№103 (8814) 31

31 желтоқсан 2024 ж.

№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » ҚАРДА ӨСКЕН ҚЫЗҒАЛДАҚ

ҚАРДА ӨСКЕН ҚЫЗҒАЛДАҚ

Таң сыз бере сыртқа шыққан оның айнала аппақ жауған қардан көзі қарыққандай болды. Желтоқсанның ызғарлы желі жанын жүдетіп, баяу ғана есік алдындағы ошақ қораға беттеді. Осында орнатылған нән қазанның астына от қойып, бір қойдың етін салды. Жылда осы күні ауыл-елді шақырып қызы Аяулымның рухына арнап құран оқытатын үрдісінің үзілмей келе жатқанына биыл сегізінші жыл
Бүгін күн бұлтсыз, аязы жоқ, аппақ қарар басқан аулада үйге кіруге асықпаған Назым апа тамның бұрышында жалғыз тал қызғалдаққа көзі түсіп, еріксіз солай қарай жүрді. Жаздыгүні жап-жасыл аулада жапырлап өскен жабайы қызғалдақтай емес пүліш күлтелі қызыл гүлдің қарды жарып өскенін көрген кім бар? Бұл да арманы ішінде кеткен мұңлықтың қатыгез тағдырды жеңген тас талабының белгісі ме екен, не болғанда тосындау құбылыс тағы да қызы Аяулымның жарқын бейнесін көз алдыға әкелді. Жазмыш деген осы шығар, ішінен шықпаса да аналық мейірімі ауып, жүрегінің шуағын аямаған шынайы пейілден Аяулымның жетім көңілінде осы отанның төл перзентінен бір де кем емес ақеділ сүйіспеншілік бүр жарып, осы жанұяның бір мүшесіндей болып кеткен. Бала күнінен бой жаздырмай келген бұғалықтан азат еткен бұл отбасы шынында оған тәңірдің таңғажайып тартуы еді. Ақтөбенің топырағында дүниеге келген Аяулым туған анасынан жеті жасында көз жазып қалған. Өзінен екі жас кіші бауыры Жұмагүл екеуін төркініне қалдырып ауруханаға емделуге кеткен аналары жүрекке жасалған отадан көзін ашпапты. Перзент қазасын көтере алмаған нағашы әжелерінің де жағдайы ауырлап, өмірден өтерде қолында қалған қос немересін өзінің інісі мен әйелі екеуіне аманаттап кеткен екен. Екеуін бірдей бағып-қағып өсіруді ауырсынған бұл отбасы кішкентайын алып қалып, естиярлау Аяулымды балалар үйіне тапсырады. Осылайша бір-бірінен тірідей айырылысқан қос бүлдіршіннің титтей жүрегі өксікке тұншығып қаншама күн-түн жылағанын құдай білсін, өмірде шын жанашырың болмаса басыңнан кім сипар, мұңыңды кім тыңдар? Сонымен балалар үйінде өсіп-жетілген Аяулым тоғызыншы сыныптан кейін ол жерден қашып шығуды мұрат тұтады. Тумысынан жігерлі жан өздігінше қарекеттеніп, жатсатұрса ешкімге жалтақтамай еңсе тіктеуді аңсаған балапан тілектің жетегімен нешеме жоспар түзді. Бірақ мамандықсыз кім жұмысқа ала қойсын, вокзал маңайында жүріп жолаушылардың жүгін тасып теңге тапты. Осындай күндердің бірінде пойыз күтіп отырған бір ананың назары бұған қатты ауды. «Қызым» деп жанына тарта сөйлеп, мұның барлық жай-жағдайына қанықты. «Сен қыз баласың, ауыр жүк тасығанда денсаулығыңа зиян келтіргеннен басқа не пайда табасың? Мен түркістандық Гүлчехра деген апаңмын, қаласаң менімен жүр, өзім қамқорлығыма аламын» деп жік-жапар болған өзбек әйелдің жылы сөзі жұп-жұқа жүйкеден тез-ақ өтіп, қол-аяғын еріксіз тұсаулап, бөтен әйелдің жанынан шыркөбелек айналып шыға алмай қалды. Бір кезде қараса апаның жанына жайғасып жай қозғала бастаған пойыз вагонында алда мүлде бейтаныс болашағына шын бағыт түзегенін бір-ақ аңғарды.
