» » КӘСІП ЖАНДАНУЫ ҮШІН ЖАҢҒЫРУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

КӘСІП ЖАНДАНУЫ ҮШІН ЖАҢҒЫРУЫМЫЗ ҚАЖЕТ


Ел әлеуетінің біркелкі дамып, тұрмыс-тіршілігімізде берекенің орнығуы биік мақсатқа бағытталған батыл шешімге де байланысты. Бұл ретте еңбек етемін деген азаматтың ерік-жігерін еселеп, қолдау білдіретін қанатты жобалар қатары көбейіп келеді.

Жұма күні аудан әкімінің мәжіліс залында кәсіпкерлермен бас қосқан арнайы топ Арал ауданынан бастап тұрғындармен ашық есік күнін өткізіп, кәсіпкерлік бағытында барлық ереже, нұсқаулықтарды түсіндіріп, келе жатқаны туралы хабардар етті.
Ақпарттық қолжетімділік түрі ашық қоғамның алғышарты іспетті.
Жиынды ашқан аудан әкімі орынбасары Ғалымжан Сопбеков өңір басшысының тапсырмасымен алдағы уақытта белгілі кәсіппен айналысуға ынталы азаматтарға ықыласты кеңестерін бөліскелі келген арнайы топ құрамымен таныстырды. Алғаш болып облыстық кәсіпкерлік палатасы бөлім басшысы Мұрат Балабаев сөз алды.
– Елбасы Жолдауында қарапайым заттар экономикасы саласын дамытып, импортты алмастыру міндеті бойынша кешенді шаралар бекітілді. Осыған сәйкес 600 млрд теңге қаражат бөлініп, қарапайым заттар экономикасын дамыту бойынша жеңілдетілген несие беру басталды. Бағдарлама іске қосылғалы бір ай мерзім өтті. Облыста жалпы сомасы 112,3 млрд теңге құрайтын 110 жоба қаралып жатыр. Оның ішінде 5 жоба мақұлданды, 10 жоба банк қарауында, – деді ол.
Жеңілдетілген несие бағдарламасы негізінде айналым қаражатын толықтыру мәселесін шешеді. Бұл бағдарламаға республика бойынша 9 банк қатысады екен. Облысымызда оның жетеуі жұмыс істеп тұр. Олар: Халық Банк, АТФ, Еуразиялық банк, Forte Bank, Сбербанк, Банк Центр Кредит және Цеснабанк.
Бағдарламаның ерекшелігі: Кәсіпкер сүбъектілеріне банктен 15 пайызға жеңілдетілген несие береді. Оның ішінде «Даму» қоры арқылы мемлекет 15 пайыздың 7 пайызын субсидиялайды. Сонда кәсіпкер алған несиенің 8 пайызын төлеп тұрады. Бұған қоса ауыл шаруашылық саласында 6 тауар түрі бойынша, оның ішінде ет, сүт бағытындағы мүйізді ірі қара, жем-шөп, оның ішінде, жоңышқа өсіру, бақша өнімдері, жеміс-жидек, мақта өсіру өндірісіне ауыл шаруашылық басқармасы арқылы 10% субсидия төленеді. Сонда кәсіпкер 5% ғана төлейді деген сөз.
Қарапайым заттар экономикасы деген не?
Тұрғындардың күнделікті тұтынатын тауарлары. Бұл бағдарлама бойынша 365 тауар позициясын, оның ішінде 118-і азық-түлік өнімдері, 247-сі күнделікті тұтынатын тауарлар: киім-кешек, жиһазға дейін енген. Осыларға қаражат берілуде. Жалпы несие беру, субсидиялау мерзімі 7 жыл. Ал айналым қаражатын толықтыру 50 пайыз инвестициялық мақсатта кепілдендіру механизмі ендіріліп жатыр. Даму қоры кепіл мүліктің 50 пайызын жабады.
Бұл жеңілдетілген несие беру бағдарламасы қаражатқа тірелсе, бұған қоса 365 тауар түрі 4 негізгі бағытқа бөлінеді. Оның ішінде 1 бағыт) Жеңіл өнеркәсіп. 2 бағыт) Азық-түлік, ауыл шаруашылық өнімдері. 3 бағыт) Құрылыс материалдары. 4 бағыт) Жиһаз өнімдерін шығару. Осы бағыттар бойынша бір айдың ішінде Үкімет тарапынан 4 Жол Картасы бекітілген.
