Төрелік төрге оздырады

Қырым артық еті жоқ сылыңғыр тұлғасына сырбаз мінезі үйлескен ардагер ағамыз Әбдімәлікұлы Төребек ақсақал келді редакциямызға. Жұрттың аузында Төрежан атанып кеткен бұл кісінің қарапайым еңбек жолына тоқталсақ, жетікластық білімнен кейін жағдай болмағандықтан оқи алмай қалғанына өкініші жоқ емес тәрізді. Бірақ етінің тірілігінен техниканың құлағында ойнап, тілін жетік біліпті. Аудандағы №1 автобазада жүргізуші болып жүрген жерінен «талағында биті бар» баланың алғырлығын аңдаған Сапарбаев Махметжан ағасы қабілетіне сеніп сауда ісіне тартқан көрінеді. Сөйтіп көп жылдар автодүкен меңгерушісі болғанын айтады. Зейнетке шыққанының өзіне ширек ғасыр уақыт өткен қарияның жасы бүгінде сексеннің алтауында. Алға қойып отырған жоспары әлі де бәкүн-шүкін ұсақ пенделіктен биік, өзінше бір мағыналы, мазмұнды табиғатына тәнті етті. Көңілді бұрып, құлақты түріп ақсақалдың әңгімесін зер сала тыңдадық.
Қызмет бабында араласу бір бөлек, қапапайым өмірде де өресі биік, өрісі кең, табиғаты ерек тұлғалар ешкімнің ескертуінсіз-ақ бір-бірін тауып, бір-біріне тартылып, оның соңы есепке құрылмаған қарым-қатынасқа – достыққа, бауырлыққа, тіпті үрім-бұтағына дейін жалғасар құдіретті туыстыққа айналып кете баратын ғажаптан да кенде емес екен мына өмір. Қария өзінің осындай пайымға келуіне негіз болған төмендегі мысалды өз өмірінен әңгімелеп беріп отыр.
– Мына жасыма дейін жақсыны да, жаманды да көрдік қой, шырағым. Көзін ашқаннан кәнігі кәсібі – егін шаруашылығында енапат еңбек етіп, ел тіршілігін тіктеуі өз алдына, кісілік қасиетімен көпті соңына ерткен, ел ішіндегі дау-шарға әділ төрелігімен әйгілі болған Үсенұлы Ергешпен тірлікте терең сыйласқан жан едім. Ол кісіні осы заманның биі десек болар еді. Өкіініштісі, өмірден ерте кетті. Тұрлыбек есімді өзінің ісін, ізін, өнегесін тірілткен ұлы әкесінің жасынан да ерте өмірден озып кетті. Міне, осы кісінің басқа балалары менімен тығыз қарым-қатынас жасап отыр. Қандай игі іс бастаса да мені алдына салып, батамды алып, әке орнына әке тұтып, сыйлап тұрады. Ергештің Зәтан деген кенже ұлы спорт кешенін салып ашылу салтанатының қарсаңында екі-үш күн үйінде қонып, шараның басында болып, жаңа нысанның тұсауын кесіп қайттым. Туған әкеге деген құрметтің шыңы – оның достарын сыйлау, хал-қадірінше көмек көрсету дейтін болсақ, соның үлгісі осындай-ақ болар. Ендігі айтпағым, осындай жанмен бірге жүрген достығымыздың бір парасы бізді халықтың қаһарманы – Бауыржан Момышұлымен жүзбе-жүз тоқайластырып еді. Сол оқиғаны айтып берсем» деді.
