№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тіл білген – ұтады

Тіл білген – ұтады



«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген ұлағаттан тіл білудің артықшылығын білесіз. Бағзыдан қалған тәмсілді Мемлекет басшысы жаңғыртып, қазақстандықтарға: «Ағылшын тілі – халықаралық қатынастың, ғылым мен техниканың тілі, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі, қазақ тілі – мемлекеттік тіл» концепциясын ұсынды. Бүгінде жастар үш тұғырлы тіл идеясын қуаттап, қолдап меңгере бастады. Соның бірі – Назым Әбутәліп.

Жас болса да болашаққа үлкен үмітпен қарайтын Назым №163 мектептің 11-сынып оқушысы. Ол көп тілді меңгеру арқылы өз ісінің кәсіби маманы болуға күш-жігерін жұмсауды мұрат тұтады.
– Кез-келген адам тіл меңгеру арқылы өзінің біліктілігін арттырады. Әсіресе, ағылшын тілін меңгеру маңызды. Өйткені, ағылшын – әлем халықтарының қатынас құралы. Демек, қай мемлекетке барсаңыз да ағылшын тілін білу арқылы адамдармен тілдесіп, діттеген жұмысыңды бітіре аласыз. Оның үстіне бүгінде мектеп бағдарламасына жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшынша оқыту кірген. Оған қазіргі заманауи технологияның барлығы ағылшын тілінде дайындалғаны себеп деп ойлаймын, – деді жігерлі жас.
Назым ағылшын және орыс тілін еркін меңгерген. Жастайынан тіл білуге деген құштарлығы басым болған жас көбіне өз бетімен үйренген. «Бір тіл білген бір адам, екі тіл білген екі адам» демекші бүгінде ол корей тілін де үйрене бастапты.
– Орыс тілі мен ағылшын тілін мектепте оқытады. Ал, корей тілін кімнен үйреніп жүрсің? Қиын емес пе?
– Негізі, қазірде орысша мен ағылшыншаға құлағымыз үйренген. Оны оқу, жаттап алу қиын емес Ал, кәріс тілі ауырлау болғанымен ғаламтор арқылы онлайн сабақтардан үйренудемін. Сонымен қатар, кәріс тіліндегі бағдарламаларды ағылшын немесе орыс тілді субтитрмен көремін. Сонда мен екі тілді бір мезетте меңгеріп отырамын. Кәріс тілінде біздегідей дыбыстармен емес, буындармен оқытады. Мысалы, бір әріпі бір сөздің буынын білдіреді.
– Тілдерді меңгерудегі мақсатың қандай?
– Мақсат – мықты дәрігер болу. Мектеп бітіргеннен кейін мүмкіндік болса, Израиль немесе Корей елінде медициналық жоғарғы оқу орнында оқығым келеді. Себебі, бұл елдердің медицинасы қатты дамыған. Тілді қазірден меңгеріп, өзге елде қарым-қатынастан қиналмайын деген ой, – деп жауап қатты кейіпкеріміз.
Болашағын баянды етуді мақсат тұтқан Назымның талпынысы қатарластарына үлгі-өнеге екені даусыз. Ол тіл үйренудегі білімін шыңдауда білім додаларына да жиі қатысып отырады. Мәселен, биыл аудан бойынша 42 мектептің оқушыларының кіл мықтылары қатысқан орыс тілі пәні олимпиадасынан бірінші орынды қанжығасына байлап, Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде білім бәсекесіне қатысқан. Сонымен қатар, өткен жылы химия пәнінен пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде екінші орынды жеңіп алыпты.
– Назымның білімге құштарлығы, ізденімпаздығы жоғары. Сондықтан, одан қай салада болмасын мықты маман шығары анық, – дейді ұстазы Гүлмира Ахметжанова.

P.S.: Жаһандану дәуірінде әлемдік бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенетіні рас. Ал, білім деңгейін өлшеу үшін жастардың білімді болуы маңызды. Осы ретте, Назым Әбутәліп сияқты жастардың білім бәсекесінде бәсі биік болатынына сенеміз...

Айсұлу ӘЛІМБЕТОВА.
26 қаңтар 2019 ж. 1 186 0