» » Тырнақтан тамған табыс

Тырнақтан тамған табыс

Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын болу керек, Алматыдан ауылға қайтып келе жатып түркістандық замандас­тарыммен сапарлас болдым. Ерлі-зайыптылардың жанында оқушы ұл баласы бар. Әңгімелесе келе түйгенім, қаланың орталығынан алған жеріне үй тұрғызып, балаларын қоныстандыру мақсатын екі-үш жылдың көлемінде бастандырып, уһ деп аяқтап келе жатқан жағдайлары бар екен. Екінші баласына деп Түркістаннан тұрғызып қойған тұрғын жайы да аяқталуға жақын екен. Табысы жақсы жандардың тірлігі. Не кәсіппен айналысады екен деген қызығушылық та бар көңілде. Суыртпақтап сыр тартып, жау­абын да білдік.

– Пияз, кәпіста егеміз. Бұйра шаш, жіңішке келген қараторы келіншектің қолы да, аузы да жылдам, жанындағы етжеңді, аса толықтығынан ентігіңкіреп, тар купеге әрең сыйып келе жатқандай қабағы қатып отырған ерінің қасында мың тұрып, мың отырады. Енді асықпай жігіт ағасы әңгімеге араласты.
– Бақшалықты тұрақты кәсіп еткенімізге 15-20 жылға жуықтады. Бала-шағамыз болып тірнектеп, тірлік жасадық. Тұңғышымды Алматыға қойдық. Жеке кәсіппен айналысады. Қолдағы екі бала өзіме көмекші. Қызым биыл мектепті бітірген, мына шешесі қоярда-қоймай оқытамыз деп, арыз жазып, ақысын төлеп келе жатырмыз, – деп бір қойды.
Жүзіне қарасаңыз, қызының жоғары оқу орнында білім алғанына онша ықырар емесі байқалады.
– Қалтасында екі дипломы барларды да көріп жүрміз ғой. Жұмыс табыла қоя ма? Табылғанымен айлығы да жарытымсыз. Бір жалақың екіншісіне қосылмайды. Солай емес пе? – деп қостау күтіп маған қарады, манадан бері қағаз кеміріп, көз майын тауысқаннан осылай пияз егіп, кәпіста тергеннің көш артық тұрмыс кешіп, ілгерілеп кеткеніне шынымен қызығы да, қызғана қарап отырғанымды сезгендей.
– Қыз баланың оқығаны жақсы ғой, – дедім сонда да өзімді жақтап.
– Көштен кейін қалмау үшін ақша табудың көзін білудің заманы боп тұр ғой қазір, – деген ағамыз енді өзінің пікірін дәлелдеуге кірісті.
– Мына әйеліме айтам, қазір қалада да, ауылда да сұлулық салоны дегендер көбейіп келеді. Қызымыз соның ісіне маманданса, тарықтырмайтын кәсіп қой. Қазір не көп, той көп. Тойға барам, жиынға барам, шашымды, тырнағымды сәндеп бер деп келетін еріккен әйелдердің шаштарын қобыратып, тырнағын сүргілеп бер, пожалыста 500 сом, – деп жанқалтасын шарт еткізіп бір ұрып қойды. Соны бұларға түсіндіре алмадым, – деп налып отырған бұл кісінің сөзін де жоққа шығара алмағанымыз рас.
Ал бүгін... Бүгін сұлулық индустриясы барынша өркен жая түсті. Әлгі ағамыз айтқандай, бұл еріккенің ермегі емес, қалыпты қажеттілікке айналып бара жатқаны ақиқат. Тек салтанатты жиындарда ғана емес, күнделікті өмірде, қызметте шашты сәндеп, тырнақты әрлеп, бой түземесе ісі жүрмей, көңіл-күйі кірмей, өзін қораш сезінер қаракөздеріміз сән салонын айналып өтпеуді дағды ете бастады.
Осы жолда ағылшындық нәзік жандылар қанша қаржысын сарп етеді екен, саралап көрелікші. Қазір қай бағытта болсын, басты өлшем – уақыт. Яғни қысқа мерзімде мейлінше жаныңа жағымды, түр-тұлғаңа үндескен ажарлы макияж, көрікті шаш үлгісі, сапалы тырнақ сәндеуге шығындаған қаржыңыз да өкініште қалдырмауы тиіс. Клиентті көп тартуды мақсат ететін косметика мамандарының басты қағидасы осыған негізделеді.
АҚШ-та орта деңгейлі сән салонының қызметін пайдалануыңызға ұжымдық қызмет түрі ұсынылады екен. Яғни, бірі шашты жуумен ғана айналысса, екіншісі кептіреді, үшіншісі түрлі майлар жағып, шашты дәруменмен қоректендіріп, ажарын ашып, содан кейін ғана шаштың сән үлгісін жасайтын шынайы шебердің қолына түсесіз. Еңбекке ақы төлеу көңілі толған клиенттің өз бағалауына қарай 5 доллардан 20 долларға дейін қалауынша тағайындалады екен. Ақшалылар мен дәулеттілерге арнайы есік ашқан биік деңгейлі сұлулық салонында 600 $ АҚШ долларына дейін ақы төленетін қызметтер бар.