Әрине, қуана келістік. Ақсақалдың әңгімесі төмендегіше өрілді: «Өткен ғасыр, сексенінші жылдардың о жақ, бұ жағы кезі. Ергеш аға жаңа 412 «Москвич» көлігін алған. «Сарыағаш» курортына жол жүрмек екен. Жанында ауылдасы Ерхожа еретін болыпты. Маған да бірге жүр, «Москвичті» айдайсың деді. Путевкіні қайтемін деп ем, ол жағынан саспа деді. Санаторийге барып сәтті орналастық. Емімізді заңды алып жатырмыз. Бір күні тротуар бойына тізілген көпшілік сонадайда асықпай жүріп келе жатқан Бауыржанды күтіп ошарылып тұрғанын байқадық. Жалаңбас, қолына сәнді таяғын ұстап, жеңіл аяқкиім киген батыр басын изеп, жанымыздан жайлап өтіп бара жатты. Ерекең сол мезет дүкеннен қағазға орап бірнәрсе алып шықта да, бізге «Баукеңнің соңынан еріп, жатқан жерін білейік. Рұқсатын берсе, ішке кіріп сәлем берейік. Тонымызды шешіп алмас, қабылдамаса қайтармыз» деді. Бөлмесін жаңа жуып шығып жатқан толық орыс әйел біздің келгенімізді хабарлап, кіруге болады деді. Үшеуміз тізіліп кіріп сәлем бердік. Баукең креслода шалқасынан түсіп жайғасқан қалпы сәлемімізді жылы қабылдады. Танысып, ел жағдайын сұрап, әңгімеміз әдемі өріле түсті. Батырдың түр-тұлғасына жақыннан байыппен ой жіберіп отырмыз. Креслоның қос қапталына қойған қолының саусағы менің екі саусағымдай келеді. Көз шарасы тостағандай өте үлкен, қабағы сұсты. Тек даусы бәсең, әр сөзін асықпай сөйлейді. Соғыс күндерінен де ой тербеп, «Е, талай қар жастанып, мұз төсенген күндер өтті ғой» деді. Өзінің жастық шағынан да естелік айтып, әскери училищеде төмен баға қойған мұғалімнің үстінен апелляцияға беріп, жеңіп шығып, университетке қабылданған оқиғаны да баяндап берді. Осы кезде батырдың алдына бірге кірген жаңақорғандық үшеудің бірі – Ерхожа құрдасымыздың «Сіз Сталиннің алдында қарсы сөз айтып, соның кесірінен батыр атағын бермей қойыпты дейді ғой. Сол рас па? деп қойған сұрағы бізге де төбеден түскендей әсер етті. Батыр оған ошарыла бұрылып сұсты жанарымен туралап қарады. «Саған оның не керегі бар? деді сосын. «Мәселен, маған орыстың салпылшақ темірінің керегі жоқ. Бастысы, халқым бағалап, ерлігімді білсе болды» деді ол. Ары қарай томпиып үндемей қалды. Әңгіменің мәнісі қашып, қипалақтай бастағанбыз. Ерекең тағы тауып кетті. «Аға, бізде көлік бар. Ташкент мынау тұр. Ертең демалыс, ескерткіш болсын, бізбен бірге қаланы айналып қайтуға қалайсыз?» деді. «Болады» деді Баукең. Қуанып қалдық. Бағана осында жүрерде Ерекең «батыр қабылдап қалса құр кетпей, қолына ұстатып кетейік» деген соң, елу сомнан ақша шығарып, 150 сомды қағазға орап алып келіп еді. «Мынау ертеңгі жолыңыз бар, дәрі-дәрмекке керек бола ма» деп конвертті қорқа-қорқа ұсынған. «Жарайды, алайын. Карман не берет» деп қолымызды қайтармады. Келесі күні айтылған уақытқа дайын болып, қақпа аузына келіп тұрдық. Осы сәт бізді санаторийге жатқызған дәрігеріміз Шиелінің жігіті еді, сол жігіт ұшыраса кеткені. «Қалаға мен де баруым керек еді, ала кетесіздер ме?» деген соң мақұл дедік. Ол халатын шешіп киініп келмекке жүгіріп кетті. Бір кезде батырдың төбесі көрінді. Басында қара шляпа, қара көзілдірік, ақ көйлек, қара кастюм киген, қолында сәнді таяғы, асықпай басып көлікке жақындады. Есікті ашып тұрдық, батыр сол аяғын салып, енді толық жайғасып отыра бергенде тағы да Ерхожаның «Бауке, бір кісіні күте тұрамыз ба?» дегені. «Сол кісіңді күте бер» деді де батыр машинеден шыға берді. Үшеуміз аңтарылып тұрып қалдық. Бірдеңе деудің, бір әрекет етудің мәні жоқ. Бәрін бүлдірген Ерхожаның да, қайрансыз қалып қойған біздің де өкінішіміз ішті өртеп барады. Ары қарай еміміз ем болмады. Ауылға қайтып кеттік. Қос Ерекең де осы өкінішті өмірлерінің соңына дейін айтумен кетті.
ТҮЙІН: Осы бір хиқаяны айтып берген Төрежан ағамыз асыл дос, жан жолдасы Ергеш Үсенұлы туралы кітап жазбаққа отырыпты. Аға толқынның бір асыл борышы осы. Өткен өмір, озған уақытқа төрелік ететін де осындай тұғырлы ағаларымыз ғой. «Ниетіңізге жеткенше Аллам жүрім берсін, аға!» деген іштей тілекте қала бердік.
Баян Үсейінова