***
Түркістан шаһары, бұрын мүлде көріпбілмеген кең сарайдай зәулім үй бұған қатты әсер етті. Бұл келген кездегі бала көңілдің қуанышы. Ал ары қарай мұның алдында бір-ақ сәтте бет пердесін сыпырып тастаған қатал әйелге тәуелді қаһарлы күндер күтіп тұр екен. «Тез жуынып-шайынып, үстіңдегі шоқпытыңды түгел өрте» деп көне киімдерді алдына лақтырып тастады. Одан әрі бұл атқарып орындауға тиісті қат-қабат жұмыстарды тізіп берді. Аяулым өзінің арандап өзбек әйелдің қақпанына түскенін осы кезде бір-ақ түсінді. Өзбек қатынға құлдыққа көндіккен сүреңсіз күндер сырғып өтіп жатты. Үй тірлігін былай қойғанда есік алдының ауыр бейнетіне белі шыдамай қожайынға мұңзарын айтып көріп еді, саған бұл күнің аз болған екен деп малын баққызып отырған айдаладағы қойшылардың арасына апарып тастады. Қайта айналып соққанында сағы сынып аяғына бас ұрғандай жағдайға түскен қауқарсыз күңін қайтадан үйлеріне алып келді. Осылайша үйреншікті әңгіртаяқ тіршілік жалғасын тауып, қызғалдақ өмір қор болып өзгенің босағасында өксікпен өтіп жатты. Бұл зәулім сарайдың есігінің алдында пәтер жалдаушыларға арнап соққан үйшік болатын. Бір күні осы үйді жалдап тұруға келіскен еліктің лағындай екі қазақ қызы қақпадан енді. Бұл екеуі осы маңдағы университеттің студенттері екен. Студент қыздар сабаққа барған-келгенінде атшаптырым аулада өзбектің соқталдай баласының құр қарап жүріп, жүдеу келген қазақ қызының ертеден қара кешке дейін томар бұтау, көмір тасу сынды қара жұмысқа жегілгенін көріп таң қалатын. Жөнін сұрай қоятындай емес, жабырқау жанарлы қыз жандарына жоламайды, өзбек қатыннан сескенеді-ау. Бір күні қызы мен ұлын ертіп үй иелері қонаққа кеткенінде бұл екі қыз жалдамалы үй қызметшісінің тілін тауып жақсылап әңгімелескісі келді. Аяулым басынан өткен хиқаясын айтып берді-ау, бірақ бірін түсінсең, бірін түсінбейсің, қазақшасы да, орысшасы да, өзбекшесі де өріп, тұтығып, тоқтап, не керек, түгел жеткізгендей болды. Мына айтқандары қыздарға сұмдық әсер етті, қалайда қаракөз бауырларын мына өзбектің босағасынан құтқару керек. Екі қыздың да шешімі, тез әрекетке көшпесек болмайды дегенге келіп тірелді. Сабақ, қызық студенттік өмір жайына қалды. Әлі өздері де бала, ата-ана қарауындағы қос балауса мұндайда кімге жүгінеді, кімнен көмек күтеді, кімнен қорған тілейді? Әрине, әкесі мен шешесінен-дағы. Ол кезде ұялы телефон жоқ, байланыс пунктінен ауылдағы үй телефонына шықты. Аналары ә дегенде егіз қызының төбеден түскендей ұсынысын қолдай кетіп үйлеріне айдаладағы бір жетім қызды алып барайық дегеніне көнген жоқ. Бәлесінен аулақ-дағы деді. Өздеріңе кесірі тиіп жүрмесін. Соңыңа адам түссе қайтесің? Күдіктеніп те, қорқып та тұр. Айта берсе, ана шіркіннің қаупі таусылар ма? Жыларман халде түсіндіруге тырысқан қарлығаштарының өтінішін әкесі құп алды. Әйелдің қарсылығын тыйды. Қыздарымның дегені болсын деді сеніммен. Тәуекел. Егіз қыз енді бұл жоспарларын, яғни тұтқындағы қызды алып қашуды қалай ұйымдастыру керектігін ойлап басы қатты. Алдымен бұл үйдегі өздерінің заттарын майдалап жатақханаға тасып алу керек. Соқа басы қашуға оңай болады. Ал Аяулымға әзір сыр ашпады. Үй егелерінің үйде жоқ, ал шой қара ұлының күндіз де болса