ТОРҚАЛЫ 90 ЖЫЛДЫҚ: ҚАШАН? ҚАЙДА? ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?
Өткенді білмей, болашаққа бағдар жасай алмайсың. Бұл – аксиома! Осы тұрғыдан алғанда, ауданның өткен тарихи жолын зерделеп, келешекке жоспар құрудың маңызы зор. Мұндай қадамдар өлкенің 90 жылдығымен сабақтастық табуда. Оның дәлелі, мерейтойды жоғары деңгейде өткізу жан-жақты талқыланып, нақты жоспар құрылды. Біз газеттің №69 (8190), №70 (8191) нөмірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін шараларға тоқталған едік. Енді аудан әкімі Ғалым Әміреевтың Өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге берген брифингін сөз етсек.
Дешті-Қыпшақ мемлекеті мен Ақ Орданың саяси орталығы, Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ шаһардың тарихи маңызы зор. Жаңақорған аумағында орналасқан тарихи орыннан ауданның 90 жылдығы басталмаса елдігіміз қайда? Сондықтан «Сырға толы Сығанақ» атты этно-думанды шара көне қаланың аумағында болады.
– 2018 жылдың 19-қазанында Қазақ хандығының тұңғыш астанасы Сығанақтан мерейтойлық шараны бастаймыз. Сосын салтанатты мереке Манап ауылдық округінде жалғасын табады. Онда Манап Көкеновтің 90 жылдығы қатар аталып өтіледі. Ауылдық клуб үйінде ақынға арналған «Манап салған ізбенен» атты этно-көрмемен танысады, – деді аудан басшысы.
Әкімнің сөзінше, жаңақорғандықтарды рухтандырып, көзқарасын тың арнаға бұратын мерейтойға үлкен дайындықпен келген. Яғни, сала басшылары мен ауылдық округ әкімдері жан-жақты пысықталып, дайындалған мерейтойлық бағдарлама аясында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Оның ішінде, көпшілік мәдени және спорттық шараларға басымдық берілген.
Әсіресе, жастардың интеллектуалдық білім деңгейін арттыратын, сахна мәдениетін қалыптастыратын шаралар көпшіліктің көңіліне ұнауы керек.
– Мерейтой аясында өтетін ауқымды шараның бірі – республикалық айтыс. Оған республикаға белгілі ақындар қатысады. Сондай-ақ, молшылық пен берекенің мейрамы «Алтын күзде» егін науқанын қорытындылап, саласының озаттарын марапат биігіне шағарамыз, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Ауданның тоқсан жылдық тойы 14 қыркүйектен басталып, 14 қарашаға дейін созылып, 60-тан астам рухани-мәдени, спорттық шаралар өтеді. Сонымен қатар, бірқатар әлеуметтік нысандар ашылады.
– Жаңақорған ауданының 90 жылдығы аясында көпқабатты тұрғын-үй мен жатақхана, екі спорт кешені пайдалануға беріледі, – деген аудан әкім.
Бүгінде мерейтой аясында спорттық шаралар басталып кетті. Ала допты серік еткен мемлекеттік қызметкерлер әр ауылда бақ сынауда. Алдымен мерейтойлық шараның шеруін Ақүйік ауылдық округі қабылдаса, кеше Қыркеңсе ауылдық округінде өтті. Алдағы уақытта барлық елді мекендерде шаралар өтіп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлауы тиіс.
Брифинг соңында аудан әкімі дайындықты тағы бір пысықтап, Сыр журналистерін мерейтойды ақпараттандыруда белсенділік танытуға шақырды.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.