БІЛІМДІЛІК – МАҢЫЗДЫ КӨРСЕТКІШ
Соңғы жылдары ҰБТ қорытындысы бойынша Төменарық ауылындағы №223 орта мектептің көрсеткіші үздіктер қатарынан көрінуге сеп болуда. Мәселен, былтыр ҰБТ қортындысымен 91,7 балл жинап, мектептер арасында төртінші сатыға жайғасты. Ал, 2016 жылы тестілеу нәтижесінде 92,6 баллмен ауданда көш бастаса, облыста үздік үш білім ордасының қатарынан көрінді. Білім беруде өзіндік дәстүрі қалыптасқан мектептің алғашқы қоңырауына біз арнайы бардық.
Құшақтары гүлге, көңілдері нұрға толған мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушыларының жақұттай жанарынан білімге деген құштарлық оты жарқырап тұрды. «Сыңғырла – күміс қоңырау» тақырыбымен өрбіген салтанатты жиында мектеп директоры Болат Әбен ашып:
– Біздің мектептің білім беру саласында жеткен жетістіктері аз емес. Бұл мектеп ұстаздарының ізденімпаздықпен ұштасқан біліктілігі мен оқушылардың білімге деген құштарлығының арқасы. Осы беталыстарыңыздан таймай, мектептің абройын асқақтатып, мерейін асыра беріңіздер, – деді. Әрі 2017-2018 оқу жылында өз біліктілігін дәлелдеп, үздіктер қатарынан көрінген бір топ ұстазды марапаттады.
Айта кететіні, аталмыш білім ошағы соңғы үш жылда Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша ауданда үздік бестіктің қатарында көрініп жүр. Мәселен, былтырғы оқу жылында бітірген 33 түлектің, 3-і «Алтын белгі» алса, 9 оқушы елдің әр аймағындағы оқу орындарының грант игері. Сонымен қоса, 12 шәкірт «Серпін» бағдарламасының грантына түссе, қалған түлектің барлығы ақылы негізде білімдерін шыңдауда.
– Білім күні – мерекелердің ең маңыздысы. Өйткені, өмірдің мәні тәрбиемен ұштасқан білімде. ХХІ ғасыр – білімділер мен біліктілердің заманы. Ендеше, білім сапасын маңызды көрсеткіш ретінде санап, жастарға сапалы білім беріп, біліктілігін арттыра беріңіздер, – деп құттықтаған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сәулебек Ысқақов тәжірибелі ұстаз Балқия Биділлаеваға аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.
Сондай-ақ, мектептің ізденімпаз, озат оқушысы Қарақат Дүйсенбек аудандық білім бөлімінің арнайы сыйлығын иемденді.
Соңында оқушылар мерекеге арнап би билеп, ән шырқап, мектеп шаңырағын шаттыққа бөлеп, білім күнінің мерейін еселей түсті.
Р.S.: Иә, сыңғырлай соғылған күміс қоңыраумен бастау алып, салатанатты шараның шымылдығын жапқан қоңыраудың әсем үнінен білімге бастар құштарлық пен ыстық лебіздің жылуы сезіліп тұрды.
Айсұлу АЛДАНАЗАР.
Пікір 2