ұйқыға кететін уағын аңдып жүріп, екеуі Аяулымға келіп жоспарларын айтты. Ол аузын ашып, аң-таң. Аялдайтын уақыт тар, алды-артына қаратпай қолынан жетектеп қақпадан шықты да үшеуі дедектеп отырып автостанцияға келді. Жаңақорғанның көлігінен бұрын өздерінің ауылына апаратын Қожакенттің автобусы жүргелі тұр екен. Тез мініп отырып алды. Бір кезде қараса Аяулым сып етіп орындықтың астына кіріп кетіпті. Әбден қорқып қалған байғұс қалшылдап «Қазір Гүлчехар келіп әкетіп қалады» деп дір-дір етеді. «Қорықпа, біз сені бермейміз. Жүдә болмаса рэкет көкеге айтамыз» деді қыздар батылданып. Мұның алдында өздері тұрған пәтердің иесі, көкелеріндей қамқор болған кісі бүкіл түркістандықтарға белгілі, сол кездің тілімен айтқанда «рэкет» еді, соны арқаланып мықтымсып тұрған түрлері. Сонымен, кеш түсе ауылдың да төбесі көрінді. Есік алдына күтіп алуға шыққан анасы екі қыздан бұрын ортасында жәутеңдеп келе жатқан шерменде жанға шын жаны ашып маңдайынан сүйіп, бауырына қысты. Ана құшағын алғаш көрген қыз жабысып алып ал жыласын. «Мені де өмірге сіздей ана әкелді. Бірақ жер бетінде жалғызбын, апа. Мені кеудеден итермеңізші» дегісі келген, бірақ сөйлей алмады. Бірақ сонда да қолқа-жүрегі суырылып кетердей солықтап жылаған арудың алпыс екі тамырында атқақтаған арман-тілегін ана жүрегі айтқызбай-ақ түсінді. «Қызым, жылама, тағдырыңды естіп-біліп отырмын. Енді жетімдікті ұмытасың. Біздің бір қызымыз боласың. Сені өз қызымнан кем көрмеспін. Құдай жазса, енді жылатпаспын». Назым да бұл сөзді тілмен емес, ділімен жеткізді. Нақ осылай өз-өзіне серт берген ана жүректі Құдай еріктен тыс идіріп, құшағындағы жәудіркөзді бауырына қысып ұзақ тұрып қалды. *** Аяулымның бұл үйге келгеніне апта болмаған, мектептегі сабағын өткізіп, үйге жақындаған Назым есік алдында ошарылып тұрған формадағы жігіттерді көріп шошып кеткен. «Сіз адам жалдап отыр екенсіз. Құжаттары» деді олар. Түркістанның милициясы-ау деді, түстері бөтен. Қастарына ауылдың инспекторы да еріп алыпты. Тәртіп бойынша құлдықтағы қызды алып шыққанның өзінде жергілікті милиция бөліміне тіркетіп, құжаттары реттелуі керек, қысқасы қызды алып кеткелі тұр. Олардың қолына түссе, ары қарай Гүлчехраның айласы артып, қыз қайтадан қорлықта қалуы мүмкін-ау. Қарсылықпен ешнәрсе бітпейді, жағдай қиын болады деп кетті олар. Назым жандалбасалап Түгіскендегі өзінің әкесінен жәрдем сұрады. Әкесі кезінде қызмет атқарған, ел ішінде беделі бар кісі еді. Шыдап отыра алмай ақсақал ауданға аттанды. Паспорт столдың жігіттерін аяғынан тік тұрғызды. Бастықтың «Ақтөбеге сұраныс жібереміз. Нақты анықтаймыз» деген уәжін тыңдаған жоқ. «Ізіне біреу түспеген соң іс біте ме? Айлап күтетін уақыт жоқ. Балтайшалтайды білмеймін. Бұл жай мәселе емес. Ар жағында адам тағдыры тұр» деп сол жерден анықтама алып, бір бауыры Ақтөбеге жүріп кетті. Барса Ақтөбенің Тамды селосындағы баяғы детдом жабылып қалған ба, «Мартюк» деген аты өзгеріп кеткен бе, әйтеуір недәуір қиындықтарға кездеседі, бірақ табанды ынтамен Кенжеқызы Айнұр Даримованың заңды құжаты табылды. Төлқұжатта есімі Айнұр болғанымен бұл отбасында екі Айнұрды шатастырып жүрмес үшін жанұя мүшелері мұның есімін Аяулым деп атауды ұйғарған еді.
