ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ– ТӘРБИЕ НЕГІЗІ
Тұлға тәрбиесінде отбасылық құндылықтар басты рөл атқарады. Осы орайда отбасы, ошақ қасының тірегі – әйел-аналар өмірге ұрпақ әкелуші ғана емес, кемерінен шыққан ұл-қыз бойына ұлағатты ұстанымын еге білетін ерекше болмыс иесі деуге болады. Тәрбие өзегін тарқатқан «Заңғар» мектебінің ұстаздары осы тақырыпта өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Лаура СҮЙІНДІК,
Отбасылық коуч, жеке психолог:
ӘР БАЛА КӨШБАСШЫ
– Баламен көшбасшылық қасиет туралы сөйлесу маңызды. Балалардан «Көшбасшы деген кім» деп сұрасаңыз, топқа жетекшілік ету немесе қатарынан үстем болу деп ойлайтыны анық. Шын мәнінде басқару қабілеті бар, жауапты, белсенді әрі бастамашыл бала сыныптастарынан ерекшеленеді. Егер балаға көшбасшылық қабілеттер өз бойынан табылатынын, көшбасшы болу қолынан келетінін, өз ортасында пайдалы іс жасай алатынын, ой-пікірі маңызды екенін айтып отырсақ, баланың өмірге көзқарасы өзгереді. Мұғалімнің міндеті – баланың осы қабілеттерін ашып, өзін-өзі бағалай білуіне мүмкіндік жасау. Көшбасшылық дегеніміз – өзіне ғана емес, басқаларға да пайда әкеле отырып, өзіне және айналасындағы адамдарға көмек көрсету екенін жете түсіндіріп отыру керек. «Көшбасшы дегеніміз кім?» деген сауалға кейбір балалардың жауабы тіпті бөлек, «басқаларды бағындыра алатын, қызметі жоғары, ақшасы бар адам» деп ойлайтындар да бар. Ал құндылықтар туралы сұрағанымызда, балалардың 70-80%- ы материалды құндылықтарды алға тартады. Оқушылардың басым бөлігі ақша, алтын, қымбат көлікті басты құндылық деп санайды екен. Нарық заманының адамның ой-санасына айтарлықтай салмағын салып тұрғанын аңғару қиын емес. Біз бүгін осындай кемшін тұстарды сөз ете отырып, ата-ана мен баланың арасындағы нәзік байланысты нығайтқымыз келеді. Мәселең, сабақтан төмен баға алып қалған балаға жеки жөнелетін аналар бар. Қиындыққа тап болған балаға рухани дем беретін ата-ана аз. Осының салдарынан суицид, буллингтің деңгейі күрт өсті. Оқушыларға құндылықтың мәнмағынасын түсіндіргенде ғана басты құндылықтың не екенін ұғынып, өзін-өзі дамытуға күш салады. Мәселен, бір оқушыға сапалы білім — басты құндылық болса, тағы бір оқушы үшін ағылшын тілін білу маңызды құндылық саналады.
