№24 (8838) 5

05 сәуір 2025 ж.

№23 (8837) 1

01 сәуір 2025 ж.

№22 (8836) 29

29 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Қадірлеген шаңырақ қасиетін

Қадірлеген шаңырақ қасиетін


Аталары Бегман он саусағынан өнері тамған ағаш ұстасы болса, әкесі Сейтмахан темірден тұрмыста тұтынатын түрлі бұйымдар мен шаруашылыққа қажет құрал-саймандар соққан. Атасы мен әкесінің өнерін жалғаған Шермұхаммед ағамыз да кеңестік шаруашылыққа жегілген, трактор-комбайнның ақауын тауып, техника тілін терең түсінген шеберге айналды. Араға жылдар салып ортаншы ұлы Ғазиз де әке аманатын арқалап, өндірісті өркендетуге бар күш-жігерін салып, отбасылық бизнеске айналдыра алды. Ол аз десеңіз бүгінгі күні немерелері атакәсіптің керегесін кеңейтуге ниет танытып, мектепішілік ғылыми жобаларда көш бастап жүр. Бір сөзбен айтқанда, бес атадан жалғасқан ұсталар династиясының нағыз шынайы болмысын қалыптастырған Бегмановтар әулеті өзгелерге өнеге бола алатындай отбасы.

«Жұмысшы мамандықтар жылын» жалаулатып Қожакентке арнайы сапарлап, елдің алғысын арқалаған азаматтардың бір күндік тыныс-тіршілігімен таныстық.

