№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЛ АРАСЫН БАПТАУ БЕРЕКЕЛІ КӘСІП

БАЛ АРАСЫН БАПТАУ БЕРЕКЕЛІ КӘСІП


Бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша назар аударып отыр. Жергілікті жерлерде кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары артып келеді. Бұл дегеніміз өңір экономикасының өркендеуіне мол септігін тигізеді. Аудан бойынша жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырған жандар жетерлік. Басым бөлігі мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алса, бірқатары барын салып бизнесін бастауда.


Осы тұста, баршаға мәлім бал өнімі – мың бір дертке ем. Алайда омарташы­лық кәсібі біздің елде кенжелеп тұр. Қазақстанда бал арасы өнімінің 70 пайызын Шығыс Қазақстан облысы өндіреді екен. Десе де, осы омарташы­лық шаруашылығын ауданда дамытып отырған кәсіпкерлер аз емес. Соның бірі Феруза Ибрайымова мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болып, ата кәсіпті дамытуды қолға ала бастады. Бұрын Шиеліде тұратын кәсіпкерден бал арасын баптаудың қыр-сырына әбден қанығып алады.
– Өзім жастайымнан еңбекке құмар болдым. Омарташылыққа деген қызы­ғушылығым осы саланы зерттеуге жол ашты. Содан Шиелі ауданында тұратын Нарқыз Орынбекқызының көмекшісі болып жүрдім. Яғни, ол кісі бұрын­нан омарташылық шаруашылығымен айналысатын еді. Көп ұзамай, «осы кәсібіңізді біздің ауылға барып жасасаңыз» деп ұсыныс айттым. Қолдады. Ауылда бір жыл бойы көмекшісі болып, бал арасын өсірудің біз біле бермейтін құпияларына қанықтым. Биыл өзім бал араларын сатып алу үшін жаңа бизнес идеяларды қолдайтын мемлекеттік грантқа қатысып, бизнестің осы түрін қорғап шықтым,– дейді ол.
Бал сапалы болуы үшін маусым сайын әр түрлі алқапқа қоныс аударатын кәсіптің өз бейнеті жетерлік екен. Жантақ пен жоңышқа гүлдеген тұс­та көшіп-қонып жүретінін жеткізген омар­ташы бұл кәсіптің құпиясымен бөлісті. Бала кезімізде ара шағып алса: «Қыста ауырмайсың» деп жұбататын аналарымыздың сөзінде мән бар екен. Балдың емдік қасиетін көрген Феруза апамыз бал арасын асырағанға дейін әрбір алты ай сайын екпе егіп, дәрі-дәрмек қолданғанымен ентікпесі басылмағанын, жылдар бойы кеудені қысқан қысымнан омар­ташылықпен айналысқалы арылып, екпе егуден де құты­лыпты. Себебі, қазіргі таңда 80-ге жуық бал алатын омартасы бар. Оның әр қайсысында жаздың күндері 35-40 мыңға дейін ара болады. Яғни, бал арасы жиі шағатынын да жасырмайды. Содан болса керек, саулығы нығайып, иммунитеті артқан. Қазірде тұмаутарып қалса, он шақты бал арасына табанын шақтыртады екен.
– Ерте көктемде жеміс ағаштары гүлдеп, төңірекке ерекше жұпар иісін шаққан тұста жәшіктерден құжынай ұшқан бал араларының гүлге қонғаны тамаша көрініс. Шынында демаласың бұл шаруадан. Тіпті, тынымсыз кішкентай тіршілік иесінің еңбекқорлығына таңда­насың. Ертелі-кеш ұясына ризығын әкеліп, тыным таппайды. Бұл бір жағынан адам бейнесіндегі біздерге үлкен дәріс – дейді жергілікті омарташы.
Кәсібінен нәсібін тапқан омарташы салық органына тіркеліп, «Феруза» дара кәсіпкерлігін ашыпты. Болашағын ойлаған ол зейнетақы қорына да қаржы салып тұруды ұмытпапты. Дейтұрғанмен қыс ауасында бал өнінімен сұраныс артқанымен жаз маусымында төмендеп кететінін білдік. Әзірге ауыл-аймақ пен Жаңақорған кентін бал өнімімен қамтамасыз етіп отырған омарташы кәсібінің кеңейгенін қалайды.
Абзалы, экологиялық тұрғыдан та­биғи таза әрі сапалы өнім халықтың дастарханынан табылса игі. Бұл бү­кіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді».
Түйіндей айтқанда, ауданда омар­ташылықпен айналысып, оны кәсіп еткен отбасылар қатары артып келеді. Ал негізінде, омарташылық жай ғана кәсіп емес, онымен айналысқан адамды өзіне тартып, өмірлік ісіне айналдыратын қасиеті бар. Содан да болса керек, бұл шаруаның ақыры отбасылық бизнеске айналып жатады.

Мақпал МАРҚАБАЙ
24 тамыз 2024 ж. 117 0