» » «Адал қызмет иегері» деген төсбелгіні кеудесіне тақты

«Адал қызмет иегері» деген төсбелгіні кеудесіне тақты

Алпамыш Кенжеұлы туралы көп білмесек те, қызметі адал жан ретінде танимыз. Қарапайым еңбек адамы, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған ел ағасы жақында «Адал қызмет иегері» деген төсбелгіні кеудесіне тақты. «Санат» республикалық кәсіби даму орталығының директоры Алпамыш Жүсіповке осындай құрмет білдірді.

Ағамыздың өмірдерегіне көз жүгіртетін болсақ, ол жастайын көлік тізгіндейді. 1973 жылы еңбек жолын бастайды. Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында 5 жыл шофырлық қызметін бастаған ол 2017 жылға дейін үздіксіз бір саланың жүгін көтерді.
– Техника тілін түсініп, мектеп бітірмей жатып осы салаға бет бұруды жөн көрдім. 1971 жылы мектепті бітіргеннен кейін біржола осы қызметті таңдадым. Шүкір, жаман болмадым, осы жылдар ішінде тек өзімді жақсы қырынан көрсете білдім. Абыройлы еңбектің арқасында зейнетке шығып, бүгінде жеке шаруашылықтың тізгінін ұстап келемін. Осы жасқа келіп өмірден түйгенім, қызметің адал болу бәрінен де биік тұратынын түсіндім. Сондықтан жастарға айтарым, қай саланың көшіне ілессеңдер де, еңбек еленеді, тек ісіңе шынайы көзқараспен, адалдықпен атқару керек, – деді ол.
1978-86 жылдары райком партиясының екінші хатшысының шофыры қызметінде болады. 1986 жылдан 18 жыл ПТП-2-нің автобус жүргізушісі болып қызмет атқарады. Ал зейнетке 2017 жылы шығып, қазір жеке кәсіп иесі атанып отырған Алпамыш Кенжеұлының еңбек жолы осындай. Еңбегіне сай уақытысында марапат биігінен көрінген.
– Қазан айының соңғы демалысы «автомобилистер күні» аталып өтілетін еді. Сол мерекеде марапат тізімінде тұратынбыз. Кеңшілік заман болса да, екінің брі «Алғыс хат» арқалай бермейтін. Бірақ еңбек елеусіз қалмайтын, жұмыс та көп. Сондықтан таршылық заман болса да, пейіліміз кең болды. Міне, біздің алаңсыз еңбек етудегі биігіміз осының арқасында, – деді ағынан жарыла.
Бүгінде жары екеуі 4 ұл, 1 қызды тәрбиелеп, сан саланың тізгінін ұстап, еңбек етуге баулыды. Ұстаз, құқық қорғау саласында да ұл-қызы қызмет етуде. Ал жары қанша жыл аудандағы телекоммуникация қызметкері болып еңбек етті. Сондықтан кешегі алған медальі де ерен еңбегі үшін деген жаңақорғандық жерлестер ел ағасын марапатымен құттықтайды.

Әлібек ТЕМІРБЕК
12 маусым 2020 ж. 890 0