БАЛАЛАР ҮЙІ ЖОҚ МЕМЛЕКЕТ
Италияда 2006 жылы барлық балалар үйі жабылыпты. Бірақ бұл ақпарат елде жетім балалар мүлде жоқ дегенді білдірмейді. «Каза-фамилья» атты мекеме ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың тәрбиесімен айналысады. Бұл жерде тек кәмелетке толмаған жас балалар ғана емес, 18-ден асқан жасөспірімдер де күнелтеді. Тек, бұл мекемедегі бала саны 12-ден аспайды екен.
Италияда нәрестелердің туу процесі өте баяу жүреді. Бұл жердегі әр отбасыда 1-2 ғана бала бар. Үш балалы отбасылардың қатары өте сирек. Бала сүю бақытынан айырылған ерлі-зайыптылардың қарасы қалың болғандықтан, ерікті түрде бала асырап алуға кезек 5 жылға дейін созылады. Италиялық аналар қауымының 34-40% алғашқы нәрестелерін 35 жастан асқаннан кейін дүниеге әкеледі екен. 35-ке дейінгі аналардың басым көпшілігі шетелдік азаматшалар. 20-25 шамасындағы италиялық қыздардың қолға бөпелерін көтеріп, көшеде серуендеп жүргенін көру мүмкін емес.
Бұл халық үйлену тойына да үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сол себепті, бұл кештің жоғары деңгейде өтуі үшін, материалдық жағдайларын қалыпқа келтіріп, той күніне көп көңіл бөледі.
Дереккөз: Massaget.kz сайты