Жол картасында осы тауарларды сату, шикізат мәселесі, сонымен қоса «Көлеңкелі экономиканы» болдырмау, сырттан келіп сатып алатын адамдарға шектеу мәселесі қарастырылған. Базарлардағы кеден, баж салығы салынбаған тауарларға шектеу қою өзіміздің өндірушілерді қатыстыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Мемлекеттік сатып алуларға 1-шілдеден бастап жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі бойынша жергілікті, отандық өнімді тек өзіміздің өндірушілер қатыса алады. Олар қатысу үшін кәсіпкерлік палатасынан индустриялық сертификат алады.
Биылдан бастап олар жергілікті тауар реестріне енеді. Сол тізімге енгендер ғана мемлекеттік сатып алуға қатысып, сол өндірушілер ғана қатыса алады.
Бұрын жиһаз болсын, басқа да жеңіл өнеркәсіпке шикізатты сырттан келіп сатып алушыларға қолжетімділік болатын, қазір өз өндірушілеріміз сатып ала алады. Бұл бағытта банктің қойылатын талаптары бар:
1. Кәсіпкердің табысы есептеледі. 2. Салыққа не қызметтік жалақы қарызы болмау керек. 3. Несиелік төлем 30 күннен, кей банкте 90 күннен аспау керек. 4. Кепілдік мәселесі.
Осы 4 мәселеге назар аудару керек. Кепілдік бойынша «Даму» қоры 50 пайызды жауапкершілігіне алады.
Кезек сұрақтарға жалғасты. Бақытжан Мампаев, «Бақытжан» шаруа қожалығы төрағасы:
– Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қаласында «Даму» қоры жанында екі апта курстан өтіп сертификат алдым. Кейін банкке барғанымда, бөлінген қаржыдан кеш қалдыңыз деді. Қазірде online жүйесі іске асса бізге де жақсы болар еді. Осы уақытқа дейін банктік қолдауға жете алмай келемін. Ендігі сұрағым ауыл шаруашылығы басқармасына, қаншама қаржы шығындап құдық қаздым, оған күннен қуаттандырғыш құрал дегенін сатып алып, банктен 1,5 млн несие алдым. Оны төлеп жатырмын. Субсидияға құжат дайындағаныммен әлі ала алмай келеміз. Осыған жауап берсеңіз?
Бұл сұраққа облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы бөлім басшысы Ләззат Ерназарова тиісті жауабын беріп, алдағы уақытта ескерілетінін айтты.
Одан әрі сұраққа кәсіпкерлік «Даму» қоры өкілі Үсенов Арман түсінік берді:
– Сіз «Еңбек» бағдарламасы бойынша 6 пайызға құжат тапсырған боларсыз. Өйткені «Даму» қоры арқылы 293 млн теңге бөлінген, ол тек Қызылорда қаласына ғана, ауылдық жердегі тұрғындарға, елді мекендерге ауыл шаруашылық қоры арқылы және аграрлық корпорация арқылы 6 пайызбен несие беріледі. 2018 жылға ол толығымен берілді. 2019 жылға тағы берілу басталды.
«Даму» қоры тікелей ақша бермейді. Ол тек қолдау көрсетеді. Сіз банктен 14 пайызға несие алсаңыз, «Даму» қорынан 7 пайыз субсидия ала аласыз. Мәселен, 10 млн теңгенің кепіл мүлкінің жартысына (5 млн) біз кепілдік береміз.
Бұған дейін «Стартап» бағдарламасы бойынша несие берілген. Оны алған қалаларда, елді мекендерде кәсіпкерлердің көбі атқарған жұмыс та жоқ, ақша да жоқ, мәселелер көп туындады. Сондықтан бұл бағдарлама тоқтатылды.
2018 жылы «Даму» қоры арқылы 153 жобаға 10 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бұл 2017 жылмен сатыстырғанда 3 есе көп. Биыл жергілікті кәсіпкерлікке осы бағдарламаның өзіне 20 млрд бергіміз бар. Осы бағытта кәсіпкерлерге «Бизнес-жоспар» әзірлеп беруге де дайынбыз.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының ауданымыздағы өкілі Үкібай Науанов;
– Жаңақорған ауданына келгелі 1,5 жыл болды, ауыл әкімдерімен бірге жұмыс жүргізіп келемін. Ауданда Жаппай кәсіпкерлік «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына 221 млн. теңге қаражат қарастырылған. Шарты сәйкес келетін құжаттардың кері қайтарылған кезі жоқ. Бұл жерде жан-жақты сауаттылықпен жұмыс жасаған абзал.
Сұрақ: – Селолық кооператив төрағасымын. Отбасы мүшелерінің барлығы жұмыс істейді (мұғалім, теміржолшы) деп жеңілдетілген кредитке қол жеткізе алмай жүрміз. «Даму» қорынан қолдау көрген емеспін. 15 млн несие алып, ет-сүт бағытындағы кәсібімнің өрісін кеңейтсем деймін. Осыны түсіндіріп берсеңіздер.
