№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көкпаршылар күміс тұғырда

Көкпаршылар күміс тұғырда


Алматы облысы, Талғар қаласында өткен Ұлттық ат спорты түрлерінен жастар арасындағы XVI-шы ел чемпионатында Сыр саңлақтары керемет нәтиже көрсетті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен ең мықты шабандоздар қатысып, ұлттық құрама сапына іріктелді. Биыл Қызылорда облысының намысын қорғайтын жаңақорғандық спортшылар жақсы өнер көрсетіп, 12 жас ҚР «спорт шебері» дәрежесін иеленді.


Алдымен аударыспақтан білекті балуандар атқа қонды. Жеңіл салмақта сынға түскен Айтжан Нұрғазы ақтық сынға дейін сүрінбей жетті. Тек алтынға бір табан жетпей, күмісті мойынға тақты. Ал, 62 келіде жастар арасында бірнеше рет чемпион атанған Мұзарап Диасқожаға бұл жолы қола бұйырды. Жеті салмақта бізге бұйырған қос жүлде болды.

– Былтырғы нәтижені биыл қайталай алмадым, сәттілік серік болмай, тек қолаға қол создым. Бірақ алда талай дүбір бар, кеткен есені қайтарамын. Жалпы бұл спорттың деңгейі жыл сайын жоғарылап келеді. Жастардың құрамы да толығып, бәсекелестік артты. Бұл да ұлттық спорттың бұдан да биікке өрлеуі деп білеміз. Бұйырса келер жылы алтынды қайтарамын, – деді Диасқожа.

Доданың көркін келесі күні көкпаршылар қыздырды. Көкпар десе делебесі қозатын қазақ халқының ата спортқа деген құрметі шексіз. Әсіресе, жастардың көбірек келуі қуантады. Жылдан жылға әр өңірдің деңгейі өсіп, дәрежесі көтеріліп келеді.
Сонымен жанкүйерлер асыға күткен от дүбірі басталды. Сыр өңірінің командасы алғашқы ойынын Солтүстік Қазақстан облысымен өткізді. Топтық кезеңнің бірінші ойынында қарсыластарын 6:0 есебімен тізе бүктірді. Екінші кездесу Ақмола облысымен болды. Ойынның оңай болмағаны есептен-ақ байқауға болады. Ақтық ысқырық шалынғанда таблодағы есеп 6:4 болып тіркелді. Топтағы үшінші ойын Алматы қаласымен еді.

– Алматы жігіттерін жақсы білеміз, егер жеңсек жартылай сынға өтетінімізді білдік. Барымызды салып, ойынды 7:1 есебімен аяқтадық. Шыны керек, биылғы чемпионатқа барлық командалар тас-түйін дайын келіпті. Әсіресе, Ақмола жігіттері жігер көрсетті, жалпы ел біріншілігінің деңгейі жылдан жылға өсіп келеді. Шүкір, биылғы олжа көңілімізден шықты, келер жылы алтынмен ораламыз, – деді команда капитаны Асқаров Нұрлыбек.
Жартылай финалда біздің жігіттерді Маңғыстау облысы күтіп тұр еді. Үздік үштіктен түспейтін маңғыстаулықтар бұл жолы фавориттердің бірі санал­ды. Тартысты өткен кездесу біз­дің шабандоздардың еншісіне жазыл­ды. Қайсарлық танытудан жаңыл­ма­ған жаңақорғандықтар жауапсыз 3 салыммен басым түсті. Жалпы Сыр облысының ат спорты түрлерінің бұл жолғы құрамын толықтай біздің ауданның жігіттері құрады.
Біз асыға күткен ақтық сында Түркістан облысымен жолымыз түй­істі. Тәжірибесі мол, кіл мықтылар жиналған команда жарыстың үздігі екенін көрсетті. Бар күш-жігерін жартылай сында төккен біздің көк­паршылар күмісті қанағат тұтты. Бұл керемет нәтиже, жылда үздік үштіктен түспей жүрген жастар биыл екінші тұғырға көтерілді. Осыдан-ақ алтынның ауылы алыс емес екенін көреміз. Былтыр біздің ауданда өткен чемпионатта оғландар бесінші тұғыр­ға қонған болатын. Былтыр небәрі төртінші орынды місе тұтқан Түркістан жастары биыл барын салды, тіпті елдің ең мықты командасы саналатын жамбылдықтарды да жарыс жолынан ығыстырды.
– Көкпардан 5-6 спортшы 23 жас­қа дейінгі ұлттық құраманы толық­тыратын болады. Бұл біздер үшін үлкен жетістік, бұйырса келер жылы бұдан да биіктен көрінуге тырысамыз. Былтыр кеткен қателікпен жұмыс жасап, биыл ақтық сынға дейін жеттік. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды, Азия және әлемдік дода күтіп тұр, сондықтан, жастарға босаңсуға болмайды, – деді команда жетекшісі Сламхан Боранбаев.
Иә, көкпар – жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым болуын қалыптастырып қана қоймай, атадан мирас болып келе жатқан ұлттық өнерді ұлықтауды көздейді. Міне, осындай ұлттық спортты ұлықтап жүрген жаңақорғандық жастарды әлі талай додада биіктерден көреміз деп ойлаймыз.
Көкпаршыларды жаттықтырып, до­даға дайындаған Қанат Абылбеков пен Асылбек Ауезовтің еңбегі зор.

Әли ТЕМІРБЕК
02 сәуір 2022 ж. 799 0