» » Атадан қалған кәсіпті қолға алды

Атадан қалған кәсіпті қолға алды

Ермаханбет Әлменов ағаны қорғантоғайлықтар «Ерман» дейді. Өзі сөзге жоқ, іске епті. Түрлі салаларды меңгергенімен былтырдан бері атадан қалған кәсіпті қолға алған. Яғни ұсталық өнерді дамытуға бел буды.


Атасы Әлімбет дүкен ұстап, көпшілікке шарапаты тиген адам болатын. Ол 1904 жылы туып, Жаңақорған кентінің Қорғантоғай аумағында ұсталық еткен. Ұстаны сол кездің қарияларынан білмейтіні жоқ. Шаруақор жандар тұрмысқа қажетті айыр мен күрегін, балта пен кетпенін, тіпті орағын да осы кісіге жасататын. Бейнеткеш ұста ұстаханасына келген кез-келген жанның меселін қайтармауға тырысып, қолынан келген көмегін аямайтын дейді көнекөздер. Әкесі Алданазардан теміршілік, өнерін он жеті жасына дейін үйреніп, ата-баба кәсібін халық игілігіне жұмсаған. Ел ішіне кәделі ұста болған, ешкімнен кесіп ақы сұрамаған деседі.
Міне Ерман аға сол кісілердің ұрпағы. Ұсталық өнер атадан балаға қонып, халыққа қызмет етуге жетелейтіні анық. Ерекеңде кеңсе қызметінде істеуге шамасы жеткенімен, атаның аманатына адалдық танытуға тырысып бағады.
– Бабаларым жаугершілік заманда ең қажет құрал-сайман – қару-жарақ және зеңбірек соққан ұста болған деседі білетіндер. Маған да сол кісілерден қасиет дарып енді ғана қолға алдым. Кәсібім жарамсыз болып қалған темірлерді және бу пештерін қалпына келтіру. Алда осы кәсіпті кеңейтсем деген ойым бар, – дейді бізбен әңгімесінде ол.
Бүгінде Әлімбет ұстаның ұстаханасы әлі бар. Баба мұрасын қастер тұтқан балалары көненің көзін бүгінге дейін көздің қарашығындай сақтап келеді. Бірақ мұнда әйел затына кіруге тыйым салынған. Сол заманда ауданда басшылық қызметте жүрген әйел азаматы аяғымен кіргенімен ауруханадан бір-ақ шығыпты. Содан бері ұстаханаға әйел затын кіргізбейді екен.
Бұл – ұстахананың қадір-қасиетін білдірсе керек-ті. Бабалары артында қалған мұрагерлеріне алтын күміс соғуды жолдан тайдырады деп рұқсат етпеген.
Жалпы, ұсталық кәсіпті түркі тектес халықтар «киелі өнер» деп санаған. Темірді балшықша илеп, одан түйін түйетін шеберлердің атын атамай «Ұста» деп әспеттесе, ұстаның жұмыс орны «ұстахана» деп аталған. Ұстахананы «қасиетті орын» – деп түсінді. Ұстаның қолынан шыққан тұтыну заттарын аялап, ерекше қастерлеп күтіп ұстаған. «Ұсталы ел озар, ұстазы ел тозар» деген сынды нақыл сөздер сол замандардан бізге жеткен.
Ерман ағадан кәсібі жөнінде айтып беруін сұрадық.
– Үкімет кәсіпкерлерге түрлі жағдай жасап отыр. Тіпті карантин кезінде салықтан босатты. Жеңілдетілген несиелер беріп жатыр. Осының бәрі кәсіп іздегендерге көп мүмкіндік. Бірақ мемлекет қанша жерден жақсылық жасағанымен жеке адам бастаған ісін жанымен жақсы көріп, өнер деп бағаламаса, онда кәсібі алға баспайды. Қалауыңмен жасаған еңбек кез-келген бәсекеге татыйды. Сосын, кәсіпкерлік деген үлкен мәдениет. Көпшілікпен сөйлесу, жүріп-тұру, оқу-іздену, азаматтық қоғамның қалыптасуына араласу, белсенді болу, отаншылдық мәдениетін тудырады. Өйткені өз қолымен еңбектеніп жасаған дүние қадірлі. Әлем елдеріне зер салсақ, шағын және орта кәсіпкері көп, азаматтары жаппай кәсіпкерлікпен айналысатын ел ең қуатты мемлекет. Осы тұрғыдан алғанда Үкімет соңғы кездері шағын және орта бизнесті дамыту үшін біраз бастаманы жүзеге асырып келеді. Сонысы бізді қуантады, – деді ол.
Ұсталық өнерді қолға алып, баба жолын жалғауды мұрат еткен бүгінгі кейіпкеріміздің сұраныс болса күрек пен кетпен соғып, және т.б ел кәдесіне қажетті құралдарды қалпына келтіруге қабілеті жетеді. Ата-бабасының ұсталық өнерін дамытуға ниет еткен Ерман ағаға табыс тіледік. Қадірлі мамандық саналатын ұстаның қолы берекелі болғай!

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
22 тамыз 2020 ж. 585 0