№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Шашасына шаң жұқпаған

Шашасына шаң жұқпаған


Кешегі дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақ сәйгүліктері шаршы топта шаң жуытпай, текті тұлпар екенін тағы бір дәлелдеді. Мұндай қасиет қазақ жылқыларының маңдайына әлдеқайда жазылғанын ұмытпағанымыз жөн. Басқасын айтпағанда, Құлагердің ізін жалғаған арғымақтардың арысы біздің өңірде де болғанын бір білсе, бірі біле бермейді. Бұл тарихқа да 30 жылға жуықтапты. Бұл жөнінде бұрындары да жазылған еді, бірақ бәрін қайта басынан бастайық.


1995 жыл. Семей қаласында Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай үлкен тойдың дүбірі басталды. Дүйім жұрт асыға күткен аламан бәйгенің тобына 182 жүйрік келіп қосылды. 6 көлік тігіліп, ас берілді. Елдің түкіпір-түкпірі мен көрші елдерден жиналған арғымақтар 40 шақырымға шабу үшін межеге келді. Бәйге десе делебесі қозатын қазақ тік тұрып тамашалап, шабандоздар­ға жігер беріп, шуласты. Сыр елі­нен барған сәйгүліктер мәреге жүй­ітки жөнелді. Олардың көшінде жаңақорғандық Кастет те бар. Ұзақ­қа шыдамағандар жарты жолдан тоқтады, ақтық айналымда алты ат тобырдан бөлініп шықты. Мәреге сәл қалғанда Кастет көшті өзгеге ұстатты, бірақ жүлдеге ілініп, «Рено» автокөлігін иесіне тарту етті.
Бұл жануардың иесі Нұрмахан Айдарханов болатын. Есімі тарихта қатталып, қызыл кітапқа енген тұлпардың төресі туралы бүгінгі буын біле бермейді. Сондықтан Наурыз мейрамы қарсаңында ұлт­тық ойындарды тізбектеп, бір сәт өткенге оралып, Нұрмахан ағаның естеліктерін тыңдап қайттық. Ат­бегімен аман-саулықтан кейін сау­алды «сәйгүлігіңізді сағындыңыз ба?» – деп төтесінен қойдым. Ағамыз күрсініп алып, басын бір изеді.
– Кастетті 4 айлық кезінде ағалық ақылын айтып, жөн көрсетіп жүретін Шиелідегі Әуесхан Қыдырбаев деген кісіден алдым. Өзім бала кезден бәйге мен көкпарға қызығып өстім. Екінші ұлым Ерғали мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап бәйге шабуға әуестенді. Тіпті маған ат алып берші деп қолқалады. Көп ұзамай Әуесхан ағамның осы тайына көзім түсті. Құлын болса да құлшынып, ойнақтап тұрды. Қасында «Пилан» деген тай болды, бірақ оны салымға дайындадым. 6 айынан бастап Кастетті жаттықтыра бастадым.
– Осы жөнінен тереңірек айтсаңыз...
– Жалпы жылқыны баптап, жаратып, бәйгеге қосу – үлкен өнер. Өнер болғанда да қанмен сіңетін қасиет, аса қызығушылықпен жылдар бойы ден қоя үйреніп, зерттемесе сырын оңайлықпен аша қоймайтын ғылым. Шыны керек, алғашқыда ат баптаудың сырын жетік білмедік. Кенттегі Құмсахаба деген жерден шағын етіп шеңбер сызып, азанда кешке сол маңда жаттықтырдық. Күніне кем дегене 1,5 шақырым шаптыратынбыз. Аптасына бір рет 4 шақырым жүгіртіп, үйге келгеннен кейін басын мытап, үстіне киіз немесе қалың мата орап тастап, ащы терін шығаратынбыз. Әдісі көп болды. Күнде жаттығудан келгеннен соң үстін жылы сумен жуып, тамырларын қараймыз, суытамыз. Жануар болса да, ол да сенің көңіл-күйіңді түсінеді, ұрысқаныңды біледі, айтқаныңды ұғып алады.
– Кастеттің алғашқы шабысы қалай болды?
– Ел егемендігін алған тұста Сунақата ауылында үлкен тойда тай бәйгені өзіміз қаржы шығарып ұйымдастырдық. Тайлардың алғаш­қы жарысы болған соң, екі айналым жасадық. Менің тұлпар­ыммен үнемі Камал деген бала додаға түсетін. Шаппай тұрып балаға екінші айналымның ортасына келгенде қасындағыларды сүйреп тастап, тізгінді жібер дедім. Сонымен не керек, тайлар топқа қосылды. Топырақты төңкеріп, қара жерді тепсініп бәйгеден дара шыққан тарлан жануарымды жұрт алыстан таныды. Тұлпардай тулап, жүйріктей желпінген кімнің аты деп талайлар түрегеліп тамсанды. Осылай Кастетім тай бәйгеден 11 рет дара шықты. Құнан жарыстан да жүлдесіз емеспіз. Алматыға Тайбурылға бардым, Жамбыл, Шымкент шаһарларына да барып түйемен сүйіншілеп жүрдік.
