АСТАНА – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ТІРЕГІ
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін көру мақсатында бас қала, арман қала – Астанаға жол тарттық. Алғаш рет Елорданы бағытқа алғандықтан бойда мақтаныш сезімі болғаны шындық... Жаһандық үдерістегі ғылыми-техникалық жетістіктерді таныстыратын көрмені көргеннен кейін Астана қаласының көрікті жерлеріне бағыт алдық. «Хан шатыр», «Бәйтерек», «Әзірет сұлтан» мешіті және т.б тамашаладық. Сәулеттік кескіні бір-біріне ұқсамайтын ғимараттарға таңдана қарадық. Елорданың кескін-келбеті, тыныс-тіршілігі, қазақы рухы бойға қуат берді. Әсіресе, көше атауларынан елдіктің нышанын байқадық...
Жалпы, 1997 жылдан бастап Астанада ұлттық-рухани құндылықтарды дәріптейтін 850 көше жаңа атау алыпты. Елдіктің негізі болған Түркістан, Сауран, Сарайшық, Сығанақ, Орынбор секілді шаһарлардың атауы Елорда көшелерінен орын алуы мемлекеттің қайнары ерте замандардан басталатынынан хабар беретіндей. Көшелерден қазақ жерінің байырғы атаулары Қаратау, Еділ, Қаратал, Марқакөл, Аспара, Жаңаөзен, Абыралы, Меркі, Үстірт, Аягөз бар. Бұл да тұтастыққа, елдікке үндейтін құрал емес пе?
Мұндағы көшелер тұлғатану іліміне үлес қосып, жастардың бойына қайраткерлік қасиетін сіңіретінін аңғарасыз. Мәселен, Абылай хан, Қабанбай батыр, Кенесары, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жұмабек Тәшенов, Бауыржан Момышұлы және т.б. көше атауы жастардың жадына тұлғалардың тәлімін сіңіреді. Ал, Күлтегін, Қадырғали Жалайыри, Асанқайғы көшелері және ғұн дәуірінен дерек беретін Тайтөбе кешені, оғыз дәуірімен байланысып жатқан Бұзоқ пен Бытығай, Алтын Орда империясының далалық орталықтарының бірі – Орманбет қаласы, Әз Тәукенің жазғы ордасы қонған жер – Күйгенжар келушілердің назарын қазақтың көне тарихынан сыр шертеді.
Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүр мен тарихи оқиғаларға қатысты атаулар молынан кездеседі. Айталық, Аушадияр, Адырна, Ақжелең, Әлқисса, Бәсіре, Шашу, Желмая, Көкіл, Қосбасар, Назқоңыр сияқты атауларды, Саққорған, Орбұлақ, Қозыбасы секілді тарихи атауларды өзге қалада кездестірген емеспін.
Тіпті, ел аналары мен ғашықтық жырлардағы әйел бейнесіндегі Айша бибі, Күйші Дина, ақын Сара, Мәриям Жагорқызы, Баян сұлу, Қыз Жібек тағысын тағы есімдер қандай тамаша!
Салмақты оймен саралағанға қазіргі Астана көшелері мен алаңдары қазақ тарихы мен мәдениетінің көрнекі оқулығы сияқты. Кеңестік идеологияны насихаттайтын атаулардан арылып, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын Астана көшелері қандай қалаға болмасын үлгі бола алады. Тіптен, 20 жыл бұрын Ленин, Коммунистический, Социалистический, Инициативный, Перспективный, Угольный, Дорожный сынды көше атаулары ұлттық танымда қайта жаңғырды.
Астанада қазір 7 көпірге ерекше есім беріліпті. Қабанбай батыр даңғылы басталатын көпір Астананың байырғы атауы «Қараөткел» болса, Сарыарқа және Тұран даңғылдарын түйістіретін көпір «Тұлпар», Сарайшық көшесі мен Рақымжан Қошқарбаев даңғылын жалғайтын көпір «Арқарлы», Амангелді Иманов көшесін Қажымұқан көшесіне байланыстыратын көпір «Беласар», Амман көшесін Орынбор көшесіне жалғайтын көпір «Марал» деген атауға ие.
ТҮЙІН. Астана – елдік рухты асқақтататын орталыққа айналған. Яғни, ұлттық болмысты ұлықтап, қазақтың қадір-қасиетін насихаттай алады...
Мақпал МАРҚАБАЙ.