Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайылмадағы жаңа мүмкіндік

Жайылмадағы жаңа мүмкіндік


Жайылмалықтар жер жағдайына қарай қауын-қарбыз өсіруге дендеп бет қойғалы он бес-жиырма жылдың жүзі болды. Ауылда осы кәсіппен тұрмысын түзеп, төккен тердің зейнетін көріп отырғандар аз емес.
Дегенмен де кімге болсын төл кәсібімен тіл табысып, оның қыр-сырына қаныға келе тиімді тетіктерін табу – нарық талабы. Осы орайда жайылмалық қауын-қарбыз егумен айналысатын бағбандарға байыпты бағдар таңдайтын сәт туды. Ол қандай бағдар?


Жайылма шаруаларының қауын-қарбыз өндіру бүгінгі әлеуеті Қазақ-Герман біріккен шырын өндірісі серіктестігі басшылығын қызықтырып отыр екен. Серіктестік директоры Иоханн Марс германдық жеміс сығатын құрал-жабдықтар кешенін агроаймаққа әкеліп орналастырып, іске қосу шараларына мұрындық болып отыр. Цех жабдықтары Жайылма елді мекеніндегі арнайы орынға жайғастырылып, енді монтаждау жұмыстары басталмақ.
Бұл жөнінде Германдық кәсіпкермен әріптестік негізде жұмыс жүргізіп жатқан Шымкент филиалындағы цех басшысы Нұргүл Қобланова былай деп баяндады:
– Серіктестік бұған дейін қызанақ, алма шырынын шығарып келді. Жайылмада қауын-қарбыздың кең көлемде өндірілуі біздің назарымызды бұрып, бірге жұмыс жасауға тәуекел етіп отырмыз. Біздің өндіріс толық қуатында жұмысқа кіріскенде сағатына 900 литр қауын-қарбыз шырынын шығаратын боламыз. Ол үшін екі ауысымда 40 адам жұмыспен қамтылатын болады, – дейді ол.
Әрине, өндірісті жабдықтау, іске қосу, тұрақты механизмін қамтамасыз ету үшін арнайы мамандар жұмыс жасап, жергілікті халыққа бағыт-бағдар беріп отырады.
Нарықтың басты талабы – сапа мен тиімділік. Өндірген өнімінің бәсеке алаңында бәсі биік, ғұмыры қысқа болмауын ойлаған әрбір тұлға бір күндік пайдадан бұрын түбегейлі мақсатты көздегенде ғана тірлігі тиянақты жалғасын таппақ. Серіктестік басшылығының мақсаты осы. Осы бағытта өңдірістің нақты ресурс көзі ретінде Жайылманың таңдалуы бекер емес. Бірақ бұған жергілікті кәсіпкерлер тарапынан да биік талғамды көзқарас қажет. Біз ауыл әкімі Талғат Зейдалиевпен тілдесіп, осы тақырыпта пікірлескен едік. Ол былай дейді:
– Ауылда 8 шаруа қожалығы қауын-қарбыз өсірумен айналысады. Өсірген өнімін алыс-жақын қалаларға апарып, пұлдап, өз шама-шарықтарынша жұмыс жасап жүр. Ал ауыл орталығынан ашылғалы отырған шырын өндіру цехы диқан еңбеккерлерге тамаша мүмкіндік. Сондықтан, осы мақсатта насихат жұмыстарын жүргізіп, тығыз қарым-қатынаста бірлесе жұмыс жасауына мүмкіндік жасауға мүдделі болып отырмыз, – дейді.
Ия, ала жаздай еңбегіңді пұлдау үшін жаныңды жалдап, күн-түн жапан кезгеннен гөрі ауылдың қақ орталығындағы қарбыз сусынын шығаратын арнайы цехқа күнделікті өткізіп отыру бір жағынан «алыстан арбалағанша жақыннан дорбалаудың» кері, кәсіпкер үшін үлкен көмек, үлкен қолдау көзі емес пе? Бірақ өнім өндірушілеріміз өндірістің өзіндік талабын терең біліп, қалт жібермей қадағалауы тиіс. Ол қандай талап? Бұл туралы тиісті маман Нұргүл Турезқызы былай дейді:
– Қауын-қарбыз ұрығы топыраққа таза күйінде егілуі тиіс. Мезгілінен ерте гүлдеп, түйнек салуы үшін химиялық қоспалар берудің адам денсаулығына зияны шаш-етектен. Оған дәрі беріп, қолдан құнарлау оның пісіп-жетілуін жеделдеткенмен, сапасын төмендетеді. Жеген адамның организмін улауы да мүмкін. Сол себепті де келген өнімді лабораторияда тексеріп отыратын боламыз. Ерте өнім алып, көлікке тиеп, алыс қалаларға апарып қымбат бағаға сатуды ойлағандар енді осы жағына мән беріп, барынша ережемен жұмыс жасап, еккен өнімінің табиғи таза болуына аса сақ болғаны жөн-ақ.
Қазірде тұтынушының талғамы өскен. Халықтың өз денсаулығына көңіл бөлуге жағдайы да жеткілікті. Осындай өрелі кезеңде кәсібін өркениетті ұйымдастырғанның өрісі кең болмақ.
Қарбыз шырыны бауыр, өт, асқазан секілді ішкі құрылыстардың сырқатына таптырмас ем екені белгілі.
Олай болса емге дәру, жанға қуаттылығымен әлемдік сұранысқа ие жергілікті өнімімізді брендке айналдыру – бейнетіне сүйенген әрбір еңбеккердің еселі күш-қайратында ғана емес, адалдық пен тазалыққа негізделген асыл ниетінде.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

28 сәуір 2019 ж. 1 062 0