***
Аяулым бұл үйге келгелі көп нәрсе өзгерді. Бұрын ұнамаса майда балдарын төмпештеп те алудан кетәрі емес мамалары енді үнін шығарып ұрсудан қалды. Сәл кейіген дауысқа Аяулым селт етіп маған ұрсып жатыр ма деп жалтақтап тұрғаны. Басы ауырады. Сөзін аяғына дейін жеткізіп айта амайды. Қорқыныштан, секемшілдіктен ада-күде арылып кету оңай болмады. Ойы бөлінсін дей ме, қатал әкелері қыздарына ерікті беріп, Аяулымды ертіп ауыл клубындағы мәдени шараларға, би алаңына жиі барып тұрыңдар дейтін болды. Жүйке ауруына шипа іздеп невропотолог, психологтың қарауына да жүгініп, тиісті емін алуына жағдай жасады. Соның арқасында жаралы көңілі бірте-бірте орнығып, көз жанары ашыла түсті. Ал тірлігіне қарасаң тиянақтылығы, айналасын жылан жалағандай таза ұстайтын ұқыптылығымен елдің аузына ілікті. Осылай бес жыл зымырап өте шығыпты. Бір күндері бүкіл отбасын Апанқақтың шипалы суына түсуге алып барған әкелері сол жерде Жайылма ауылынан келген бала кезгі құрдасын кездестіріп қалады. Екеуі арқа-жарқа бір-біріне бала-шағасын таныстырып жатыр. «Мынау менің үлкен қызым Айнұр. Екі Айнұрды шатастырмайық деп Аяулым деп қойдық атын. Алла қаласа, осы қызымды ұзатып, үлкен той жасасам деп армандаймын, – деп ақтарылған бұл кісінің сөзін қоштаған құрдасы: «Ау, онда менде ұл бар. Екеуміз құда болайық» дейді. Сонымен жастар бір-бірімен жарасып бір айдан соң бұл үйде той болады. Аяулым микрофонды алып: «Әке! Ана! Сіздерге алғысым шексіз. Мені өз қыздарыңыздан да артық көрдіңіздер. Сіздерге екі дүниеде де ризамын. Айгүл мен Айнұрға мың алғыс! Олар болмағанда мен қазір бұл өмірде бармын ба, жоқпын ба? Екі бауырымды қазақтың батыр қызы Әлия мен Мәншүкке теңер едім. Аллам сендерді кездестіргеніне мың шүкір!» дей келе, ендігі бір арманым – өзімнен кейін туған сіңілім Жұмагүлді табуыма көмектессеңіздер екен деген тілегін де бүкпей жеткізді. Бұл кеште жыламаған жан қалмады. Аяулымды бүкіл ауыл болып ақ босағасына ұзатты. *** Енді Айгүлдің бар ықыласы Жұмагүлді іздеуге арналды. Ол кезде М-Агент деген бар, соған аты-жөнін жүктеп, «Бармысың, бауырымға» хат жазып, теледидарға да шығарды. Бір күні үйге звондаған біреу «Мен Жұмагүлмін ғой» дегенде жанұяның бүкіл мүшесі телефонға жүгірді. Ақырында тұтқаның тетігі басыбүтін мамаларының қолына тиіп ол сол отырғаннан екі сағат тапжылмай сөйлесті. Жұмагүл де Айнұрды көп іздегенін айтыпты. Өзі орта мектепті алтын медальға бітіріп, жоғары оқу орнында экономист мамандығында оқыпты. Оқуды бітірген соң жүрек қалауымен облыстық телевидениеде жұмыс істепті. Сол жерде жүргенінде де Айнұрға іздеу салған екен. Таба алмаған. Ақтөбедегі бір танысы Айнұр қайтыс болды дегенді айтыпты. Содан бері бейсенбі