КОМАНДАЛЫҚ ӘРЕКЕТ – КӨПШІЛ БОЛУҒА БЕЙІМДЕЙДІ
Ақжарқын ТАСБОЛАТ, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Баланың бұғанасы қатпай жатып, бәсекеге баулуға беиімбіз. «Менің балам тобының үздігі болуы керек» немесе «Менің балам ең үздік» деп кеуде соғатын замандастар өте көп. «Сен озуың керек, сонда ғана жеңесің» деген қағиданы ата-ана бала санасына сіңірумен болады. «Өмір тек жеңістен тұруы керек» деп ойлайтын бала алдынан кезіккен қиындыққа төтеп бере ала ма? Ал біз сабақта көшбасшыға тән маңызды қабілеттердің бірі — басқалармен бірге жұмыс істей білуі екенін айтамыз. К
өшбасшының негізгі міндеті — тұтас команданың жұмысын үйлестіру екенін түсіндіреміз. Win-win концепциясы көп балаға нағыз жаңалық болды. «Мен сені жеңуге тырыспаймын, бірақ мен де сенің қалауыңа бейімделе салмаймын» деген принцип бойынша қарым-қатынас жасау, қай-қайсысының да көңілінен шығатын шешім қабылдауға болатынын түсіну — тұтас команданың ортақ жеңіске жетуіне маңызды қадам. Бала жұрт алдында шыққанда сөйлеуге ұялады. Өз ойын айтудан қысылып, қиналады. Тілінің ұшында тұрған сөзін жеткізе алмай жатады. Бұл көбіне баланың сынға қалу қорқынышынан болады. Бала өз ойын еш қысылмай, қорықпай айтуы үшін жайлы атмосфера жасау маңызды. Әр бала өз ойын айтқанда басқалары оны мұқият тыңдайтынын, сын айтылмайтынын түсінуі шарт. Сонда бала өз ойын ашық айтып, бұқпай жауап береді, диалогқа араласады. Мұғалім өзін қалай ұстайтыны маңызды. Оның іс-әрекеті әр адамның пікірі құнды әрі қызық екенін сездіріп тұруы керек. Сонда аудитория да өзін солай ұстайды. Бала мұғалімнің бейтарап болатынын, ол да осы процеске қатысушылардың бірі екенін түсінуі қажет. Бұл баланың мерейін өсіріп, өзін-өзі бағалауға, ойын ашық айтуға баулиды. Балалар Jas Leader жобасының көшбасшылық бойынша факультатив сабақтарына қатыса жүріп, бір-бірінің ой-пікіріне сын айтпауды, өз ойын ашық жеткізуді, ал өте ұяң балалар еркін сөйлеуді, өзін-өзі бағалауды және өз пікірін қорғай білуді үйренеді. Меніңше, бұл — жаңашыл бағытта білім берудің маңызды жетістіктерінің бірі.
Әсем ИБАДУЛЛАҚЫЗЫ, оқу ісі жөніндегі орынбасары:
БАЛАНЫ ТЫҢДАЙ БІЛУ МАҢЫЗДЫ
– Баланың өзін-өзі түсінуіне көмектесу қажет. Өйткені балалардың бәрі бірдей сезімін сөзбен жеткізе бермейді, сондай кезде образ арқылы сезімін жеткізуіне болады. Мәселен, «Автопортрет» сабағында оқушылардың бірі бастағы шаш орнына көлік суретін салды. Тағы бір сабақта зағиптар айналасында не боп жатқанын, қоршаған ортаны қалай сезінетінін түсіну үшін көзді жұмып әрекет етеміз. Баланың бұл эмоцияларды қалай сезініп, қалай білдіретінін ойлануына көмектесу маңызды. Оқушының өзін-өзі түсінуі оның өзін дамыту үшін, мысалы, көп оқып, жаңылтпаш айтып, өлең жаттап, мәдени орындарға, театрға жиі барып, ғалымдардың көпшілік алдында сөйлеген сөзін тыңдап, дайындалуға жетелейді. Балаға өзін-өзі дамыту дәнін себу керек, бұл оның көшбасшылық қабілеттерін жетілдіруіне әкеледі.
Зағира САДАНОВА, ата-ана:
ДӘСТҮРДІ БОЙҒА СІҢІРМЕЙ, ТҰЛҒА БОЛМАЙДЫ
– Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Баланың қоғамдық әлеуметтік дамуы отбасындағы тәрбие талабынан бастау алады. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай, жақсыға да жаманға да бірдей бейімделгіш. Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» немесе «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөздер тегін айтылмаған. Мектеп партасында отырған баланың жан – жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, ал ата-ана мықты сүйеніш саналады. Сондықтан ата-ана өз баласының білім алуына барынша жағдай жасауы тиіс. Оқу үлгеріміне күнделікті назар аударып, қадағалап отыру керек. Өкініштісі сол, кейбір ата-аналар бұған жеткілікті мән бермейді. Тіпті, кейде баласының қай сыныпта оқитынын, жетекшісі кім екенін де білмейтін үлкендер бар.
