№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖОЛДАУ МІНДЕТТЕРІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ НАҚТЫЛАНДЫ

ЖОЛДАУ МІНДЕТТЕРІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ НАҚТЫЛАНДЫ


Қызылорда қаласындағы «Достық» үйінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы басым бағыттарды облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен актив жиынында жан-жақты талқыланды.

Аймақ басшысы бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың жалғасы ретінде жүйелі жұмыстар мен тың реформаларды қамтыған Жолдауды терең талдап, сала басшылары мен әкімдерге нақты міндеттер жүктеді.
Ізін сала аудан әкімі Ғалым Әміреев сала басшылары мен ауылдық округ әкімдерін, ардагерлер мен жастарды жинап, Жолдауда көрсетілген талап-міндеттерді саралады.
– Стратегиялық құжатта – халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруымен қатар «Мәңгілік Елге» бастайтын сенімді көпір болмақ. Ондағы әрбір басымдық тұрғындардың әлеуетін арттыруға бағытталған.
Әрбір өңір мен ірі қала бәсекеге қабілеттіліктің қолда бар басымдықтарын ескеріп, өзіндік орнықты экономикалық өсу және жұмыспен қамту моделіне сүйене отырып дамуы қажет. «Осыған орай, тірек саналатын ауылдардан бастап республикалық маңызы бар қалаларға дейінгі түрлі елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу керек», деп көрсетті, – деді аудан басшысы.
Жолдаудың басты идеясы – халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту. Демек, ауыл шаруашылығы мен көліктік-логистикалық кешенінде де, білім беру мен денсаулық сақтау саласында да заманауи технологияны енгізу маңызды.
Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру қажет-ақ. Бұл – ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
– Биыл облыс әкімі «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялап, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына тың серпін берді. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту – халық табысының өсуіне алып келеді, әлеуметтік жағдайы жақсарады. Салық базасы кеңейеді, халық жұмыспен қамтылады. Елбасы айтқандай, отандық өнімді қолдаудың жолына айналады, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Жолдауда кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған басымдықты тиімді жүзеге асыруға ниетті кәсіпкердің бірі – Изатулла Үсенов.
– Расында, мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша басымдық беруде. Нәтижесінде, ауыл-аймақтарда кәсіпкерлік қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары артуда. Себебі, Үкімет тарапынан қаржылай қолдау тауып, бизнесін бастауда.
Сондай демеуді сезінген кәсіпкердің бірімін. Қазір шаруашылықта 30 адам жұмыс жасаса, оның 12-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Жақында қуаттылығы 30 тонна күріш ақтайтын зауытты іске қостым. Яғни, Мемлекет басшысының отандық өнімдерді өндіру талабын бастап кеттік, – деді Изатулла Ергешұлы.
Одан кейін аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Мейірхан Оспанов білім беру саласындағы жұмыстарға тоқталды.
Оның сөзінше, адами капиталдың негізі саналатын мектептерге заманауи құрал-жабдықтар мен технологияларды енгізе бастады. Оның дәлелі, аудандағы мектептердің химия, физика, биология кабинетіне соңғы үлгідегі «Н1 – ТД75» маркалы интерактивті панель орнатылды. Сондай-ақ, 12 мектепте роботтехника үйірмесі бойынша жұмыстар жүйеленді.
Стратегиялық құжатта халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетіндігі айтылды. «Ұлт саулығы – мемлекеттің басым бағыты». Ауылдық жерлерде алғашқы медициналық санитарлық көмек қолжетімді болуға тиіс. Қызмет көрсетуді цифрландыру, тұтынушылардың құқтарын қорғау, бұқаралық спорт түрлерін дамыту міндеттері кезек күттірмейді. Себебі денсаулық – халық көңіл-күйінің, әлеуметтік қорғалуының бірден-бір көрсеткіші. Бұл бағыттағы жұмыстар жөнінде ауданның бас дәрігері Яхия Шорабаев баяндады.
– Жолдауда ұлт саулығы – мемлекеттің басым бағытының бірі екені нақты көрсетілді. Яғни, халық денсаулығын жақсарту жолындағы міндеттер жаңашылдыққа, жаңа көзқараспен жұмыс жасауға жетелейді.
...Өткен жылы Еңбек, Аққұм, Көктөбе елді мекенінде медициналық бекет пайдалануға берілсе, Машбек, Қожамберді, Билібай, Талап бекеті, Өзгент және Ақүйікте медициналық нысандар есігін ашпақ.
Қазіргі уақытта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында денсаулық саласында цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Яғни, тұрғындардың электронды денсаулық паспортын әзірленуде. Дәрігер қабылдауына жазылу, еңбекке жарамсыздық парағын алу, патронаждық актив жұмыстары электронды негізде жүзеге асуда, – деді Яхия Кәдірбекұлы.
Бір сөзбен айтқанда, актив жиынында халықтың табысы мен тұрмысын арттыруға бағытталған Жолдаудың міндеттерін жүзеге асырудың жолдары нақтыланды...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
13 қазан 2018 ж. 1 386 0