Тау беткейдегі ауылдардың тынысы
Аудан әкімі Мажит Самитұлының тау беткейдегі ауылдарға сапары Манап ауылынан басталды. Елмен кездесуінде аймағымыз бойынша соңғы екі жылда атқарылып жатқан екпінді іс-қимылдарға тоқталған аудан басшысы облыс бюджетінің 364 мрлд теңгеден 750 млрд-қа жеткенін, өңіріміз макроэкономикалық көрсеткіштер жөнінен республикада алдыңғы орыннан көрініп отырғанын тілге тиек етті. Осы жарқын жетістіктердің айшықты өрнегін ауданымыздың өмірінен де байқауға болады. Әкім ең бірінші кезекте елдің тұрмыс-тіршілігіне қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесінің өзекті екенін айтты.
Ауданымызда тозығы жеткен электр желілерін оңалту бойынша 5,9 миллиард қаржыға 20 жоба іске асады, оның ішінде Манап ауылы да бар. Осы бағыттағы жұмысты жауапкершілігіне алған мердігердің уәдесіне сенсек, мойнына алған міндетті, яғни электр желілерін жаңалауды келер жылдың басында толық бітірем деп отыр екен. Міне, сол кезде ауыл халқы желді күндері жарық жиі өшіп қала беретін келеңсіз жағдайдан құтылатын болады. Ауылда ауыз су жүйелері жүргізілгенмен судың аздығынан шектеулі уақытпен беріліп келеді екен. Осы мәселені шешуде бергі жақтағы ауылдарда бес ұңғыманы қазу жұмысы басталған, қазір оның үшеуі бітіп, төртіншісіне түрен түскенін жеткізген әкім бұл жұмыстың алдағы жылдың сәуір, маамыр айларында бітетіндігін сөз етті.
Ауылдықтар газдың келуін асыға күтіп отыр. Бұл бағытта Бесарық АГРС жобасының өзіне қажетті 30 млн теңге қаржы демеушінің көмегімен шешіліп тұр екен, осы жұмыс тиянақталып сараптама қорытындысы бекітілсе ары қарай негізгі жұмысты қаржыландыру мәселесі жоғарғы орындарға ұсынылатын болады.
Ауылдағы сегіз көшенің жетеуі асфальттанып біткен. Балалар ойын алаңқайын салуға 15,2 млн теңгенің жобасы жасалған. Келер жылы толық шешімін табатын болады.
Ауыл тұрғыны Қуаныш Мейірбеков ауылдағы тоғанның жағдайына тоқталды. Ауыл халқы тоғанды өткен ғасырдың отыз алтыншы жылдары қолмен құйған. Содан бері жөндеу көрмей, 200 метрдей аумағын лайқа басқан. Осыған байланысты су көзі бітелуінен тапшылық орын алып, есік алды ағашты көгерту де қиындап тұрғанын айтты. Бұл жұмыстың жобалық сараптамасын дайын болғаннан кейін қажетті қаржы бөлінетіндігін білдік.
Аудан әкімімен кездесуге арнайы келіп, өтініш-тілектерін білдірген тұрғындардың айтуынша, Талап бекетіндегі 8 көшенің төртеуінде ғана жарық бар. Пойыз тоқтап өтетін станцияның аумағына шоғырланған шағын ғана бекетті бұған дейін теміржол мекемесі жарықпен қамтамасыз етіп келгені рас. Қазір ауыл халқының саны артты, аумағы да кеңейді. Аудан әкімі бұл жағдайдан толық хабардар, осы мәселені шешуде облыстық энергетика басқармасы басшысымен мәмілелі байланыстың бар екенін айтты. Аққұм станциясы төңірегінде де осындай түйткілді мәселе аз емес-тін, ол теміржол мекемесінен облыс бюджетіне өткелі бір жүйеге түсіп келеді. Осындай қадам бұл ауылға да қажет болып тұр. Содан соң кезегімен 25 бекет, 24 бекет те мемлекет бюджетіне өтетін болады.
Аудан әкімі бастаған топ келесі бет түзеген ауыл – Бесарық ауылдық округінде алдымен газ мәселесін шешуге нақтылы талап бар. Келер жылдан бастап АГРС құрылысы толықтай қолға алынуы керек. Жалпы, ауылдың инфрақұрылымын оңалту, мәдени келбетін арттыруда биылдың өзінде жақсы жұмыстар бар. Ауылда 17 көше бар, соның 12-сі асфальтталған. Төрт көшеге 117 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүрді. Демеушілер есебінен бес көшеге орташа, төрт көшеге жай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек Бесарық бекетіндегі темір жолдың бойындағы емханаға қарай тротуар салыныпты.
2025 жылы да осындай жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылмақ. Ауылдық клубты материалдық-техникалық жарықтандаруға 7,2 млн теңге бөлу жоспарланып отыр екен.
Жиында сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасы Төлеген Әбдірейімов: “Ауылда аяқсу мәселесін шешуде әрбір тұрғын есік алдынан құдық қазуға мүдделі, бірақ оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Жағдайы барлар құдық қаздырған, 50-60 метрдей жерден су шығады, шығынын есептей келгенде 900 мың теңгедей болды” деді ол. Үш-төрт жанұяға ортақ бір құдық қазылуы да ауылды көкөрай аймаққа айналдыруға жетіп жатыр. Осыған көңіл бөлінсе дегенді айтты. Ауыл тұрғыны Низамуддин Қожамұратовтың да пікірі осыған саяды. Сонымен қатар елжанды азаматты ауылда жастардың тұрақтамауы ойландырады екен. Ауылда мектеп пен теміржол төңірегінен басқа жұмыс көзінің жоқтығынан жас отбасылар ата-анасынан енші алып сыртқа кетуде. Егіндік жер мен аяқ судың тапшылығы кәсіп көзін тарылтып, елді мекенді табиғи ерекшелігінен айырып отыр. Бұл ретте ең керегі – аяқсуды шешуде құдық қазу өзекті. Аудан әкімі бұл жағдайды зерттеп-зерделеп, облыстық табиғи ресрурстар басқармасына жеткізгенін, құдық қазуға қаражат бөлінсе ол толық елдің несібесіне үлкен демеу, ауызсу лимитінің тапшылығына да тірек болар еді дегенді айтты.