Жауап:
«Еңбек нәтижелі жұмыспен деген бағдарламасы арқылы несие алатындырға «Даму» кепіл бола алмайды. "Даму» қоры жаңағы айтылған қарапайым заттар экономикасы бағдарламасындағы бағыттарға кепіл болады. Ал мал басын көбейту, бордақылау сынды бақытқа ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кредит береді. Оған КазАгроГарант кепіл бола алады. Каркас, қам кесек, қамыс үйлерге дейін 70 пайыз кепілмен алынып жатыр. Алыс елді мекендердегі үйлер де жарамды танылуда. Екі бағдарлама екі түрлі. Еңбек «Нәтижелі жұмыспен қамту» бойынша ауданда 221 млн қаражат беруде. Оған «Жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған жұмыссыздар қол жеткізе алады. Ауданда "Бастау» бизнесті оқыған азаматтарға басымдық беріледі. Кәсіпті дамытудың 3 жылдық жобасы жасалған. Құжаты дұрыс. Кәсіпкерлерге кедергісіз беріледі. Жоба жұмысы басталғалы биыл екінші жыл.

Досбол Ахметов,
«Агронесие» корпорациясының несие серіктестігі жөніндегі кеңесшісі.
– Нәтижелі жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес жобалар Агронесие корпорациясы арқылы қаржыландырылады. Науқанда 7 несие серіктестігі арқылы 1 млрд 800 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Бағдарлама бойынша мал бағытына 84 ай, басқа бағыттар бойынша 60 айға 5 жыл мерзімге қаржы бере аламыз. Несиені өтеуде жеңілдетілген кезеңі 24 айға дейін қарастырылған. Жаңақорған ауданында «Қамқоршы» несие серіктестігі бар. 6 пайызбен бірнеше шаруа қожалықтарын қаржыландырып отыр. Біздер жақтан ала алмай жүрген кісіні көрмедім. Сіздер несие серіктестігіне барып, арыз жазып, өтініш берсеңіздер біз қаржыландыруға дайынбыз. Ауылдық жерлерде мұнан басқа да кәсіп түрлері: дүкен, наубайхана, монша, қонақ үй ашу және жүк, жолаушылар тасымалы бағытында кәсіпкерлікке несие беріледі. Үстемақы мөлшерлемесі 6 пайызға беріледі. Мал шаруашылығымен айналысушыларға төл өнім бергенше бір жылға жеңілдік бар. Ал қаржы төлеміне келсек, негізгі қордың 3 тен бір бөлігін төлеуге 24 айға жеңілдік бар. Кепілдік мәселесіне келсек, жеке кәсіпкер ретінде салыққа бір жыл тіркелген мерзімі бар борышкерлерге несие корпорациясы саясатына сәйкес «КазАгроГарант» кепіл бола алады. Мал басын өсіруге бағытталған кәсіпшіліктің сатып алған болашақ малынан кепілдікке қоюына болады. Немесе "КазАгроГарант» арқылы каржыландырамыз. Ауылдық жердегі ашылатын кәсіптің басқа түрлері үшін жылжымайтын мүліктің барлық түрі жарамды.
Бұл үшін «Қамқоршыға» мүшелікке кіру керек. Агронесие корпорациясының жеңілдетілген несие саясатына сәйкес оған мүшелікке кіруде ең төменгі жарна – 200 мың теңге белгіленді. Бұл қаржы айналып келгенде, қарызыңызды толық өтеп болған соң өзіне қайтарылады.
Мәселен, 6 млн-ға 200 мың теңге, депозит орнына келгенше, уақыттың кей бөліктерінде пайызды орнына келтіруде жағдай туындаған кезде бұл уақытша несиені жабуға қолданылады. Қорытынды есепте өз қолыңызға тиеді.
– Несие серіктестігіне кепілсіз мүше аламын ба?
– Кепілсіз мүшелікке өте алмайсыз.
Бұдан кейін де залда жиналған кәсіпкерлікке ынталы азаматтар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға Еуразия, АТФ, Халық Банктен келген өкілдер – Елназаров Қуатбай, Әлиева Жансая, Қаныш Садақбаевтар жауап берді.
Түсінгеніміз жұртшылықтың сыңар езу, құрғақ қиял қуған сартап санадан арылып, нәтижеге нақты іс-қимылмен жетудің жолдарын табуға ұмтылысы зор. Бұл жерде біріге қимылдаған берекеге қол артарын ұмытпаған жөн.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
07 мамыр 2019 ж. 505 0