– Көкпар мен бәйге атын дайындауда айырмашылық бар ма?
– Жер мен көктей, әсіресе ұзақ қашықтыққа шабатын тұлпарды дайындау өте көп күшті қажет етеді, уақытты көбірек бөлу керек. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, оның ішкі сырын, мүмкіндігін білу керек. Негізінде спортқа адам баптаудан, ат баптау қиынырақ. Адамның тілі бар, сұрайды, түсіндіресің, ал аттың тілін өзің табуың керек. Жаясы жалпақ, жонды да қоңды құлын сауыр қара етті жүйріктерді жаратып, арытамын деп жілік майын үзіп алудан, жүдеу тартып тұрған тұлпарларды семіртуде сақ болу керек. Дене тұрқы онша ірі емес, семіздікті сүйетін құлын сауыр жүйріктер негізінен етіне сеніп шабады. Мұндай аттарды ретіне қарап бір айдан асырмай жаратып, 4-5 рет суына тиіп, таң асырып, бәйгеге қосуға болады. Ал етті, қол-аяғы балғадай балуан денелі жүйріктерді көбірек әурелеу керек.
Қазақта жүйрікті жазбай танып, оны балаша баптап, құстай ұшырған дала перзенттерін – атбегі мен сейіс деп атайды. Кастетті Нұрмахан сейіске тарту еткен Шиелі ауданы, Алғабас ауылында тұратын Әуесхан ағамызбен сөйлесіп көрген едік. Алдымен ұлы Дастанмен байланысып, жөн сұрадық. Кастет туралы Әуесхан атбегі аздап кідіріп:
– Иә, балам Нұрмаханға ол құлынды берген мен едім. Шіркін, қандай тұлпар десеңші, Сыр өңірінің сұлу сәйгүлігіне айналды, шабысы да бөлек болатын. Текті тұлпардың тұқымын көбейту басты мақсатым еді, тектінің төлін беруге қимадым, бірақ інілік ізетімен қолқалап келген Нұрмаханға осы бір бітімі бөлек құлынды сыйладым, – деп қысқа қайырды.
Бұл кісінің қолынан қаншама тұлпардың төресі шықты. Кейіпкеріміздің Кастеті ағылшындық Брек атты арғымақтың тұқымы. Айтпақшы, Кастет аталуының себебі Талдықорғанда осы бір жүйріктің атасы болған десе-ді, соның құрметіне қойылыпты. Ағамыздың сөзінше, таза ағылшын қанды жылқылар ұзаққа шыдамайды екен, шатыс болса ғана төтеп бере алады. Сол секілді Қостанайдан келген жануарлар да мықты болады деді. Бұл текті жануар туралы ардагер спортшы Мәметәлі Жаденовтің де айтқаны бар еді.
– Жамбылға бірге бардық. Облыс бойынша 15 атты сол додаға арнайы алып бардық. Сол жарыста Кастет­тің қандай жүйрік екенін танитын­дар Нұрмаханға ақы ұсынып, сатып алуға тырысты. Бірақ сатылмады, дұрыс жасады. Кейіннен есімі қазақ даласына әйгілі болы, – деді.
Кастет Абай атамыздың тойынан келгенде денсаулығы сыр бере бастады. Нұрмахан ағамыз екі қателік кеткенін айтты. Бірінші жасы кішілеу болса, екінші жол бойы түсірмей, далаға шығармаған. Кейіннен иесі жиендік жолмен келген інісіне тарту жасаған. Әңгіме барысында ағамыз­ға қолғабыс болып жүрген үйдегі Назипа анамызды сөзге тарттық.
– Отағасы екеуміз 4 ұл, 2 қыз тәрбиеледік. Ерғали мен Ермек деген балам бәйгеге бала кезден құмар болды. Отағасы мен балалар жаттығудан келген бойы атты жуып, суытып тұрамыз. Машақаты аз емес, балам. Ол да отбасының бір баласындай болып кетті. Көңіл-күйіне көп көңіл бөлеміз, балалар қыдыртып, кешкісін серуендеп тұрады, бірақ Кастет өте сабырлы, әрі ақылды болды. Ауыр жаттығу болса да төтеп беретін. Ұшақтың жөні бөлек болды, – деді.
Ұшақ демекші, Кастеттен кейін Нұрмахан ағада осы бір жүйрік тәрбиеленді. Ол соңғы жануар еді, одан кейін балалар есейіп, бұл спортпен айналысу тоқтады. Кейіпкеріміз әлі де бір бүйрегі осы спортқа бұрып тұратынын айтып қалды. «Мен балаларға үнемі әдіс-тәсілмен шабуды үйреттім. Бәйге атын дайындауда біздегі бір кемші­лік, арпаға бейімдемейді. Өйткені арпадан кейін ат сырттайды. Кастет пен Ұшақтың хикаясын кітап етіп жазылса да көптік етпейді, қарағым» – деп сөзін қорытты.
Иә, біз де Құлагерін сағынған Ақан серідей күй кешкен Нұрмахан ағаның есіне Кастетін салып, мазалай бермейік деп шештік. Қалған тарихын кейінірек таразылармыз...

Әли ТЕМІРБЕК
24 қыркүйек 2024 ж. 228 0