Өнегеге өрілген өмір

Ұрпаққа тәлім беру – өмірлік іс. Жаратқанның адамзатқа берген асыл аманатының жауапкеркершілік жүгін ғұмыр бойы арқалап, адал ұрпақ тәрбиелеуден асқан ғибратты ғұмыр жоқ шығар, сірә?! Қарапайым еңбекпен жүріп тәрбиелеген он баласы бүгінде бір-бір саланың тізгінін ұстап, немере-шөберелер арасында алып дарақтай мерейі тасып отырған аяулы ана Гүлшат Әбілтанованың қарашаңырағында болып, әңгімелесудің сәті түсті.
Биылғы жұмысшы мамандықтар жылына орай сексен жастағы Гүлшат апамыз ауыл әкімінің ұйғарымымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
– Еңбек еленбей қалмайды екен. Қырық жылдан астам уақыт қой бағып, әкеден ерте қалған ұл-қыздарымды аяқтандырдым. Ешқайсысын қатарынан кем етпей, жоғары білім алуына тер төктім. Бүгінде барлығы өз алдына отау құрып, елге қызмет етіп келеді. Балаларымның еш жаман аты шықпай, абыройлы еңбек етуінің арқасында елдің құрмет-қошеметіне бөленіп отырған жайым бар, –деп бастады сөзін ақ жаулықты анамыз.
Әлқиссаны әріден бастасақ, Гүлшат Сұлтанқызы жастайынан бейнетпен шыңдалып, еңбекпен есейген өмір жолына өкпе артқысы келмейді.
Ері Биғазыдан 1984 жылдың аяғында кенеттен көз жазып қалды. Үлкен шаңырақтың төбесі ойылып, ортаға түскендей болды. Шиеттей бала-шаға. Үлкені – Күлән студент.
– Жолдасымның қазасы қабырғамды қайыстырса да белімді бекем буып, одан әрі мықты болуға талпындырды. Қанатымның астында құлындарым бар, ептеп-септеп ел қатарына қосылармыз деген ой ылғи алға жетеледі, – деген Гүлшат апа одан әрі шопан өмірінің небір тауқыметіне табанды ерік-жігерін қарсы қойған кешегі күндерді еске алып.
«Момынның ақысын жемеймін» деген, Алладан үміт үзбей қасірет қайғыға ырық бермей, өзін-өзі қайрап, қызу тіршіліктің қазанында қайнап кете барды. Сол кездегі малшы қауымның «Жүз бастан жүз қозы» жоспарын жүзеге асырамын деп еңбектенді. Жаман болмады, ұл-қызын аяқтандырып, бір-бір түтін етіп шығарды.
«Алдыңғы дөңгелек қайда жүрсе, соңғысы сонда жүреді» дегендей, тұңғышы Күлән отбасының үлкені болудың жауапкершілігін арқалай білді. Каникулға келген бойда қойшы ауылдағы анасына көмекке баратын, оқуға қабілеті бар бауырларын өзі жетелеп ары қарай да өмірден өз орнын табуына көмектесті. Сөйтіп ұл да, қыз да бір-бір мамандықты меңгеріп, бір-бір отау иесі болды. Қазір сол қиыншылықтың бәрі артта қалды, Әбілтановтар Сүттіқұдық ауылындағы өнегелі отбасының біріне айналды.
Гүлшат апа өмір ағысында перзент те болса мейірімі бөлек Күләнына арқа сүйегенін ақтады. Энергетика саласының білікті маманы, инженер Сабырхан Байдалиевпен бас қосып, өзі аудан өнер саласын өрге сүйреген Күлән Биғазықызының өмірі өз алдына бір әлем. Ер азаматын қадірлеп, ортасына сыйлы, отбасына адал болуы анасы Гүлшаттан сіңген ұстаным дер едім.
– Бір әкеден тараған онымыз да анамыздың ақ сүтін ақтап, абыройлы еңбек етіп келеміз. Қиын-қыстау кезеңде анамыздың ақылына арқа сүйеп, еңсе тіктедік. Бір-бірімізге демеу болып, өмірдің бақытын таптық. Көркем мінезінің арқасында қайыстай ширап, қанатымыз қатайды, – дейді Күлән апайымыз.
