№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » АСҚАҚ РУХТЫҢ ҚАЙНАРЫ

АСҚАҚ РУХТЫҢ ҚАЙНАРЫ



Алтын. Ғасырлар көшінде құнын жоғалтпай, адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігіне, байлық пен дәулеттің белгісіне айналды. Осы бағалы металды біздің бабаларымыз ықылым замандардан өндіріп, тұрмыста кәдесіне жаратты. Бір ғана мысал, 4 мың жылдықтардан негіз тартатын «Алтын адамдар».
Ұлттық таным-түсініктегі аңдық стиль нақышымен безендірілген «Алтын адамдар» өркениеттіліктің өрісін кеңейтті. Қалай, қайдан дейсіз ғой?! Қазақстанның байырғы тұрғындары көркем болмыс пен рухани байлығының айшықты белгісі болатын қолданбалы өнер туындыларының қайталанбас үлгісін жасап, эстетикалық талғам-талабын танытып, адамзатты тың бетбұрысқа бағыттады...

ХХ ғасырдың 70 жылдары Есік қор­ғанында табылған «Алтын адам» ғылымда сенсациялық жаңалық болды. Әлем жұрты ата-бабамыздың биік талғамына тамсанып, асқақ рухына сүйсінді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында осыған мән беріп:
– Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлем­дік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам».
Бұл жауынгер талай тылсым құ­пияның бетін ашты. Біздің баба­ла­рымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жо­ғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен ап­талған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы мең­гергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті, – деді.
Жалпы, Қазақстанның әр ай­мағынан алтынмен апталған адам қаңқалары табылып, Ұлы даланың қадір-қасиетін таныта түсті.
Санайтын болсақ, 1999 жылы ар­хелог Зейнола Самашев екінші «Ал­тын адамды» Атырау облысының Аралтөбе қорғанында тапты. Б.з.д. III ғасырға жататын сармат көсемінің қасында болат семсері алынды. Археологиялық олжаға қарап қылыштың шығу кезеңін тереңдетіп, Қазақстан аймағында ме­кендеген сармат халықтарының тарихымен байланыстыруға мүмкіндік туды.
Одан кейін, 2003 жылы Шығыс Қазақстан облысы Шілікті алқабындағы Қара оба-Бәйгетөбені зерттеген ға­лым Әбдеш Төлеубаев үшінші «Алтын адамды» тауып, археология ғылымында сенсация жасады. Обадан 4325 алтын бұйым зерттеу объектісіне алынды.
2012 жылы Қарағанды облы­сын­дағы «Талды 2» қорымындағы қайта жаңарту жұмыстары мен архео­логиялық зерттеулер нәтижесінде төр­тінші «Алтын адам» табылды. Сон­дай-ақ, Атырау облысы Сарайшық қор­ғандарынан сармат тайпасының көсемі мен Қарағанды облысы Бесоба қорғандарынан археологиялық құнды олжалар табылды. Тараз қаласындағы Әулие Ата базары орнынан және Шығыс Қазақстан облысы Үржар ау­даны Лайбұлақ елді мекенінен «Үржар ханшайымы» көпшіліктің назарын аударды.
Жалпы, Қазақстан террито­рия­сында онға тарта қорымда мүрденің киімі алтынмен апталғаны табылып, тарихтың тың беттерін ашты. Алдағы уақытта археологиялық қазба жұмыстары жүйелі жүргізілсе сақ, үйсін дәуіріне жататын «Алтын адамдар» табылатыны ақиқат. Себебі, ашылмаған қорымдар саны 40-тай деген болжам бар.
Сондай «Алтын адамның» ізін Жаңа­қорған кентінің аумағымен бай­ланыстыратын зерттеушілер де бар. Олар кенттің МАИ бекеті аумағындағы 18 сақ қорымын құнды тарихи орынға теңейді. Бұл қорымдар 45 жыл бұрын космостан түсірілген сурет арқылы белгілі болды.
Аудандық тарихи-өлкетану музейі­нің директоры Нәбихан Шалапов қорымдарға зерттеу жұмыстарын Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің жанынан ашылған «Archeo-service» ЖШС ғылыми-зерттеу компаниясы жүргізіп, 100 бетке жуық құжатты дайындағанын айтты.
Музей директорының сөзінше, қазба жұмыстары кезінде мүрденің сақталмағанына және сүйектердің әр деңгейде шашылып жатқандығына қарап, «қорым тоналған» деп тұ­жырымдалған.
Онда бір қапсырма, шегенделген ал­тын таспа бөлігі және киімді безендіруге ар­налған алтын сымның қалдықтары алынды. Алтын сымды жіптің сыртынан орап киімге зер салған деген болжам бар. Сонымен қатар, екі жүзді темір қылыш табылды.
Бүгінде қорымның біреуі ғана зерт­телді. Қалғанына зерттеу жұмыстары жүр­гізілсе, «Алтын адамның» нышандары табылуы да әбден мүмкін ғой...
Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғам алдына «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?» деген сұрақты төтесінен қоя отырып, оның қазіргі таңдағы шешімі ретінде: «Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қа­лыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», дегенді айтады.
Расында, Елбасының еңбегінде ай­тыл­­ғандай, «Алтын адам» ұлттық коды­мызды сақтап, тарихи жадымызды түр­лендіруге таптырмайтын құрал. Оның ар­хеологиялық құндылығын былай қойғанда, обадан табылған қолданбалы өнер туындылары мен жазба-таңбалар Ұлы даланың сан қырынан сәуле шашпай ма?
Олай болса, Жаңақорған кентінде тұр­ғын үйлердің құрылыс алаңына ай­налған қорымдарды сақтап, зерттеуді басшылыққа алу маңызды...
Біз үшін алтынмен көмкерілген қо­рымдар алтыннан да қымбат, құнды. Себебі, «Алтын адамдар» тарихи жады­мызды 40 ғасырға кері шегеріп, Ұлы Даланың ұлы мұратымен рухтандырады...
Бүгінде қанатты барысқа мінген «Алтын адам» 180 метрлік биіктіктен мемлекеттік мүддені, елдің ырысын қорғап тұрғандай әсер етеді. Иә, Тәуелсіздіктің сақшысындай болған «Алтын адам» монументі биіктен айналаны бақылап тұрғанына 20 жылдан асты.
«Мәңгілік Елдің» тұғырын мәңгі күзететін «Алтын адамның» еркіндік сүйгіш асқақ рухы өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде жадымызда сақтала бермек...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.

30 қараша 2018 ж. 1 253 0