ИСЛАМДАҒЫ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Өздеріңізге белгілі, биылғы жылды Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы «Ислам және отбасы құндылықтары» жылы деп жариялаған болатын. Бұл исламда және елімізде отбасының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Ислам дінінде отбасы бірлігіне айырықша маңыз берген. Отбасы – исламда баға жетпес құндылықтар ретінде әспеттеледі. Қоғам отбасыдан басталатындығын ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жете түсініп, тұтас қоғамды таза ұстаудың бірден-бір кепілі – отбасы тәрбиесі мен жанұя құндылықтарында екендігіне маңыз берген.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ер кісі отбасының бақташысы, сондықтан ол қоластындағыларға жауапты» деген. Тағы да тағылым тұнбасы-хадистерде: «Әйел өз үйі мен балаларының бақташысы, сол үшін жауапты» деп, әйелді отбасы берекесінің ұйтқысы, ұйыстырушысы ретінде белгілеген. Ислам дінінде осылайша отбасы мүшелерінің өзара сыйластығы реттелген. Осыған қарап-ақ отбасы мүшелерінің өзара міндеттерін исламда анық көрсетілгенін білуге болады. Ислам отбасын асыраушы ретінде ер адамның жауапкершілігін айқындап өткен.
Қазақта: «Отан – отбасынан басталады», «Өз үйім – өлең төсегім», «Екі жақсы қосылса – ай мен күндей» «Үйде береке болса, дастарханда берекет болады» деген ұлағатты тәмсілдер бар. Мұнда отбасы құндылықтары мен үлкенді сыйлау, береке мен ынтымақ мәселесіне зор баға берілген. Халқымыз тектілікке ерекше маңыз берген. Тектілік – өнеге мен әдептіліктің ғасырларға жалғасқан үрдісін сақтау деген сөз. Қазақ халқында ислам дінімен ұштасқан, тамаша қалыптасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі бар. Тәрбиенің бұл тамаша озық үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге сіңген зор тағылымдардың құндылығының жиынтығы деуге болады.
Отбасындағы бала тәрбиесі де – маңызды амалдың бірі. Біздің халықта бала тәрбиесіне қатысты мынадай қағида қалыптасқан: «Бес жасына дейін баланың құлы бол, бес жас пен он бес жас аралығында оны құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сырлас». Бұл – бала тәрбиесіндегі басты құндылықтар. Жүсіпбек Аймауытов бір сөзінде: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе: баланы жан-жақты білу керек», – деген екен. Баланы дұрыс білу, қарым-қабілетін жан-жақты тану, көңіл-күйін аңғару, мұның бәрі оны тәрбиелеуге, былайша айтқанда жақсы басқаруға оң әсер етеді.
Байыбына барып қарасақ, отбасы – адамзаттың алтын ұясы, тәрбиенің бастауы. Ұлттық болмысымызда отбасы – ынтымақтың, сыйластықтың, имандылықтың мекені. «Отан – отбасынан басталады» деген дана халқымыз әрқашан отбасы берекесіне ерекше мән берген. Қазіргі заманда отбасының беріктігі – мемлекетіміздің тұрақтылығы мен болашағының кепілі. Сондықтан әрбір азамат өз отбасының гүлденуіне, бала тәрбиесіне, жақындарына мейірім мен қамқорлық көрсетуге үлес қосуы тиіс.
Адам өміріндегі ең қасиетті, ең қымбат ұғымның бірі – шаңырақ шатттығы. Ол – сүйіспеншілік, мейірімділік, тәрбие мен қамқорлықтың қайнар көзі. Отбасы құндылықтары – ата-ананың балаға беретін тәлім-тәрбиесі, ұлттық дәстүрге деген құрметі және бір-біріне деген сенімі мен сүйіспеншілігі арқылы қалыптасады. Отбасының негізін, шындығында, махаббат сезімі құрайды. Бұл дегеніміз отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлуі, қамқорлық жасауы, қолдау көрсетуі және отбасы мүшесін қандай кемшілігімен болса да қабылдай білу. Махаббат бар жерде өзара үйлесімділік, эмоционалды берік байланыс, әрі бақытты отбасы болуға деген ұмтылыс болады.
Екінші маңызды отбасылық құндылық – құрмет көрсету. Сыйластық – әр отбасы мүшесін жеке тұлға ретінде мойындау, олардың пікірлерін, тілектері мен қажеттіліктеріне құрметпен қарауды қамтиды. Сыйластық бағаланатын отбасында ашық диалог болады. Ондай отбасы өзара түсінісіп, адамның ерекшелігін, айырмашылығын қабылдай біледі. Әрбір отбасы мүшесінің жеке шекарасын, мәдени және діни дәстүрлерін құрметтеу сенімді қарым-қатынас орнатуға және бірлікті нығайтуға ықпал етеді.
Қазақ халқы ежелден отбасын қасиетті шаңырақ деп таныған. Ата мен әже – отбасының ақылшысы, ал әке – тірегі, ана – жүрегі. Осындай құрылымда өскен бала адамгершілікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үйренеді. Отбасындағы тәрбие – бала болашағының іргетасы. Бүгінгі таңда жаһандану заманында отбасы құндылықтарын сақтау аса маңызды. Өйткені шынайы махаббат пен рухани жақындық адамды қоғамнан бөліп тұрған емес, қоғаммен біріктіріп тұратын күш. Тәрбиелі, білімді, жауапты ұрпақ – берік отбасының жемісі.
Отбасы құндылығын сақтау – баршамыздың міндетіміз. Отбасының берекесі – елдің берекесі. Сондықтан әрбір адам өз отбасына құрметпен қарап, бірлік пен татулықты сақтай білсе, ол бүкіл қоғамға оң әсерін тигізеді.
Қорытындылай келе, отбасы – тек жақын адамдар тобы емес, ол – өмір мектебі, рухани дамудың бастауы. Отбасы құндылықтарын сақтау – келешек ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын маңызды қадам.
Әбдіхалық қажы Наметов,
Жаңақорған аудандық орталық мешітінің бас имамы