа ғасырға берер жауабы дайын болу керек. Өйткені талабы күшті қоғамның ағысы қатты. Ал сол ағысқа қарсы шәкіртті дайындау тағы да мұғалімнің еңбегі екенін ұмытпағанымыз жөн.
«Алты алаштың басы қосылса төр мұғалімдікі» деп Мағжан ақын айтпақшы №229 «Абызтөбе» мектебінің ұстаздарының біліктілік деңгейімен де танысып өтейік. Онымен бізді мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Назгүл Андақұлова таныстырды.
– ХХІ ғасыр ол білім мен мәдениеттің, техника мен өнердің бәсекеге түскен заман.кезеңі. Қазіргі кезде адамдар бұрынғы жаугершілік замандағыдай білек күшімен емес ақылдың, білімнің күшімен өзін көрсете білуге міндетті. Ал, талапты, талантты жастардың қалыптасуында ұстаздар шешуші рөлге ие. Сондықтан мұғалімдердің біліктілігін арттыру маңызды. Кембридж бағыты бойынша деңгейлік курстан 10, соның ішінде, бірінші деңгейлісі – 3, екінші деңгейлісі – 2, үшінші деңгейден – 8 мұғалім өтсе, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білімін жетілдірген мұғалімдер саны – 30, қысқа мерзімді курстан өткені – 5. Ақылы негізде өз бетімен біліктілігін артыру курстарынан өткен мұғалімдер саны – 24 мұғалімге жетті, – дейді директордың орынбасары.
Қазіргі кезде оқимын, қажетті білім аламын деп талаптанған адамға ешқандай да кедергі жоқ. Ақпараттың заманы болғаннан кейін ізденіп, талаптанған адам баласына бәрі де оңай көрінуі мүмкін. Аталған мектепте Ұлдана Аралбай Республикалық ғылыми жобада топ жарды, Дәулет Сұлтанғали республикалық ақындар мүшайрасынан қарсыластарынан дара шықты. Алма Сыздықова, Медет Мәдиұлы облыстық ғылыми жобадан жүлделі болды. Республикалық волейболдан Еңлік Бимахан, Шапағат Назарханқызы, Айша Есен үшінші сатыдан көрінсе, облыстық эссе жазудан Шапағат Назархан қабілетін көрсетіп, жүлдеге ілікті және республикалық «Ұлы даланың жеті қыры» байқауында мультфилмге сценарии жасап Зерек Ғалымұлы 3 орыннан көрінді және тағы басқа оқушылар биік-биік белестерді бағындырды.
Қазіргі таңда мектепте 73 мұғалім, оның ішінде 1 зерттеуші, 5 модератор, 3 жоғары санатты, бірінші санатты 34, Жаңартылған бағдарлама бойынша 30, деңгейлік 10 мұғалім біліктілігін арттырып, шәкірттеріне сапалы білім беруде. Солардың ішінде, ерекше қызметімен көзге түсіп еңбектері еленгендер де баршылық. Атап айтсар болсақ, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мәди Өтегенов, Гүлшахар Арғынбаева, Алма Сыздықова, Ғалым Нақышбеков, Бастауыш сынып мұғалімі Гүлбар Сарсенбаева, Туленов Бахавадин, Меруерт Нүрғали, Дариға Бекболатова, Бибіжамал Маменова, Қарлығаш Бейсенова, Гүлдерай Абуова, Нұрлан Жүсіпов және Ғалым Нақышбеков сынды мұғалімдер Жеңіс Абайұлы басқаратын білім ордасының нағыз өз ісінің мамандары.
– Кәсіби мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруде Күләйхан Боранбаева жұмыс жасаса, бастауыш сыныптар арасында да бастауыш сыныпқа толығымен жауап беретін Орынбасар Сәрсенбекованың жұмыстары атап өтуге тұрарлық. Өйткені мектебіміздің бірі алғаш әріпті тануына себепкер болса, екіншісі қанат қағу жолында мамандық таңдауға себепші. Болашақтың кілті – білімде екенін ескерсек, білім арқылы бәсекеге түсу заман талабы. Бір сөзбен айтқанда, білімі сапалы, жаңа технологияны меңгерген ұлт қана көшбасшы елдің қатарынан көрінеді. Біздер осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз, – деді мектеп басшысы.
Арнайы спорт залы, асханасы, робототехника, информатика кабинеті толықтай қажетті құрылғылармен жабдықталғанын көзіміз көрді. Бәсекеге қабылетті болу үшін дамудың жолын іздеген ұтады. Ол үшін тәжірибе алмасып, өзгелерден өзіңе керектіні үйрену жетістікке жетелейді. Осыны ескерген мектеп ұжымы өзге өңірлердегі білім ордаларымен тәжірибе алмасып та отырады екен.
Лаура Бибасарова.