№60 (8874) 12

12 тамыз 2025 ж.

№59 (8873) 9

09 тамыз 2025 ж.

№58 (8872) 5

05 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Қоғамдық кеңес: Халық пен билік арасындағы алтын көпір

Қоғамдық кеңес: Халық пен билік арасындағы алтын көпір


Қазіргі таңда қоғамның дамуы мен мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуде қоғамдық кеңестердің маңызы ерекше артып отыр. Қазақстан Республикасында қоғамдық кеңестер – халықтың пікірін ескеретін, мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізетін және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысатын маңызды демократиялық институт ретінде қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын үнемі атап өтеді. Бұл бағыттағы жұмыс қоғамдық кеңестер арқылы жүзеге асып келеді. Қоғамдық кеңестер – қарапайым азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуының нақты бір формасы. Өйткені қоғамдық кеңестер – билік пен халық арасындағы дәнекер, яғни алтын көпір.


Қоғамдық кеңес не үшін қажет?

Қоғамдық кеңес тек қағаз жүзіндегі құрылым емес, ол нақты жұмыс істейтін, қоғамға пайдасы тиетін орган болуы тиіс. Оның басты міндеті – мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, халықтың сұранысын, талап-тілегін жеткізу.
Мысалы, жергілікті деңгейде қоғамдық кеңестерге тұрғындар тарапынан келіп түсетін өтініштердің саны артып келеді. Олардың ішінде жер пайдалану, тұрғын үй мәселесі, жол жөндеу, мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандардың жағдайы сияқты сұрақтар басым.
Осындай бағытта жұмыс істеп жүрген аудандық қоғамдық кеңестің жұмысы да назардан тыс қалмайды. Бұл ретте біз арнайы қоғамдық кеңестің отырысына қатысып, кеңес мүшелерімен тілдесіп қайттық.

Тәжірибелі мамандар мен қоғам белсенділері бас қосқан алаң

Қоғамдық кеңестің төрағасы Дәулетбек Қалыбаевтың айтуынша, кеңес мүшелері бір сала мамандары ғана емес, өмірлік тәжірибесі мол, түрлі бағытта жұмыс істеп жүрген азаматтардан тұрады.
– Қоғамдық кеңес не істеп жатыр, немен айналысып жатыр деген сұрақтар жиі қойылады. Бірақ біздің мақсат – істеген жұмысты жарнамалау емес, нақты нәтижеге қол жеткізу. Мысалы, соңғы отырысымызда ауданымыздағы бірқатар ауыл тұрғындарының уақытша өтеулі жерді пайдалану мерзімін ұзарту мәселесі қаралды. Жайылма, Қожамберді, Жаңарық, Кейден ауылдары бойынша ұсыныстар түсіп, біз оны жан-жақты қарап, қоғамдық тыңдау арқылы шешім қабылдадық. Әрбір тұрғынмен жеке сөйлесіп, жерді қандай мақсатта пайдаланады, оның қоғамдық мүддеге кері әсері бар ма, жоқ па – бәрін егжей-тегжейлі саралаймыз, – дейді Дәулетбек Қалыбаев.
Осы тұста қоғамдық кеңестің ерекшелігі – біржақты шешім қабылдамай, халықтың мүддесін ескеретін, барлық тараптың пікірін тыңдайтын алаңға айналғаны. Қоғамдық кеңестің хатшысы Бақытжан Айтпенбетов те жыл басынан бері атқарылған жұмыстармен бөлісті:
– Жыл басынан бері қоғамдық кеңесте 30-дан астам өзекті мәселе қаралды. Соның ішінде аудан аумағындағы стационарлық емес сауда нүктелерінің орнын бекіту, тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу, оқушылар­дың жазғы демалысын ұйымдастыру секілді мәселелер бар. Мысалы, жаз маусымы басталысымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, демалыс орындарының жай-күйін бақылау бойынша арнайы мониторинг жүргізіл­ді. Мұның бәрі – халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған шаралар, – дейді Бақытжан Айтпенбетов.
Қоғамдық кеңес жұмысының тиімділігі тұрғындардың белсенді қатысуына байланысты. Кеңес отырыстарына кез келген азамат қатысып, өз ұсынысын айтуына мүмкіндік бар. Сонымен қатар қоғамдық тыңдаулар өткізіледі, сарапшылардың пікірі тыңдалады.
Қоғамдық кеңес жұмысының нәтижелілігін тек қағаз жүзінде емес, нақты істер арқылы көруге болады. Мәселен, ауылдардағы жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мәселесі көтеріліп, нақты шешімдер қабылданды. Сауда нүктелерін реттеу арқылы көше көркін бұзбай, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау көзделді. Әлеуметтік нысандардың жағдайы талқыланып, жөндеу жұмыстарының қажеттілігі анықталды. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда қоғамдық бақылау күшейтілді.
Қорытынды, қоғамдық кеңес – бұл тек пікір алмасу алаңы ғана емес, нақты мәселелерді шешуге ықпал ететін, халықтың мүддесін қорғайтын институт. Оның жұмысы билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, мемлекеттік басқару ісінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Халық пен билік арасындағы алтын көпір ретінде қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту – заманауи Қазақстан қоғамының маңызды міндеті. Сондықтан әр азамат өзінің белсенді ұстанымын көрсетіп, қоғамдық кеңес жұмысына араласуға, ұсыныс беруге қашанда құқылы.

Әсел РЗАЕВА

15 шілде 2025 ж. 125 0