№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Отбасы – тұлға тәрбиесінің басты тірегі

Отбасы – тұлға тәрбиесінің басты тірегі


Тұлға тәрбиесінде отбасылық құндылықтар басты рөл атқарады. Осы орайда отбасы, ошақ қасының тірегі – әйел-аналар өмірге ұрпақ әкелуші ғана емес, кемерінен шыққан ұл-қыз бойына ұлағатты ұстанымын сіңіре білетін ерекше болмыс иесі деуге болады. Осы тақырыпты жан-жақты талқылау мақсатында тиісті сала өкілдері «Көзқарас» алаңында бас қосты.


Ақмарал МАЛИКОВА,
Жаңақорған аудандық әйелдер ұйымының төрайымы:

– Қоғам өмірінде әйел-ананың рөлі үлкен. Ауданда өзіндік бағыт-бағдары қалыптасқан әйелдер ұйымы ұлттық құндылықтар мен ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді тереңінен қалыптастыру бағытында басты межесінен жаңылған емес. Сонымен қатар отбасындағы құндылықтарды насихаттауда халықтық салт-дәстүрлеріміздің асыл қағидаларын ұрпақ бойына егіп, ұлықтауда әйел-аналарға үлкен жүк артылады. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарына тиісті үлесімізді қосып келеміз.
Биыл қаңтар айынан бастап, бірнеше мектепте болып, жеткіншектермен кездесу ұйымдастырдық. Қыркеңсе, Жайылма, Бірлік, Шалқия ауылдық клуб үйлерінде «Нашақорлықтан сақ болайық», «Кел, сырласайық» тақырыбында ашық әңгіме сағаттарына қатыстық. Барлық ауылдарда осындай тәрбиелік шараларды жоспарлап отырмыз.
Ауданда «Құрметтеуге лайық жан» тақырыбында басқосулар өтіп, шара аясында елеусіз қалып келе жатқан еңбек адамдары дәріптеліп, қыз-келіншектерді кәсіпке бейімдеу мәселесіне маңыз беріліп келеді. 200-ден аса ананың көрмесі осы жоба аясында елге насихатталды. Үздіктерді марапат төріне шығарып, лайықты құрмет көрсетіліп келеді.
«Мерейлі отбасы» байқауында жүлдегер болған отбасылар саны жыл сайын артуда. «Әйел – ана, әйел – гүл» деген тақырыпта маусым сайын аудандағы әр салада еңбек етіп жүрген сала мамандарымен басқосу өтуде.
«Анаға тағзым» орталығында өтіп жататын мазмұнды шараларға аудандағы белсенді қыз-келіншектер үнемі қатысып өзіндік іс-тәжірибелерімен бөлісуде. Біздің құрамға енген үкіметтік емес ұйым мүшелері, қоғам белсенділері өз бастамаларымен ерекше танылып келеді. Жаңақорған аудандық әйелдер ұйымы жетекшілігімен 26 ауылдық округте құрылған бастауыш әйелдер ұйымы нақты жоспар түзіп, тізе қосып жұмыс атқарудамыз.

Фатима МОМБЕКОВА,
денсаулық сақтау саласының ардагері:

– Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Баланың қоғамдық әлеуметтік дамуы отбасындағы тәрбие талабынан бастау алады. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай, жақсыға да, жаманға да бірдей бейімделгіш.
Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» немесе «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөздер тегін айтылмаған.
Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс - әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібіне, үй жұмысына араласуына, өнер мен білімге қызығушылығына ұдайы көңіл бөліп , бағыт-бағдар беріп отыруға тиіспіз.
Мектеп партасында отырған баланың жан – жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, ал ата-ана мықты сүйеніш саналады. Сондықтан ата-ана өз баласының білім алуына барынша жағдай жасауы тиіс. Оқу үлгеріміне күнделікті назар аударып, қадағалап отыру керек. Өкініштісі сол, кейбір ата-аналар бұған жеткілікті мән бермейді. Тіпті баласының қай сыныпта оқитынын, жетекшісі кім екенін де білмейтін үлкендер бар. Бала тәрбиесі - өте күрделі үрдіс және ешқандай үзіліс, демалыс дегенді білмейді. Сондықтан әр ана өз отбасында баланы мейір-шапағаттан кенде етпей, ата-бабаның үлгілі үрдістері мен әдет-ғұрпын көздің қарашығындай сақтау маңызды.