Анасын Бибіфатимадай сыйлап, қас-қабағын бағып, аялы алақанына салып, жылы-жұмсағын ұсынып отырған қарашаңырақтағы ұлы мен келіні Бимен мен Мөлдірдің ықыласы бір бөлек. Бала күнінен мал шаруашылығын көріп өскен Бимен ветеринария мамандығын оқыды. Бүгінде Сүттіқұдық ауылында мал дәрігері болып еңбек етеді. Құрманғазы, Нұрман, Ерман, Ғалымжан аудан орталығында мәдениет және білім саласының мамандары, қыздары Күлпан мен Маржаннан бастап келіндері ауданға белгілі білікті ұстаздар. Кенжесі Ізбасқан Жаңақорған РЭК мекемесінің басшысы болып қызмет етуде. Гүлшат апамыз ұл-қыздарынан 33 немере, 29 шөбере тәрбиелеп отыр.
Ұл-қыздарының көкейінде қылаудай менмендік жоқ. «Мен басшымын, не қосшымын» демейді. Жайдары жүзінен нұр шашып, өзім деген адамға өзегін жұлып беруге бар. Мұның да бір сыры бар екен.
Әкесі көзі тірісінде балаларының тату болғанын қалап, күн сайын бір-біріне мейірімді болудың маңызын насихаттапты. Бірде Жайылманың су қоймасынан 20 шақырым жерде жайлауда отырғанда алыстан байқалатындай тастан бес шоқы өріпті. Бес баласын ертіп барыпты да «Кәне, балаларым, айтыңдаршы, мен неге бес шоқы жасадым?» деп сауал қойыпты. Балалар үнсіз қалыпты. Демін ішке бір тартып: «Айналайындарым-ай, менің бес шоқы тұрғызғаным бесеуіңнің бірлігің болса, таудай биік болғандарың. Қыз – жатжұрттық, сендер отанның иесісіңдер, бір-біріңді құлатпай, бірігіп еңбек етсеңдер береке-байлық өзі-ақ келеді» депті.
Міне, сондықтан болар, ұл-қыздары әкесінің ізі қалған аяулы мекенге барған сайын әке аманатын бойға бекемдей түседі. Жақында ғана Бесшоқыға барып қайтқан Ерман ағамыз тау табиғатын телефон камерасына таспалапты. Баяғыда өздері қоныстанған аумақтағы көзі бітелген бұлақтардың өзегін ашып, сай-саланы шарлап шығыпты. Елу жыл бұрын әкесінің тасқа қашап жазған ұл-қыздарының есімі әлі өшпепті.
Кезінде «Красная звезда» совхозының 700 бас қаракөл қойы осы төңіректе тебіндеп өсіп-өркендеді. Ұзақ жыл шопан болған әкесі Биғазы мен Гүлшат анасының саналы ғұмыры осы таудың ішінде өткендіктен ой-шұқырын жазбай таниды.
«Бесшоқы» төбесін қолдан құрап, мұнарадай биік етіп қалағаны анық байқалады. Оны тұрғызғанда әр баламның мәртебесі жоғары болсын деген ойдан туса керек. Ені бес құлаш, еңселі. Естуімше, бұрын бұл жер «Кекілік тау» делінген. Осы оқиғадан кейін «Бесшоқы» атанды.
Бүгінде Бесшоқыны су мүжіп, жел жұлмалаған. Онан қалды әлдебіреулер құрылыс үшін пайдаланған. Бұрыңғы бейнесі өте биік болған ұқсайды. Арада қанша жыл өтсе де төбеден белгі болып көзге ұрады. Аты айтып тұрғандай, шоқы шоқтығымен менмұндалайды.
Телефондағы тамаша табиғатқа толы суреттерге ұзақ зер салып, көзінен ыршып түскен мөлдір шықты ақ жаулығымен бір сүртіп тастап:
– Әкелерің бір аунап түскен болар, жиі барып, құран бағыштап жүргендеріңе қуанатын шығар. Біздің отырған там да тұр екен, қазан-ошақ та қалыбын бұзбапты-ау, –деді.
Ананың жүрек түкпірінде үлкен сағыныш бар. Он перзентін өсіріп өндірген киелі отаудың орнына маңдайын тигізіп тәу етсем дейді. Тау тасын қатар тізіп, қолдан кесегін қалаған күндерін еске алды. Екі бөлменің ортасында ошаққа дәу қазанын қойып, ас-ауқат қамдаған қымқуыт күндер де артта қалыпты-ау. Тезек теріп, қи ойып, жыңғыл тасып, шоққа нан жауып, құрт қайнатқан қара ошағының орны әлі де сақталғанына жүрек жұбанатындай.
Көңілге тоқ санайтыны, перзенттерінің бәрі әке аманатына адал болды. Перзенттік парыз деген осы болса керек.
Мақпал МАРҚАБАЙ



