» » Ерекше жандар елеусіз қалмасын

Ерекше жандар елеусіз қалмасын


Мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағытының бірі – ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру, олардың қызмет алу құқығын қамтамасыз ету. Осы ретте, ерекше жандарға ерекше жағдай жасау үшін әр бағыттағы көмек түрлері жүзеге асуда. Бұл өзекті мәселеге Президенттің өзі арнайы тоқталып, құзырлы орындарға тапсыма берген еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елде 732,1 мың мүгедектігі бар адам есепте тұрады. Оның 2857 азаматы біздің аудан тұрғындары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлауалды бағдарламамда айттым», – деген еді. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беру мақсатында бүгінде ауданда түрлі бағыттарда жұмыстар атқарылып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі жандардың бір бөлігі дәрігер рұқсатымен өздеріне қажеттіні алып, ем алу орындарына жөнелтілсе, жұмысқа жарамдылары жұмыспен қамтылуда. Ол туралы Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімініің әлеуметтік маманы кеңінен баяндады.
–Бүгінде аудан бойынша «Жеке оңалту бағдары» бағдарламасы арқылы 2000-ға жуық тұрғын көмек алады. Көмектің ішінде мүгедектік арбасынан бастап, балалардың ортопедиялық аяқ киімдері, бір реттік жаялықтар сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті заттардың барлығы қамтылады. Бірақ осындай заттар бар екен деп кез-келген адам келіп ала алмайды. Барлығы дәрігердің дайындауымен босатылады. Азаматтардың құқы қорғалған. Өтінішті Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы онлайн береді. Өтініш беруші өзінің ем алғысы келетін шипажайы мен қажетті затын таңдай алады. Тіпті, бір реттік жаялықтарды да өздеріне ұнаған фирмасынан таңдап алады. Барлығы ашық, қолжетімді. Біреудің есігін қақпайды. Дегенмен біздегі база күнде өзгеріп отырады. Өйткені, көмек алушылардың қажеттілігіне орай ауысады. Мәселен, мүгедектер арбасы 5 жылда бір беріледі. Биыл арба алған адам 5 жыл өтпей тағы да арба ала алмайды, - дейді әлеуметтік маман Ақмарал Мамырбекова.
Сондай-ақ, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильділігі орталығының «Жаңақорған ауданының Мансап орталығы» филиалына биылғы жылы 283 жұмысқа жарамды мүгедектігі бар азамат еңбекпен қамтуды сұраған.
–Мансап орталығының жұмыспен қамту белсенді шарасы аясында мүгедектігі бар, бірақ жұмысқа жарамды тұрғындарды жұмысқа орналастыру бойынша 2024 жылдың қарашасына дейін 283 адам өтініш берген. Оның біршамасы жұмыспен қамтылды. Мәселен, 53 азамат «Бастау» бизнес курсында оқып, оның 25-і қайтарымсыз грант жеңіп алып жеке кәсібін бастаса, жастар тәжірибесімен 5 адам, қоғамдық жұмыстарға 53 азамат, тұрақты жұмыспен 64 адам қамтылды. Алдағы уақытта да жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру бағыты бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Бастысы, жұмыс жасағысы келген азамат біздің орталыққа келіп өтініш беруі керек, - дейді «Мансап орталығының» маманы Зінабыддіншайых Ағманов.
Ал, аудандық психолгиялық-педагогикалық түзету кабинетінің басшысы Шынаркүл Есалықызы ерекше жандарға ерекше күтім керектігін алға тартады. Әсіресе, қоғам ерекше күтімді қажет ететін жандарды жылы шыраймен қабылдауы керектігін айтады. Мәселен, шетел­діктер үшін қалыпты саналатын ин­клюзивті үйлесім, инклюзивті қоғам тура­­лы түсінік бізде толық қалыптаспаған.
– Әуелі инклюзив деген сөзді толық мағынасында түсінуіміз керек. Инклюзив­­тілік – қоғамға кірігу, қоғам ішінде болу деген сөз. Ол тек ерекше жандарды немесе өз аяғымен жүре алмайтын азаматтарға арналған шекара, я болмаса жеңіл шаралар емес. Егер қоғам бірінші кезекте ерекшелігі немесе мүгедектігі бар адам­дар­ды қоғамы­­мыздың өзі секілді мү­шесі есе­­­бінде қабылдамайынша, бізде инклю­зив­­­­­тілік деген мағына болмайды. Бұл – қоғам­ның ерекше адамдарға арналған іс-әрекеті емес, ол қоғамның бірігуі. Мысалы, АҚШ немесе Еуропада ерекше қажеттілігі бар адамдарға барлық жағдай жасалумен қатар, қоғамның кәдімгідей қабылдауы, жана­­­шыр­­­лық танытуы қалыпты саналады. Бізде ше? Бізде әлі күнге дейін ерекше қажеттілігі бар адамдарды жат санау басымдығы аңғарылады. Біздің қоғам ерекше адамдарды қабылдауға дайын емес. Бірінші кезекте қоғаммен жұмыс істеу ке­рек, қоғамды дайындау керек. Кө­ше­­де тосын іс-әрекет, ерсі құлық танытқан адамға үрке қарамай, жана­­шырлықпен, түсіністікпен қарайтын күнге жетсек, сол кезде инклюзивті қоғам қалыптасады, – дейді Шынаркүл Тұрсынбаева.
Жалпы, мүгедектердің құқығы туралы конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен 2006 жылдың 13 желтоқсанында қабылданды. Заң жобасының мақсаты — мүгедектердің барлық құқықтары мен адамның негізгі бостандықтарын толық және тең пайдалануын қамтамасыз ету, қорғау және қамтамасыз ету. Конвенция мүгедектерге қатысты кемсітуді жоюға, олардың еңбек ету, денсаулық сақтау, білім алу және қоғам өміріне толық қатысуына, сот әділдігіне қол жеткізуге, жеке қол сұғылмаушылыққа, қанаушылық, қиянат жасау және жүріп-тұру бостандығына, жеке ұтқырлыққа құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Ал, Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны 2015 жылы ратификациялаған болатын. Осылайша мүгедектігі бар адамдардың экономикалық, азаматтық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын басқа адамдармен қатар толық іске асыру бойынша халықаралық стандарттарды енгізу міндеттемелерін қабылдады.
Иә, ерекше жандардың құқын қорғап, оларға деген мәдениет пен сыйластықты қалыптастыру, ізгілікті, тең құ­қылы қоғам құру – әрбір адамның жауап­­­­­кершілігіне байланысты болар...

Айсұлу Алданазар.
13 қараша 2024 ж. 83 0