ХХІ ғасыр – техника мен технологияның дәурені. Темір-терсекті қажетіне идіре білгендер және компьютер мен телефонның тілін түсінген маман иелеріне сұраныс жоғары, ұсыныс та өте көп. Өйткені заман ағымы жылдам дамып, ғылым жүйесі тоқтаусыз жаңаруда. Сондықтан өскелең жастарды ғылымға барынша бағыттау мемлекет­тің басым міндетінің бірі. Біз бұ­ған дейін де Шерман ұстаның шеберханасында болдық. Аядай құтханадағы қызу тірліктің түтіні сөнбей, қайта үлкен кәсіпке айналғанын көзбен көрдік. «Әке көрген оқ жонар» демекші, алдымен әкесінің бекзат өнерін өшірмей, қайта өрге сүйреп, шағын кәсіптің шырайын кіргізген ұлы Ғазизбен пікірлескен едік.
– Науқан уақыты жақындады, наурыздың ортасынан дала жұмысына дайындық басталады. Техниканың барлығын бір тексеріп, кем-кетігін түзейтін уақытта диқан қауымы біздің шеберханаға бір келіп кетеді. Жаңадан станок, яғни темір түзейтін, жонатын құрылғы алған болатынбыз. Маусымдық кезеңде, көбіне күзде тапсырыс көп түседі. Сыр беткейдегі ауылдар­дың егін егетінінің қолында міндетті түрде техника болады. Техника бұзылмай тұрмайды, сондықтан шағын шеберханамыздың есігін бір қағатыны бар. Біздің басты мақсат – сапалы қызмет көрсету. Шыны керек, темір ұстасы болу оңай шаруа емес. Оны бала кезімнен әкемнің ісінен байқайтынмын. Кейіннен көз де үйренді, қолдың да ептілігі келіп, әкемнің батасымен ата кәсіпті қолға алдым. Шүкір, ең бастысы, тұрғындар дән разы, одан асқан қандай құрмет керек?, – дейді Ғазиз ағынан жарылып.
Халық мұраларының үлкен бір мәуелі бұтағы – атакәсіп. Атакәсіп – телегей-теңіз дүние арасында ауқымды орны бар, халық болмысымен ежелден біте қайнасып келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазіргі уақытта да тарих сахнасы­нан түсіп қалмай, жаңа даму кезеңін бастан өткізіп отырған халық шаруашылығының бір санаты­на жатады. Сом темірді иіп ауылдастарының сұранысын сапалы орындап жүрген Шерман ұста темірден ою ойып, түйін түйетін бұл өнер атаның қанымен келгендіктен атакәсіпті барынша қадірлеп, құрметтейді. Жастарды да асыл өнерге баулып, оның қыр-сырын үйретіп келеді.
– Аталарым елдің алғысын алған дүкеншілер. Олар көрікпен металды балқытып, қыздырып төсте иін қандырып, түрлі бұйымдар жасаған қолөнер иесі болды. Аманат өнерге қиянат жасамау үшін шеберхананың есігін жапқан емеспін, – деп бастады әңгімесін Шерман Сейтмаханұлы.
Жүректің дүрсілін балғаның гүрсілімен үндестірген дүкенші ұсталық өнерді бала кезіңде бойына сіңіріп, оны жетік меңгереді. Атасы Бегман киіз үйдің керегесін иген ұста, әкесі Сейтмахан темірден тұрмыста тұтынатын түрлі бұйымдар мен шаруашылыққа қажет құрал-саймандар жасайтын темірші болды.
– Әкемнің шеберханада күн ұзақ үздіксіз соққан балғасының тықылы құлағымда әлі жаңғырып тұр. Аттың үзеңгісі, ауыздық секілді ер-тұрманмен қоса соқаның, тырманың тісін және т.б. жасағанын көзбен көрдім. Сондай-ақ ауылдастарына қажетті шалғы, орақ, күрек, кетпен, тесе сияқты сайманның жүзін төске салып, балғаның сүйір қырлы жүзімен ұрып, шыңдайтын бесаспап кәсіби маман еді. Бір сөзбен айтқанда, ауыл тұрғындарының тұрмыстық бұйымдарын жамап, жалғап беретін. Әсілі, ұлт бойындағы ұлы өнер – ұсталық өнерге құмарлық осы кезден басталды-ау, – дейді дүкенші.
Шерман шебердің қолынан шыққан заттардың ішінде ең көп таралғаны – тұрмыстық заттар. Ол әсіресе күнделікті өмірде пайдаланатын бұйымның сан алуан түрін жасайды. Оның қолынан шыққан темірден жасалған киіз үй ауылда өткен жиын-тойдың сәні. Ал, шлакоблок кірпішін құятын аппаратты жаңақорғандықтар арнайы тапсырыс беріп жасатады екен. Әсіресе, Қаратөбе, Келінтөбе, М.Нәлібаев, Қыркеңсе тұрғындары оның қол еңбегіне көп жүгінеді. Алты шәкіртті тәрбиелеп, білгенін үйретіп жүр. Соның бірі өзінің ұлы Ғазиз бен немере інісі Исламхан. Оларға ұсталықтың атаның қанымен келе жатқан қасиетті өнер екенін ұғындыруда. Үйренемін, осы кәсіпті болашағым ретінде көргім келеді деген жастар болса үйретуге дайынбыз дейді. Мұндай мүмкіндік туғанда неге оқушылар үйреніп қалмасқа дейміз ғой...
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында дала өркениетінде ұсталық өнер өте жоғары бағаланды. Оның айтуына қарағанда, ұсталық – қасиетті өнер. Дала өркениетінде бұл кәсіп орта ғасырлардан бастау алады. Қаратаудың қойнауында металл өндірісінің орталығы болуы тектен-тек емес. Онда ұсталар көшпенділердің қару-жарақ, ер-тұрман, үй мүліктерінің алуан түрін жасауға себепші болды. Алаш баласы темірді балшыққа илеп, одан түйін түйетін шеберді «дүкенші» деп әспеттеген. Халық ұғымында «Дүкенші – елден ерекше күшке ие адам» деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан ұсталық өнерге құрметпен қарау қажеттілігін айтты.
Сапар соңында ауылдың азаматтары, аға буын ардагерлері тек қожакенттіктер ғана емес, жақын елді-мекеннің тұрғында­ры керек-жарағын жөндету үшін Шекеңнің шеберханасынан табылатынын растады. Қолы ашық ұста мүмкіндігінше алыс-жақын демей шын ниетпен өзгеге қол жәрдемін бере білді. Соның нәтижесінде жоғарыда айтқандай ел-жұрттың алғысын алған азамттың бірі де, бірегейі атанды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
01 наурыз 2025 ж. 161 0