Ауыл тұрғындарын Бесарық плотинасының жайы да толғандырады. Өткен ғасырдың жетпіс төртінші жылдары қазығы қадалған бөгетке жиналған су 3-4 елді мекенді қамтамасыз етіп келсе, қазір бір елді мекеннен артылмайды. Аудан басшысы су мәселесінің ауылдың ғана емес, жаһандық құбылысқа айналғанын, бұл бағытта жергілікті жердің табиғатына сәйкес барынша ұтымды технологияны қооданудың маңызына тоқталды.
Келесі ауыл Жаманбай батыр ауылында да аудан әкімі электр желілерін жаңғырту жобасын жасап, толығымен сараптамадан өткен соң тиісті қаржыландыруға бюджетке ұсынатын боламыз дегенді айтты. Бұл ауылда ауыз су желісі толық қамтамасыз етілген. Дегенмен ауызсу жетпегендіктен шектеулі уақытпен берілуде. Аудан басшысы ауылдағы ауызсу мәселесінің шешілуі ұңғымалар құрылысының аяқталуына байланысты екенін айтып, халықты сабырға шақырды. Сәтін салса, келер жылдың алғашқы бес айында су мәселесі шешіледі. Газбен қамтуда Бесарық АГРС жобасы туралы айтты.
– Ауыл халқымен бұдан бұрынғы кездесуімде айтылған жағдайлармен толық таныстым. Газ мәселесі бойынша тиісті орындарға ұдайы мәселе көтеріп келемін. Жобаға қажет қаржыны таптық, демеушілермен кәсіпкерлермен келісім бар. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткен соң республикалық бюджетке ұсынамыз. Ол қолдау тапқан жағдайда ауылға газ келетін болады, – деп халықты қуантып тастады әкім.
Жалпы бұл ауылда жоғары орындардың алдына мәселе етіп қойған халықтың өтініш-тілектері іркіліссіз орындалып келеді. Мәселен, ауылдағы №54 орта мектебі ғимаратына қосымша құрылыс жұмысы бітіп, заманауи білім ошағының есігі айқара ашылды. Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы аясында жаңа медициналық нысан салынып құрылысы бітуге таяу.
Кеңес елді мекенінде Мұхтар Әлиев көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Топышев көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салыныпты. Ауылда атқарылған жұмыстар аз емес, Келесі жылы 100 млн-ның төңірегінде 3 көше асфальттанады деген жоспар бар. Одан бөлек екі көшенің жарықтандырылуы басталып кетіпті, оған тағы да 102 млн теңге бөлінгелі отыр екен.
Қосүйеңкі ауылы да 5,6 миллиард теңгеге жасалған 20 жобаға кірген. Ол біртіндеп шешіліп жатыр. Республикалық бюджеттен қаржы келсе жұмыстар басталғалы отыр.
Қосүйеңкі ауылындағы газ мәселесі де Бесарық АГРС інңің қолға алынуына тікелей байланысты болып отыр екен. Бірақ бұл жерде аудан басшысы жергілікті халықтың өтінішін ескеріп, ҚазақГаз-дың өңірлік басшылығымен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Жобадағыдай, Қосүйеңкі ауылына Бесарық АГРС-інен газ тартқаннан гөрі Бірліктен тарту тиімді, өйткені арақашықтық Бесарықтан 41, Бірліктен 21 шақырымды құрайды. Осының жобасы жасалуы керек. Бұған қосымша полигон қоршауына 10,5 млн теңге бөлінгенін, 4 көшенің үщеуі асфальттанғанын айтты. Ел тұрғындары атынан сөз алған Әбутәліп Бакиров салынғанына жетпіс жыл болған клуб үйінің ескіргенін айтты. Аудан басшысы алдымен ауыл тұрмысына аса қажет жоғарыдағы мәселелелер шешімін тапқан соң бюджет мүмкіндігіне қарай кезегімен қолға алынатынын айтты.
Қыраш елдімекеніне келесі жылға 133 млн теңге бөлініп, екі көше жөнделуде. Ауылдықтар электр желісі жөнделсе дейді. Ауылда бес көше бар екен, соның төртеуіне 2014 жылы сметалық жобасы жасалып, бірақ аяқсыз қалғанға ұқсайды. 2019 жылдан бастап газ келедінің дақпыртымен Бірлікке бұрылар бір ғана көше асфальтталып, қалғаны қолға алынбаған. Қазір ол кездегі шығын да еселеніп кетті. Ауылда ауызсу, аяқсу шешілген. Дегенменн Қайнарбұлақ бастауы тазаланса нағыз таза судың көзі дегенді айтты ауыл тұрғындары.
Бірлік ауылында бас-аяғы 11 көшенің 8-і асфальтталған. Ауыл халқы газдың игілігін көріп отыр.
Ел жағдайы жақсы. Бастысы, бірліктіктердің бірлігі бекем.
Аудан әкімінің халықпен кездесуінде аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек және сала басшылары бірге жүрді.
Баян ҮСЕЙІНОВА