сайын тие берсін деп шелпек пісіріп жүргенін де жасырмапты. Ерсайын деген азаматқа тұрмысқа шыққан, екеуінен екі перзент бар екен. Сонымен апасының хабары құлаққа тиген соң шыдап отыра алсын ба, Жұмагүл ауылға келетін болды. Перронда пойыз күтіп тұрғандар ауылдың жартысы дерсің. Айнұр бәрінен де бұрын тағатсызданып тұр. Пойыздан түсіп келе жатқан сіңлісін жазбай танып екеуінің құшағы айқаса кеткен. Талай жылғы көңілдің құсасын ақтарғандай дауыс салып еңіреген екеуіне ешкім қой деп басу айта алмады, елдің бәрі көзінің жасын бір сығып алды. «Жиырма бес жыл жүрек етімнің бір бөлшегін кесіп алғандай күй кештім ғой, әпкетайым-ау. Ақтөбені шыр айналып іздей беріппін» деп аңыраған Жұмагүл өзекті өртеген өкінішін де айтып тауыса алар емес. Осылайша, бауырымен табысып, көңілі жайланған Жұмагүл осында екі-үш күн болып еліне қайтқаннан кейін көп өтпей Ақтөбедегі қайынжұрты «Жұмагүлдер жаңа үйге кірді. Соны көріп әрі қонақ болыңыздар» деп шақыру жіберіпті. «Олай болса қызымның көрпе-төсегін қамдайын. Ыдыс-табағын түгендейін» деп Назым құмбыл дайындыққа кірісті. Қолдан құраса дәулетті болады деп ырымдап оюлаған құрағы қыз жасауының сәнін жарқырата түсті. Сонымен затын түгел теңдеп белгіленген күнге билет алған Нәкең жасау-жабдығын купеге тиеп, қасына қыздарын ертіп қайқайып «Саратовтың» пойызында кетіп бара жатты. Жұмагүлдің қайын жұрты жақсы жандар екен, қадірлеп қарсы алып, жандары қалмай күтіп жатыр. Әулет болып шағын базар ашқан екен, Жұмагүл де жұмысын сонда ауыстырыпты. Былайша айтқанда мұндай дүние-мүлік базарларында да толып тұр, бірақ Жұмагүлге артынан арнайылап келген анасының әрбір заты асыл, қадірлі. Төсегін төрдің төбесіне жинап, ыдыс-аяғын жарқыратып жайып тастады. Жүрегіндегі «соңында іздеушісі бар деген осы» деген мақтаныш сезім аққұба жүзінен алаулап тұр. Жұмагүлдің абысындары да қошеметін аямай құдағидың аяқ-қолын жерге тигізбей мақтап, үлкен сый-сияпат жасап шығарып салды. Назым Ақтөбеге сапарында әжелері кезінде екі немересін аманаттап кеткен отбасына да соқты. Жұмагүл өскен бұл үй Аяулымға да таныс. Баяғыда детдомнан қашып шығып, әркімнің үйін әктеп, сырлап, тапқан ақшасына бауырына деп бантик, колготки сияқты бұйымын қойнына қысып алып-ұшып жеткенінде осы үйдің ұлдары – үш ағайынды жігіттің кіргізбей қуып жіберетіні, тіпті Жұмагүлдің өзі салқын қабақ танытқаны көз алдынан өтіп жатыр. Бауырын да түсінуге болады, солардың ықпалынан аса алмай тұр ғой. Аналардыкі не? Бұл да бір жиені емес пе? Жүзін жас жуған қыз ешкімге ешнәрсе демеді. Бәрі ішінде жатыр ғой. Бірақ Назым кейін ойлап өзінше бір сырға тоқтайды. Ойланып қараса, сол үш азаматтың үшеуі де үйленбеді, үйлі-жайлы болмады, соқа басы бірі жетпіс жаста, бірі қырықта, бірі одан да жас, бірінен кейін бірі өмірден өтіп кетті. Осының бәрі қыз баланың көз жасы, наласы ма екен деп ойлайды. Қыздың наласына қалуға болмайды…
