Әр жастың өз әдемілігі бар

Әділбекұлы Әбдіхан ұстаның (суретте) жасы тоқсанның төріне келіпті. Қарияны Қыраш ауылындағы қарашаңырағында кездестірдік. Бұл үйде ұлы Жарылқасыннан бес немересі бар екен. Арыс және Мұхаммед деген екі немересі (суретте) дипломдарын алып келіп қуантып жатыр екен. Өзі жасынан ұста болған Әбдіхан көкеміз ұрпағынан ешкім ұсталықты нақты кәсіп етпегенін айтты. Одан соң бізбен кең отырып жас кезіндегі өзінің ұсталық өнерінен біраз оқиғалар айтып берді. Ұққанымыз, табиған бойға қабілет дарытқан талант иесінің кәсіби білім алған дипломды маман иесінен де өткен білгір, зерек бола алатындығы.
Бірлік совхозы тарқамай тұрған уағында кеңшар гаражы жанында ұста дүкені болған екен. Сонда көрік соғатын ұсталар қатарында Әбдіхан көкеміз бұзылған трактордың да ақауын жылдам тауып, қыста тоңып, жазда ми қайнатар ыстықта тер төккен механизаторлардың талай алғысын алғанын айтты.
Өзі бір жақта ұста бар деп естісе, сәлем беріп барып, өнерін үйренбекке асығады екен. Жиырма бес жасында Жаңақорғанда Әлімбет ұстаны іздеп келіпті. Ақшыл жүзді келген сәулетті кісі еді дейді. Дүкені тап-таза. Бұл кісіден кетпенді жасауды үйреніпті. Ол кезде алпысыншы жылдар, Әлімбет ұста тоқсан алтыда екен.
Әлімбет ұста сол кездің өзінде жүзінен нұр саулаған саламаттығын ала жаз бие байлатып, саумал ішкеннің пайдасы дейтін көрінеді. Әбдіхан көкемізде де ондай жағдай бар. Ауылдағы шаңырағында кешеге дейін балалары бие байлап, жылқы баптады. Мына немерелері шетінен шабандоз көрінеді. «Өз әкем де шабандоз болған адам. Мен де атқа үйір болдым. Әкем ұста болған. Мен құсап дүкен ұстамады. Колхоздың ол кезде дүкен ұстайтын шамасы жоқ. Колхоздың бар күш-көлігі арба, оны айдайтын Ақылбек басқарманың келіні Ұлбала жеңгеміз еді. Керемет қарулы кісі болды. Ол кезде қанар қапты қолмен тоқиды. Қабы 100-120 келі келетін бидайды арбаға лақтырып салып жүре беретін Ұлбала жеңгеміз. Ері соғыстан келмеді ғой. Төркініне кетіп, бір ошақтың оты сөнбесін деп Ақылбек басқарма өзінің ұлы Бауырханын сол келінінің бауырына салды. Одан өсіп-өніп бір қауым елге айналған әулеттің анасы болып Ұлбала жеңгеміз жүз жасады деді Әбдіхан ұста.
Ұстаның әңгімесі тағы кәсібіне ойысты: “Ауылда трактор істеуге көңілім қатты ауады. Бір күні механизатор інім ұстаханама әбіржіп келіп тұр. “Тракторым ремонттан енді шығып еді. Оталдырсам бырқылдап барып тоқтайды” дейді.
Трактордың блогы мен секцияның екі арасында қол зорға сиятын жерде ұшын шнурмен бекітетін труба бар. Оған ешкім назар аудара бермейді. Оның басындағы майды реттеп тұратын шарик суықта солярка құйғанда су араласып тот басып қозғалмай қалады. Шарик насоспен келген майды аз болса көптеу жіберіп, көп болса жабылып қалып реттеп тұрады. Сол тот басып қалған-ау деп көруге кеңес бердім. “Ойбай көке, мына қараңызшы, сіздің атқаныңыз анық келді, оталып тұр. Шарикті шүберекпен сүртіп, тазалап тотын кетіріп ем, тракторым оталды” деп бір қуанады айналайын. Неше күннен беру механик бір, инженер бір бөлшекті айтып, оны ауданнан таппай қаладан күтіп әбден сарсылған екен. Сөйтіп әп-сәтте жөнделді”, деді қария. Бұл ұстаның әңгімесінің бір парасы ғана, көкіректе әлі қанша сыр жатыр.
Баян ҮСЕЙІНОВА




