№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Домбырашы атаның немересі

Домбырашы атаның немересі


Редакциямызға кент тұрғыны, мәдениет саласының ардагері, күйші Оразбай Маханбетов ағамыз келді. Жанында қолында домбыра ұстаған немересін ертіп алыпты. Қариямен сәлемдесіп «отырыңыз» деп орындық ұсындық. Ол жайланып отырғаннан кейін жай ғана әңгімесін бастады. Биыл көктем республикалық байқауда жоғары сыныпта оқитын немересі Ақзеренің бірінші орын алып келгенін мақтанышпен жеткізді. Ал мына қасында отырған немересі мектепте төртінші сыныпты, ал өнер мектебінде бірінші сыныпты тәмамдапты. Өнер мектебіндегі ұстазы Зәуреш Хасанова «Көке, тіл-аузым тасқа, мына балаңыздың күй шертісі менің төрт жыл оқыған балдарымнан артық, сірә өзіңізге тартқан. Сұқ көзден сақтаңыз, болайын деп тұр» деп қуантып қойыпты.


Немересі Дарханның аяқ алысына қарияның өзі де іштей сенімді сынды. Үйде де көрші бөлмеде жатып не­ме­ресінің домбыраны тыңқылдатқан әу­е­нінен артығын да, кемін де іштей саралап жататын әдеті.
Немересі бірінші сыныпта үш жыл­дық бағдарламаны меңгеріп тұр, сон­дықтан оның болашағынан да үлкен үміт күтетінін жасырмады.
Бұл қолдағы баланың ортаншы ұлы екен. Бөлек шығып кеткен балаларынан да немерелері бар. Бірақ ата деген жарықтық өзіне етене көңіл жақынын бөлекше икемдеп, көбірек еркелететін жағдайына куә болатын тұсымыз көп. Оразбай қарияның да күйшілік өнерінің ізін жалғар ұрпағының әр қадамына тілектес көзқарасы оның немересіне құлай берілген әрбір қозғалысынан аңғарылып тұр. Немересі де алғаусыз ықыласқа әбден лайық, тіп-титтей болса тектіліктің тұрқын танытып, айналасына ойлы жанармен көз тастап, домбырасын құшақтап томпиып отыр.
Мұның жасындағылар жаз күнінде дағдысынан жаңылып, доп қуып, телефон ойнап, белесебет теуіп елбе-делбесі шығып жүргенде егде жаста­ғы қарияның мақтанышына айналып, жанына еріп, серік болуға жарап қалған жас ұланның сәби күнінен үлкендердің ақылын алып, төрде ілулі тұратын атасының домбырасына егелік етуге әрекеттенгенінің жемісіне өзі де марқайып отырған секілді.
Біз балдырғанның орындауын­да Құрманғазының «Балбырауынын», «Адай­ды», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымын» тыңдап таң-тамаша қалдық. Тамаша орындау, тек атасы­ның айтқанындай, баланың балғын саусағының қысқалығынан перне сызығына дөп түсе алмай қалатын тұстарда ырғақты толық ала алмай қалуы мүмкін, бірақ жалпы орындау шеберлігіне келгенде оқу-тоқудан бұрын бесікте жатқанында-ақ құлағына кірген, бабалар жолымен қанына сіңген өнер сабақтастығының заңдылығына шынайы көз жеткізгендей болдық.
Жетісайдың сүлейі Бауыржан Бекахметов «Жетпіс шамның жарығы күндей жарық бола алмас, жетпіс жеңгең болса да бір анаңдай бола алмас» деген екен.
Десе де әке-шеше алақанынан да ата тағылымын биік қойған халық дәстүрінің өрнегі осындай.
Оразбай атаның өзі де талағының биті бар деп бағалаған осы бір немересіне ерекше ықыласын жасырмады. Оны басқа немерелеріне үлгі қып отырады екен.
«Жаман қойшы өрісін бір күнде тауысады деген. Аналар сияқты арсың-гүрсің болма. Кезеген ит боқ басар, құр сенделіп жадап-жүдегенше жақсы сөз тыңда, шабар аттың тоғы жақсы, тамағыңды тойып іш» деп әрдайым өзіме қарай икемдегенге көнген баланы айт» деп тоқмейілсіген қарияның да немересіне жүдә разы екеніне біз де сүйсіндік.

Баян Үсейінова

08 маусым 2024 ж. 186 0