Бала тәрбиесі – өте күрделі үрдіс және ешқандай үзіліс, демалыс дегенді білмейді. Сондықтан әр ана өз отбасында баланы мейір-шапағаттан кенде етпей, ата-бабаның үлгілі үрдістері мен әдет-ғұрпын көздің қарашығындай сақтау маңызды. Өмірде өз жолымызды жаңылмай табуымызда анамыз бен әкеміздің төккен маңдай тері жатыр десем артық айтпағаным болар. Анамыз таңғы 5- те тұрып, 10-12 сиыр сауып, құртмай шайқап, бәріміздің асымызды қамдайтын. Ал әкеміз үйдегі ер балаларды ерте жастан еңбекке үйретті. Үлкен атамыз зерек кісі болды. Әрқайсысымыздың сабағымызды қадағалап отыратын. Біздің үйде кешкі уақытта міндетті түрде ертегідастан оқылып, талқыға салынатын. Түйген ойымызды жекежеке сұрап, пікірімізді тыңдайтын. Атаның тәрбиесін көрген ұрпақ ешқашан әділетсіздікке жол бермей, өз кәсібіне адал болады екен. Ал бүгінде осындай сабақтастық алшақтап бара жатқандай. Қатыгездік пен ашкөздік белең алған қоғамнан береке алыстайды. Осы орайда ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарымызды қолымыздан келгенше дәріптеп, жас ұрпақтың бойына сіңірсек дейміз. Ұлтымыз үшін игілігі мен тағылымы мол осындай шараларды ұйымдастыру арқылы ел-жер тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, рухани құндылықтарын бойына сіңірген, үлкенге ізеті, кішіге құрметі бар, яғни ұлттық кодты сақтай алатын тұлға қалыптастыруға үлес қоса білсек дейміз.
Азиза АБИЛБАШАРОВА, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері:
БАЛАМ ЖАҚСЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢ...
– «Баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, бақытсыздығы, азабы» деген тәмсіл бар. Бала мектепте 6-7 сағат болса,18 сағат үйде болады, сол себепті ата-ана баласының сабағын, араласатын ортасын қадағалап, сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен байланыс жасап сабақ үлгерімі, тәртібі жайлы мәлімет алып отыруы қажет. Дүниенің ең тамаша туындысы – көрнекті тәрбие алып шыққан адам. Адамның өмірге тәй-тәй қадамы отбасынан басталады. Өспірім шақтағы өнегелік қағидалары да отбасында қалыптасады. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы темірқазығы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол. Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібіне, үй жұмысына араласуына, өнер мен білімге қызығушылығына ұдайы көңіл бөліп , бағыт-бағдар беріп отыруға тиіспіз. Қысқасы, отбасында құндылықты сақтау маңызды. Мұның түп төркіні қазақы салт-дәстүрімізден алшақтап бара жатқанымызда-ау деп ойлаймын. Әйтпесе, біздің ұлтымызда шаңырақтың киесі бар деуші еді ғой.