***
Сәруар мен Назымның егіз қызы – Айгүл мен Айнұр да отбасылы, балалы-шағалы болды. Десе де Аяулымға олардан да артық көңіл бөліп отырғаны өздеріне аян. Тұңғыш нәрестелі болған Аяулымға анасы болып бесік апарғанда өткен той екі жақтың да өмірінің бір жарқын естелігі болып қалды. Бұл әулет ақындар шыққан, аузын ашса жүрегі көрінетін ақ пейіл жандар Аяулымды алақанына салып отыр. Бір жылдан соң екінші сәбиі дүниеге келді Аяулымның. Жай кезде де малын сойып, етін тұздап, жеміс-жидегін арқаланып жететін Назым апаны бертін келе ол жақтағы немерелері іздеп әжелеп тұратын болды. Осындай бақытты күндердің бірінде Аяулым қатерлі дертке шалдыққаны белгілі болды. Екі жақ та аянып қалмай көп жерге апарып қаратты. Бірақ нәтиже болмады. Үш жыл өмір үшін күрескенімен тажал шеңгелінен босай алмаған Аяулым 2016 жылдың желтоқсанында жарық дүниемен қоштасып кете барды. Жары Қуаныш одан кейін үйленген жоқ. Ұлымды да, қызымды да басқаға жәутеңдетпейін деп бағым-күтіміне өзі қарап келеді. Олар оқу озаттары. Бірі алтыншы, бірі жетінші сыныпта оқып жатыр. Ананың жүрегі біреу болса да перзентінің бәріне бірдей орын жетеді. Кенжесі Дидарәлісін жетектеп, бірде Айгүлі, бірде Айнұры, бірде Ғабиті мен Сәбитінің шаңырағынан табылуға тырысатын ұстазананың зейнеткерлікке шыққанына да сегіз жылға жуықтапты. Өздерінде көлік жоқ, балаға күнің түскесін бола ма, қолдары тимей кетеді кейде. Сондайда көбірек Жайылмаға жол түспей уақыт ұзап кетсе дереу мұның түсіне Аяулымның енетіні бар. Кәдімгі тірі кезіндегідей еркелеп «Мама, Нұрасыл мен Шапағатты көріп келсеңізші» деп қиылып тұрады. Сосын жан шыдап тұрсын ба, немерелерін бір көруге кетіп бара жатқаны.
***
Жақында Астана қаласында «Білім өркениеті» инновациялық орталығының ұйымдастыруымен «Өнегелі отбасы» байқауы өтті. Байқау шарты ұстаздар өз отбасының өнегесі жөнінде эссе жазуы керек. Соған қатысқан Қожакент ауылындағы №168 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Айгүл Сәруарқызы мақаласына осы оқиғаны өзек еткен болатын. 400-дей үміткердің ішінен Шәкеновтер отбасы жүлделі орынға ие болып 500 мың теңге сертификатқа ұсынылды. Салтанатты шараға арнайы өзі барып қатысып, марапатын алып қайтқан Айгүлдің қуанышында шек жоқ. Ия, өнегелі отбасы ата-ана тәрбиесінен, тағылымынан, ұстанымынан арна тартады. Аяулы жандар, аман болыңыздар! Жаңа жыл осындай асыл пейілді, жаны мейірлі әр қазағымның отбасына жаңа құтбереке, зор несібесін тарту етсін!
Баян ҮСЕЙІНОВА
30 желтоқсан 2024 ж. 92 0