№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қоғамдық монша мемлекеттің қолдауымен іске қосылды

Қоғамдық монша мемлекеттің қолдауымен іске қосылды


Қазақта «қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» деген бар. Яғни, өз қолыңмен тірлік істесең, тамағың тоқ болатынын меңзесе керек. Ол рас. Аудан орталығында кәсіптің көзін тауып, тындырымды тірлік етіп отырған отбасылар жетерлік. Бүгін біздің қозғағалы отырған тақырып – Елбасы Жолдауынан туындаған басым бағыттың бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Оның ішінде, отбасылық бизнестің көкжиегін кеңейту. Жасыратыны жоқ, бүгінде аудан орталығымен қоса, ауыл-аймақта да кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде.
Осы тұста, кәсіпкерліктің жас талғамайтынын қыркеңселік қария тағы бір мәрте дәлелдеді. Жетпістің желкеніне шыққан Өскен Абылбеков ауылдастарына нәтижелі кәсіптің үлгісін көрсетуде. Атшаптырым ауласы болмаса да, шағын ғана үй іргесінен қоғамдық монша ашып, халық игілігіне қызмет етуде. Еңбек жолын механизатор ретінде бастаған Өскен ақсақалды ауылдағы ағайын білікті агроном-гидротехник ретінде таниды. Әбдіғаппар ауылының аграрлы саласына айтулы үлесін қосқан зейнеткер ұлдарының ұйытқы болуымен кәсіптің осы түрін қолға алыпты. Әрине бұл бір жағынан ауыл тұрғындары үшін аса қажет әлеуметтік нысан болып табылады.
– Дана қазақ «еңбекпен тапқан нан тәтті» дейді. Бұл нақылдың астарында таудай тәмсіл жатыр. Себебі, кешегі бабаларымыз «жастайымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген мақалды тілінен тастамаған. Тоқырау жылдары түн ұйықтамай, күн ұйықтамай бала-шаға қамы үшін елдің еңсесін тіктеу жолында еңбек еттік. Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына бір кісідей атсалыстық. Енді міне, нарықтық заманға бейімделіп, кәсіпкерлікке ден қойдық. Алланың берген 5 ұл, 3 қызы бар. Шүкір, барлығы да отау тігіп, бір-бір отбасы болды. 2016 жылы ұлдарым «көке, ауылдан қоғамдық монша салып, елге қызмет жасайық» деген пікірлерін ортаға салды. Осылайша сол жылы іргетасын құйып, жеке қаржыға монша құрылысын бастап кеттік. Кейіннен мемлекет қолдауымен жеңілдетілген несиеге қол жеткіздік. Не керек, 10 миллион теңгенің жобасында қаржы құйылып, моншаны іске қостық, – деді Өскен Абылбекұлы.
«Жақсыны көрмекке» деп бізде заманауи моншаның ішкі мүмкіндігімен таныстық. Жуынатын бөлмелері кең. Құрғақ және дымқыл бу бөлмесі бар. Оған қоса, арнайы отбасылық жеке кабинасы мен моншаға қажетті заттар мен сусындар сататын шағын орын дәлізде орналасқан. Бір мезетте 16-18 адам шомылуға мүмкіндігі бар моншада 1 тазалықшы мен 1 отжағушы адам жұмыспен қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, қаладағы қоғамдық моншадан еш кем түспейді.
– Ауыл ортасынан заманауи үлгідегі моншаның ашылғанына қуаныштымыз. Өйткені, бұған дейін ауылда мұндай кең ауқымды бұқара арналған монша болған жоқ. Ендігі кезекте қолжетімді нысанның игілігін көрудеміз – дейді ауыл тұрғыны Балтабай Оразбаев.
Айтқандай, монша қызметіне қарашаңырақтағы кіші ұлы Самат Өскенұлы жетекшілік етуде. Әзірге қоғамдық нысанға қажетті суды арнайы су тасығыш көліктен сатып алуда екен. Себебі, ауылдағы ауыз су сағатпен ағатындықтан тұрғындар тарапынан түсініспеушілік тудырмас үшін осылай қарекет жасауда. Тағы бір айта кетерлігі – Өскен атамыз жұма күні түске дейін, жұма намазға баратын қарияларға моншаға түсуді ақысыз етіп жағдай жасапты. Бұлда болса, өз замандастарына деген құрметі болса керек-ті.
Иә, қашанда еңбек еткен адамның еңсесі биік. Байқайсыз ба, істің көзін тауып, кәсібін өрістетіп жатқандардың жоспары да, алдыға қойған мақсаты да айқын. Өйткені, олар өзіне сенеді. Мемлекеттің де қолдауы бар екенін біледі. Яғни, еңбектену қашанда берекет пен ырыздықтың бастауы. Ал, адал кәсіп жасау – адам болмысының туған жер, өсіп-өнген өлкесіне деген азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Осындай туған өлкенің кәдесіне жарарлық кәсіп жасап, бұқараның алғысын алып отырған әбдіғаппарлық Абылбековтер отбасының қарекеті көпке үлгі.
Тақырыпқа тұздық. Өткен жылы өңір басшысы аудан әкімдігінде өткізген басқосуда кейбір ауылдар мен елдімекендерде халық сұранысына сай тұрмыстық қызмет көрсету нысандарының жоқтығын сынға алған болатын. Яғни, қарапайым монша, наубайхана, шаштаразы жоқ ауыл тұрғындары аудан орталығына не көрші ауылға баруы өркениеттіліктің белгісі еместігін айта келе, мұның барлығы ауыл әкімдерінің істі дұрыс ұйымдастыра білмегенінің салдарынан екенін сөз еткен болатын. Сәтін салса, биыл Сыр өңірінде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында монша, шаштаразы жоқ ауыл-аймақтар бизнес-жоспарын бүтіндеп, жауапты өкілдіктердің табалдырығын тоздырса құба-құп. Бәлкім, енді ғана бастау алған «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік грантқа ілініп кетуі бек мүмкін. Тек, тынбай еңбектеніп, тиянақты тірлік етсе болғаны.

Әбдісамат ӘБДІШ.
21 сәуір 2018 ж. 1 687 0