Әбдісамат ӘБДІШ, маркетолог:
ӘКЕЛЕР МЕКТЕБІ ӘДЕПКЕ БАСТАЙДЫ –
Ауданда тұңғыш ашылған жекеменшік мектеп-интернаттың құрылтайшысы Нұржан Әмірбековтың көмекшісі, әрі маркетолог ретінде қызмет атқарып келемін. Құрылтайшының бастамасымен мектебімізге Алматы қаласынан мықты маман, НИШ, БИЛ секілді озық білім ордасында басшылық қызметте болған Мейірбек Тағайбекұлы келген болатын. Тек мектеп қана емес, балабақшаларымызға, Түркістан, Кентау, Бесарық бекетінде білім нысандарына да жаңа жүйе енгізетін болады. Құрылтайшының сенімді өкілі ретінде Мейірбек мырза мектеп директоры Нұрхан Дүйсенханұлымен екіжақты меморандумға отырып, білім ордасына жаңа жүйені енгізуді бастап кетті. Консалтингтік қызмет көрсету арқылы көптеген жаңа бастамалар бастау алды. Соның бір бөлігі тәрбиеге қатысты. Бір ай болды. Заңғар интеллектуалды мектебінде «Әкелер» клубы құрылып, әр жұма кешкісін спорт залда волейбол ойнайды. Ә дегеннен әкелер келе салған жоқ. Мойындау керек. «Бір әкенің тәрбиесін, 100 мектеп те бере алмайды». Әке тәрбиесін көрген перзент батыл болады, тағдырдың соққысына сынбайды, қиындыққа төзімді келеді. Сондықтан бала үшін ісі де бар, тісі де бар, білегі де бар әкенің орны ерек. Осыны әкенің есіне бір түсіріп, балаға үш жақты тәрбиемен айналыссақ деген ой тастау еді. Әуелі осылай маңызын насихаттадық. Соңыра, жәй-жәй жинала бастады. Әйтпесе ата-аналар жиналысы десе, 98 пайыз әйел кісілер келетіні түсінікті жайт. Ал, әке ше? Неге білім ордасына, баласының біліміне баса назар аудармайды? Осы сұрақтың жауабын табу үшін әр жұма әкелерді залға жинадық. Терлеттік. Бір-бірімен таныстырдық. Соңында титан қоймасақ та, тефаль қосып, бір шәугім шәй бердік. Тіскебасар тәттімен терлеп, шәй ішіп, шүйіркелесіп, ортақ құндылықтарды ортаға тастадық. Сенбі, жексенбі Тик-токтан бас алмайтын ұл-қызды тәйт» деп қалай тәрбиелесек деген ой тастадық. Осылайша, үштаған. Яғни, ата-ана, мектеп, оқушы болып үш жақты нәтижелі жұмыс жүргізу арқылы жетістікке жетсек деген ниет. Қаладағы бар мүмкіндікті ауылға әкеліп, ауданнан тікелей шетелге оқуға түсуге мүмкіндік жасаудамыз.
Мистер ПОЛ, ағылшын тілі мұғалімі:
АУЫЛ БАЛАСЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚЫМ КЕЛЕДІ
– Мен Англиядан Қазақстанға келгеніме көп жылдар өтті. Бұған дейін Алматы мен Астана қаласында жеке мектептерде дәріс бердім. Мақсатымыз – балаларды ағылшын тілін жетік меңгертіп, халықаралық білім сапасын қалыптастыру. Сәтін салса, шетелдік үздік тәжірибесін қалыптастырып, ұстаздардың да біліктілігін арттыруға күш саламыз. Бұл бағытта менің жинаған тәжірибем мол, қырық жылдан астам тәлімгер болып келемін. Алматы қаласында ең үздік «Tamos» education мектебіне кембридждік оқу үлгісін енгізіп, еліміздің озық мектебіне айналдырдық. Астана қаласындағы англиялық университеттің филиалына кураторлық етіп, балалардың халықаралық олимпиадаларға қатысуына жол аштым. Шәкірттерім әлемнің озық оқу орындары білімін жалғауға мүмкіндік алды. Енді, Жаңақорғанда тұңғыш ашылған жеке мектеп интернатқа келіп, ауыл балаларын әлемдік деңгейге көтермек ниеттемін. Жаңақорған балалары да өте білімді, креативті көзқараста екені қуантады. Біздің алғашқы сабақтарымыз басталды, бәрімен танысып, жеке ерекшелігін танудамын. Ағылшын тіліне сауатты балалардың ынтасын байқап, оларға қосымша уақыт бөліп, дәріс бере бастадық. Заңғар мектебінің жаңа белесін бағындыру – ортақ мүддеміз. Ауыл-аймақ балаларын күтеміз. Себебі, бізде жатақхана қарастырылған. Бұдан бөлек, ақылы негізде бизнес иелеріне, түрлі сала мамандарына ағылшын тілін үйретуді бастағалы жатырмыз. Бұл қосымша сабақтан тыс уақытта жүреді.
Мақпал МАРҚАБАЙ