ҚАДАМЫ ҚАРЫШТЫ, ҚАРЫМЫ ҚАРҚЫНДЫ ҚЫЗЫЛОРДАМ!
Тарихи таным. Тарихи сана. Ұлттың сана-сезімін, болмыс-бітімін, тарихи жадын қалыптастыратын құрал. Ендеше, ұлттық тарихтың сан ғасырлық тағылымына мән беріп, сананы нығайтып, рухты көтеру елдіктің басты мәселесі. Себебі, рухы көтерілген мемлекет жаһандық жағдайда ұлт ретінде сақтала алады. Осындай идеямен ұштасқан мерейтойдың бірі – Қызылорда қаласының 200 жылдығы. Халықтық мерейтой қандай деңгейде өтеді? Қандай шаралармен ерекшеленеді?
Қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
Биыл Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен Сыр өңірінің бас қаласы Қызылорданың 200 жылдығы қабат келді. Елдің рухын асқақтатып, келешекке кемел ой салатын шараны жоғары деңгейде атап өту маңызды шаруа. Себебі, тарихи жолды зерделеп, ұлттың бірлігін арттырып, болашаққа бағдар беретін халықтық той.
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев «Сыр бойы» облыстық газетіне берген сұхбатында: «Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қаламыздың көлемі бірнеше есеге ұлғайып, халқының саны өсті, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, демалыс орындары, саябақтар, жаңа шағын аудандар мен көшелер пайда болып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артты», депті.
Расында, Қызылорда қаласы қадамы қарышты, қарымы қарқынды дүлділдей дамудың даңғыл жолына түсті. Қала келбеті танымастай өзгерді. Аумағы кеңейді. Халқының саны артты. Бәсекеге қабілетті орталық ретінде қалыптасты. Әрине, мұндай игілікке жетуді қалалықтардың ынтымағы, басшылардың жүйелі жұмысының жемісі деп түсінген абзал.
Енді қаланың мерейтойына келсек. 2018 жылдың 23 қыркүйегі мен 11 қазан аралығында қаланың қадірін арттырып, құрметін асыратын жүйелі шаралар өтеді. Республикалық, облыстық деңгейдегі шараларды А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйі қабылдайды. Ондағы жиындардың жоғары деңгейде өтуіне аудан әкімдіктері де атсалыспақ.
«Сыр – Алаштың анасы» десек, Сыр бойында жыршылық және ақындық мектеп қалыптасқаны белгілі. Сондықтан, мәдени-бұқаралық іс-шаралар, оның ішінде, облыстық әдеби жыр марафонын ұйымдастыру ұмыт қалмайды.
Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтар арасында «Үздік маман-2018» облыстық байқауы ұйымдастырылып, «IMAQORDA» технопарк жобасының ашылу рәсімі өтеді.
Қызылорда облысында кейінгі жылдары спорт қарқынды дамуда. Олай болса, спорттық додалар мерейтойдың мазмұндық деңгейін арттыра түсуі тиіс-ақ. Мәселен, түйе палуандарды сынға салатын «Алыптар шықты айқасқа» сайысы мен жүйріктердің жарысы «Сыр тұлпары» көпшіліктің делебесін қоздырары сөзсіз.
Ауылшаруашылық өнімдерінің облыстық жәрмеңкесі де Қызылорданың 200 жылдығына арналмақ.
«Сыр сүлейлері» аллеясындағы «Этноауыл», «Қымыз-шұбат», «Қауын-қарбыз» фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарын бей-жай қалдырмауы тиіс.
Мерейтойға арналған шаралар орталық алаңда өтетін «Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!» атты гала-концертімен түйінделеді. Онда танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Айта кететіні, Қызылорда қаласы мерейтойына үлкен дайындықпен келді. Мәселен, 80,5 шақырымды құрайтын 103 көшеге орташа, ағымдағы, күрделі және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 150 шақырымды құрайтын 39 көшеде жаяу жүргіншілер жолдары пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 94 көшеге жарық бағаналары орнатылды. 72 көпқабатты тұрғын үйдің аулаішілік жолдары мен автотұрақтары жөнделді.
Жалпы, қалада 133,2 мың шаршы метр болатын 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы салынуда. Жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен 960 пәтерлік 22 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 670 пәтерлі 14 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп келеді.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен Сырдың сол жағалауы игерілуде. Онда 16 көпқабатты тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның құрылысы жыл соңында бітеді.
Жалпы, 1925-1929 жылы алаштың саяси-мәдени орталығы болған қаланың тарихи мәні тереңде. Кезінде алаш қайраткерлері тұрақтап, елдің дамуына атсалысты. Қазақтың мәдени-рухани орталықтары қалыптасып, еншісін алды. Олай болса, Қорқыт қобызының күмбір дауысы әуелейтін даладағы мерейтойды жоғары деңгейде өткізіп, тарихқа тағзым жасау міндетіміз...