Кісінің ішкі жан-дүниесі мен сыртқы келбеті бір-бірін толықтырып тұратын тұтас дүние. Сондықтан да, салонға бас сұққан бойжеткендер тұрмақ, жасы бірталайға келген апаларымыз өздерін мүлде жаңа қырынан танып, көңіл-күйлерінің жадырап қалатынын жоққа шығаруға болмайды.
Жаңақорған орталығының өзінде қазірде 30-ға жуық ерлер шаштаразы мен әйелдерге арналған сұлулық сән салондары жұмыс істеп келеді. Көпшілігінде маникюр, педикюр қызметі егіз өріліп, көптің көңілінен шығып жүр.
Қарап отырсаңыз, төрт кеңістігіне көз жетерлік шырайлы кентіміздің қай бұрышындағы косметика кешенін алып қарасаңыз да әрқайсысының меншікті клиенттері қалыптасқан. Тіпті өзіміз үйренген стилист маманнан басқаға мойын бұрмайтын жағдайымыз да жоқ емес.
Бізде ұжымдық қабылдау емес, әрбір маман бүкіл процесті өз атқарады. Кәсіби терең мамандану үшін осылай талаптану маңызды. Бірінің орнын екіншісі алмастыратындай шәкірт тәрбиелеу жағы жолға қойылған. Қызмет көрсету деңгейі теңестірілген ортада бәсеке болары рас. Бұл шеберлердің кәсіп құпиясын барынша терең меңгеруге деген ұмтылысын арттырады.
Өмірдің сәні – қымбат,
мәні – жұмбақ
Адам көркі – көздің құрты. Табиғат берген тұрпатының ажарын арттырып, сән-салтанатын кемеліне келтіріп, жарқылдап жүруді жаны қалайтын нәзік жандылар титтей нәрсені назарынан қалдырмай, сұлулықтың жолында жанын аямай, құрбандыққа баратынын да көріп жүрміз. Ауыр отаға барып, терісін жаңартып, жасаруға ұмтылған өлермен ниеттен осыны аңғаруға болады. Ауылдық жерлерде бетті тазартудың, өңдеудің қарапайым тәсілдері кең қолданысқа енді. Екінің бірі тырнағын сәндемесе табан жол басып жүруден қалды.
Шынында да, кез келген тұлғаның саусақтарына қарап болмысына баға беруге болады екен. Мінезі кең, салиқалы, ғылымға көп ден қоятын жандардың саусағы салалы болып келсе, қызғаншақтығы басым, алды-арты тар, өзімшіл кісілердің саусағының ұшы төртбақ біткен келтелігімен көз ұрып тұрады екен.
Баршамыз ескере бермеуіміз мүмкін, тырнақты өсіру шариғат талабына қайшы келеді. Тырнақ асты шайтанның балаларының мекені саналады. Сондықтан оны алып, тазалап жуып алмайынша намазда кесірі тиері деп есептеледі. Қалың бояумен әрленген тырнақ үстіне су тимейтіндіктен бұл да толық дәрет жағдайына кінә келтіретіндіктен шариғатта тырнақты бояу құпталмайды. Намаз парызын толық, мінсіз орнына келтіруді ойлайтын ақыл иесі тырнақ мәселесінде осы тыйымдарды басшылыққа алады.
Тырнақты түрлендіріп, саусаққа сүйкімділікті дарытуға талап қылған сала шеберлері үшін басты мәселе – табыс табу. Жеке басына әркім өзі жауап береді. Ешқандай бояу жақпайтын, тырнақ та өсірмейтін, тек саусақтағы артық еттен арылып, сәнмен сүйірлетіп қана қоя салған қарапайым қызмет 1000 теңгеден басталса, бір айға дейін жуса да кетпей, жарқырап сақталатын лак түрлерімен бояу, әртүрлі әшекеймен әрлеп сурет қондыру сынды күрделі жұмысқа 3,500 теңге қаржы төлеуге тура келеді.
Қазір Жаңақорғанда сән салондары бірінен-соң бірі есік аша бастады. Өздерінің аттары да дырдай: «Ең сұлу» дейді, «А – студио» дейді, «Жұлдыз-ай» дейді, көп. Барлығында қызмет түрлері шамалас: шаш сәндеу қарапайым макияжбен қоса 2,5 мың теңгеден бастап, 8-10 мың теңгеге дейін болады.
Жақында үйімнің нақ жанынан екі қабатты ғимарат бой көтерді. Бас-аяғы екі-үш айда құнттай боп, пайдалануға берілді. Біздің ойлағанымыздай, екі қабатты ғимарат тұтастай сән салонына жабдықталыпты. Маникюр, педикюр қызмет түрінің барлық деңгейіне тапсырыс бере аласыз. Кәсіпке ден қою, көптің сұранысын зерттеп-зерделеп, соған сәйкес қызмет көрсету талабына бейімделе бастауымыздың белгісі бұл. Кімге болсын кәсіптерінен бақ тауып, тірлігі алға баса берсін деген тілегімізді жеткізгіміз келеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
18 қыркүйек 2018 ж. 1 258 0