Раушан НАЗАРОВА,
Қазақ аналары «Дәстүрге жол» респуб­ликалық қоғамдық бірлестіктің Жаңақорған аудандық филиалының төрайымы:

– Қоғамымызда мейір-шапағат азайып бара жатқаны жаныма батады. Бұған күнделікті өмірде көз жетіп жүр. Біз бір үйде екі ағайынның балалары бір-бірімізге сүйеу болып өстік. Үлкен ағадан 13, кейінгі көкемізден 7 ұл-қыз бір шаңырақта өсіп-өндік. Аядай ғана қоржын тамда екі ағайынның баласы тату-тәтті ержеттік. Жиырма балақан бәрі бір ыдыстан ас ішіп, бір киімді кезек-кезек киіп өскен сол күндерді еске алсам, көңілімді ыстық сағыныш кернейді. Қоржын тамда кең отырып-тұруға қысылып өссек те, пейілімізді кеңге салуға тәрбиеледі. Бәріміз де оқып, елдің бір-бір тұлғасына айналдық.
Өмірде өз жолымызды жаңылмай табуымызда анамыз бен әкеміздің төккен маңдай тері жатыр десем артық айтпағаным болар. Анамыз таңғы 5- те тұрып 10-12 сиырды сауып, құрт-май шайқап, бәріміздің асымызды қамдайтын. Ал әкеміз үйдегі ер балаларды ерте жастан еңбекке үйретті. Үлкен атамыз зерек кісі болды. Әрқайсысымыздың сабағымызды қадағалап отыратын. Біздің үйде кешкі уақытта міндетті түрде ертегі-дастан оқылып, талқыға салынатын. Түйген ойымызды жеке-жеке сұрап, пікірімізді тыңдайтын. Атаның тәрбиесін көрген ұрпақ ешқашан әділетсіздікке жол бермей, өз кәсібіне адал болады екен.
Ал бүгінде осындай сабақтастық алшақтап бара жатқандай. Қатыгездік пен ашкөздік белең алған қоғамнан береке алыстайды. Осы орайда Қазақ аналары «Дәстүрге жол» бірлестігі ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарымызды қолымыздан келгенше дәріптеп, жас ұрпақтың бойына сіңірсек дейміз. Ұлтымыз үшін игілігі мен тағылымы мол этнофестивальдарды ұйымдастыру арқылы ел-жер тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, рухани құндылықтарын бойына сіңірген, үлкенге ізеті, кішіге құрметі бар, яғни ұлттық кодты сақтай алатын тұлға қалыптастыруға үлес қоса білсек дейміз.

Гүлнар АБДУЛЛАЕВА,
Манап ауылдық округінің бас маманы:

– «Баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, бақытсыздығы, азабы» деген тәмсіл бар. Бала мектепте 6-7 сағат болса, 18 сағат үйде болады, сол себепті ата-ана баласының сабағын, араласатын ортасын қадағалап, сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен байланыс жасап сабақ үлгерімі, тәртібі жайлы мәлімет алып отыруы қажет.
Дүниенің ең тамаша туындысы –көрнекті тәрбие алып шыққан адам. Адамның өмірге тәй-тәй қадамы отбасынан басталады. Өспірім шақтағы өнегелік қағидалары да отбасында қалыптасады. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы темірқазығы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол.
Мен көп жылдар бойы аудандық АХАЖ бөлімінде қызмет еттім. Бірде бір толыққанды отбасының жалғыз баласы отбасы құрмақ болып, некесін тіркеуге келді. Қасындағы қыздың жүріс-тұрысынан-ақ бір кәкірдің бары сезіледі. Жігіттің жанашыр апасы «Айналайын қарағым, мына қыздың тарихын зерттедің бе, есік көрген әйел екенін білесің бе?» дегеніне қарамастан заңды некеге тұрды. Содан бір ай өтпей-ақ, «ажырасамыз» деп келіп тұр. Қысқасы, осы заманда жігіттің қалтасын қағатын қу қыздар көп. Мұның түп-төркіні қазақы салт-дәстүрімізден алшақтап бара жатқанымызда-ау деп ойлаймын. Әйтпесе, біздің ұлтымызда некенің киесі бар деуші еді ғой.

Нұржігіт Сыздық,
аудандық орталық мешітінің наиб имамы:

– Құдай қосқан екі жас отау құрған соң, Алланың қалауымен перзент сүю бақытына ие болып, сол перзентті ізгілердің қатарында көру үшін, қоғамға пайдасы тиетін тұлға етіп тәрбиелеуге маңыз беруі қажет. Осы ретте ата-ананың перзент алдындағы міндеттерінің бірі – дұрыс әрі ізгі тәрбие беру. Тәрбиесіз, надан әрі залым ұрпақ бұл дүниеде әке-шешесін қарабет қылып, абыройдан жұрдай қылса, арғы дүниеде өзі мен бала-шағасына қасірет шектіретінін естен шығармауы тиіс.
Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген терең мәнді нақылы бар. Демек, алдымен сол бесікті тербететін адамды, сол ұрпақты дүниеге әкелетін жарды дұрыс таңдау міндет. Ер адам табиғатында түздің адамы болып жаратылған. Оған төрт қабырғаға қарап үйде отыру жараспайды. Осы себепті бала-шағасының нәпақасын тауып жегізу оның мойнындағы міндет. Соның үдесінен шығам деп үйде сирек болатын еркектің күнделікті бала тәрбиесіне үлгермеуі мүмкін, бірақ үлгісіне қылау түсірмегені жөн. Алайда, ер адам нәпақа табумен қатар бала тәрбиесі жауапкершілігінен босатылмайтынын айта кеткен жөн.
Аты әлемге әйгілі Әбу Ханифаның әкесі Сәбиттің өмірінен біздер үшін сабақ болатын мынадай бір өнегелі қисса бар.
Сәбит жастайынан иманын сақтаған, өте тақуа адам екен. Бірде арық бойында жуынып жатып, ағып келе жатқан алманы ұстап алады. Қызарып піскен алмаға қызығып, бірден жей бастайды. Сәлден соң «Бұл жемістің иесі бар шығар? Оның рұқсатын алмағаным қалай?» – деген ой келеді. Сөйтіп, алманың иесін іздеп, арық бойымен өрлеп келе жатып, бір баққа тап болады. Оның иесін іздеп тауып, алманы рұқсатсыз жегені үшін кешірім сұрайды. Бақ иесі де жай адам болмаса керек, Сәбитті сынап көру үшін: «Кешірім бере алмаймын. Қайткенде де разылығымды аламын десең үш жыл менің үйімде қызмет етесің, арғысын тағы көрерміз», – дейді. Үш жыл қызмет еткеннен кейін Сәбит үйіне қайтуға рұқсат сұрайды. Сонда бағбан: «Енді бір шартымды орындасаң, разылығымды беремін», – дейді. Сәбит бұған да келіседі. Бағбан оған: «Менің көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, қол-аяғы сал әрі мылқау қызым бар. Соған үйленесің», – деп шарт қояды. Сөйтіп, Сәбит пен бағбан қызының некесі қиылыпты. Бірақ қыз әкесі айтқандай емес, сап-сау әрі көрікті болып шығады. Сәбит қыздың әкесіне барып, мұның сырын сұрағанда: «Қызым ұят нәрселерге қарамайды, сондықтан соқыр дедім. Ұят, балағат әңгімелерді, өсек сөзді тыңдамайды, сондықтан керең дедім. Тыйым салынғанға қол созбайды, лас жерге бармайды, сондықтан да қол-аяғы сал дедім. Жаман сөз айтпайды, сондықтан мылқау дедім. Сен маған бір көргеннен-ақ ұнасаң да үш жыл сынадым. Сенің адалдығыңа көз жеткізгеннен кейін қызым екеуіңді бір-біріңе лайық көрдім», – депті. Міне, осындай жандардың некесінен Әбу Ханифа секілді ұлы тұлға, әлемге мәшһүр ғалым дүниеге келген екен.

Аманжол ӘБДІХАМИТҰЛЫ,
Жастар ресурстық орталығының маманы:

– Мені көпшілік мобилограф ретінде таниды. Әлеуметтік желіде белсенді болғандықтан көп балалар жекеме хат жолдап жатады. Соның ішінде бір жас баланың хаты жүрегімді қозғады. Оның айтуынша, әкесі ішімдікке салынып кеткен. Соның кесірінен айғай-шудан мезі болғанын жасырмады. Мұндайда сөз табу да қиын. Сабақ үлгеріміне кедергі келтіретін жағдайлар аз емес екен. Сол баланы қалай жұбата аламын? Көп ойлана келе, әлгі баланы мектебіне іздеп барып, жеке қызығушылығын сұрап едім, мобилиографиямен айналысып жүр екен. Қазір жастар арасында кең тарап трендтке айналған кәсіпті терең меңгеруі үшін оны қасыма алып, жастар аудиториясына арналған контент жасадық. Осылай бос уақытын тиімді іспен шұғылдануына жол ашқанымды үлкен көмек деп санаймын.
Ашығын айтсақ, Жаңақорғанның тарихын оқып біліп, оны әдемі бейнероликке сыйдырып, жастар аудиториясына ұсынып, қаралым жинап жүрген жайымыз бар. Ақпарат майданы қарқындаған заманда ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жастардың ел тарихын білуіне аз-кем жұмыс жасап жүргенімді мақтанышпен айтқым келеді.
Осы салада жүріп түйген ойым, соңғы жылдары әлеуметтік желіде ақ шашты аналар белсенділігі байқала бастады. Бір өкініштісі, бәрі үлгілі жағынан емес, үп-үлкен бастарымен бей-берекет сөз айтып, бейәдеп билеген апа-әжелеріміздің әрекетіне не деуге болады? Әлеужеліде боқтық сөзді боратып, аузына келгенін айтып отыратын ағаларға не жорық? Әлемжеліде батл ойнап, былыққа белшесінен батып жүрген құмарпаз қариялардың қылығын көргенде біз неге өзгенің озығына емес, тозығына құмартып кеттік деген ой мазалайды. Мұны көрген өзге жұрт біз жайында не ойлайды екен?

Мақпал МАРҚАБАЙ
21 шілде 2024 ж. 728 0