№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Қызылорда: кеше, бүгін, ертең»

«Қызылорда: кеше, бүгін, ертең»


А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет Үйінде Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған «Қызылорда: кеше, бүгін, ертең» атты тарихи-танымдық кеш болып өтті.
Ұйымдастырылған шараның басты мақсаты, тарих қойнауында қатпарлы ізі қалған талай оқиғаның құрбанына айналған жандарға пана болған, сан ұлт пен ұлысты жатсынбай бауырына басқан алты Алаштың анасы, Сыр өңірінің бас қаласы – Қызылорда қаласының 2 ғасырлық тарихындағы жетістіктері мен айтулы кезеңдері туралы кеңінен насихаттау.
Расында, қаймағы бұзылмаған қазақ халқының қасиетті мекеніне айналған, Сырдария жағалауындағы шырайлы шаһардың өткені мен бүгіні тарихта алтын әріптермен жазылмақ. 
Осындай мағыналы кеш барысында қала әкімі Н.Нәлібаев барша қызылордалықтарды 200 жылдық мерейтоймен құттықтап: «Қазақылықтың қайнары, Алаштың – Ақмешіті атанған бұл қала, кешегі өткен алаш қайреткерлері мен ұлт зиялыларының басын қосқан киелі мекен, қазақ тарихындағы талай бастамалар мен тың жаңалықтардың қасиетті ордасы. 
Елбасының да «Сыр Алаштың – анасы» деуі тегін емес. 
Қадым заманнан мұқым қазаққа ана да, пана да болған Сырдарияның бойын жағалаған қасиетті топырақта ашылмаған қаншама сыр жатыр. 
Осындай, ұлт тарихындағы ең айтулы кезеңдерді бастан кешірген, қазақ елінің қасиетті мекендерінің бірі – Қызылорда туралы өткеніміз бен бүгініміздің бағасын айқындап, болашақ ұрпаққа мол рухани азық болатындай осындай тағылымы мол танымдық шараларды өткізудің маңызы зор. 
Осы салтанатты сәтті пайдалана отырып, Қызылорда қаласының бүгінін жарқын, болашағын баянды ету жолында талай жылдар тынымсыз тірлік, елеулі еңбек еткен ел азаматтары, аға буын өкілдеріне, барша қала тұрғындарының атынан Сіздердің ел үшін еткен еңбектеріңізге туған жерге деген жанашырлықтарыңызға зор ризашылығым мен шексіз алғысымды білдіремін.
Қос ғасырдың куәсі – қасиетті Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы құтты болсын ағайын!», - деген, жүрек жарды тілегін жеткізді.
Тарихи-танымдық кеш барысында саясаттанушылар, тарихшылар мен әдебиетшілер, қоғам қайраткерлері Қызылорда қаласының қалыптасу тарихының әр кезеңіне тоқталып жеке-жеке баяндады.
Сонымен қатар, азат еліміздің думан байрағына, салтанат тұғырына айналған, өзгеріс ісімен өрнектелген толағай табысқа толы Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің қарқынды дамуына шолу жасалды. 
Туған жерге деген сүйіспеншілік,отанға деген ыстық сезімге толы әсерлі кеште, жергілікті өнерпаздардың орындауында сұлу шаһарымыз құрметіне жазылған жергілікті ақын, сазгерлердің әсем әндері шырқалып, оның өткенінен сыр шертер әдемі естеліктер айтылды. Қаланың өткен өмірі мен бүгінгі тірішлік-келбеті туралы бейне роликтер көрсетілді.
А.Тоқмағамбетовтың «Қызылорда» поэмасын оқыған «Жастар театрының» әртістері, мағыналы кештің мазмұнын арттырды.
Тарихи-танымдық кешті елімізге белгілі журналист, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес жүргізді.
11 сәуір 2018 ж. 1 635 0