№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Оңтайлы кәсіп омарташы

Оңтайлы кәсіп омарташы


Бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша назар аударуда. Жергілікті жерлерде кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары күн санап артып келеді. Бұл дегеніміз – өңір экономикасының өркендеуіне мол септігін тигізеді. Аудан бойынша жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырған жандар жетерлік. Басым бөлігі мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алса, бірқатары барын салып бизнесін бастауда.


Осы тұста, баршаға мәлім, бал өнімі – мың бір дертке ем. Алайда омарташылық кәсібі біздің елде кенжелеп тұр. Қазақстанда бал арасы өнімінің 70 пайызын Шығыс Қазақстан облысы өндіреді екен. Десе де, осы омарташылық шаруашылығын ауданда дамытып отырған әулет бар. Анығырағы, олар Жаңарық ауылында тұрады. Мейірбек Исмайловтың осы кәсіп түрін күнделікті табыс көзіне айналдырғанына сегіз жыл болыпты. Шиеліде тұратын жездесі Нариман Бекбаевтан бал арасын баптаудың қыр-сырына әбден қанығып алады.
– Өзім жастайымнан еңбекке құмар болдым. Омарташылыққа дейін ауылда сай-саладан қамыс орып, сатуды кәсіп еттім. Ешқашан еңбектен қашпадым. Содан бір күні жездем Нариманға бұйымтаймен барған едім. Сол барысымда ол кісінің кәсібімен жете танысып, бұрыннан омарташылық шаруашылығымен айналысатын жездеме осы кәсібіңізді біздің ауылға барып жасасаңыз қайтеді деп ұсыныс айттым. Ол қолдады. Ауылда бір жыл бойы көмекшісі болып, бал арасын өсірудің біз біле бермейтін құпияларына қанықтым. Кейіннен өзім бал араларын сатып алып, бизнестің осы түріне ден қойдым – дейді Мейірбек Исмайлов.
Көктем шыға ауыр жүк көлігін оталдырып, шеңгелі көп аумаққа шығады екен. Одан жантақ пен жоңышқа гүлдеген тұста көшіп-қонып жүретінін жеткізген жаңарықтық омарташы бұл кәсіптің құпиясымен бөлісті. Бала кезімізде ара шағып алса: «Қыста ауырмайсың» деп жұбататын еді. Бұл сөздің жаны бар екен. Мейірбек бал арасын асырағанға дейін әрбір алты ай сайын екпе егіп, дәрі-дәрмек қолданған екен. Ал, омарташылықпен айналысқалы екпе егуден құтылыпты. Себебі, қазіргі таңда 80-ге жуық бал алатын омартасы бар. Оның әр қайсысында жаздың күндері 35-40 мыңға дейін ара болады. Яғни, бал арасы жиі шағатынын да жасырмайды. Содан болса керек, саулығы нығайып, иммунитеті артқан. Қазірде тұмауратып қалса, оншақты бал арасына шақтыртып, сонымен емделетінін жасырмады.
– Ерте көктемде жеміс ағаштары гүлдеп, төңірекке ерекше жұпар иісін шашқан тұста жәшіктерден құжынай ұшқан бал араларының гүлге қонғаны тамаша көрініс. Шынында демаласың бұл шаруадан. Тіпті, тынымсыз кішкентай тіршілік иесінің еңбекқорлығына таңданасың. Ертелі-кеш ұясына ризығын әкеліп, тыным таппайды. Бұл бір жағынан біздерге үлкен дәріс – дейді жаңарықтық омарташы.
Кәсібінен нәсібін тапқан жаңарықтық омарташы салық органына тіркеліп, «Амина» дара кәсіпкерлігін ашыпты. Болашағын ойлаған Мейірбек зейнетақы қорына да қаржы салып тұруды ұмытпапты. Дейтұрғанмен, қыс ауасында бал өнімінен сұраныс артқанымен жаз маусымында төмендеп кететінін білдік. Әзірге ауыл-аймақ пен Жаңақорған кентін бал өнімімен қамтамасыз етіп отырған омарташы кәсібінің кеңейгенін қалайды.
Дұрысы – экологиялық тұрғыдан табиғи таза әрі сапалы өнім халықтың дастарқанынан табылса игі. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, кәсіпті ілгерілетуге мүмкіндік береді» дейді.
Түйіндей айтқанда, ауданда омарташылықпен айналысып, оны кәсіп еткен отбасылар кемде-кем. Ал, негізінде, омарташылық жай ғана кәсіп емес, онымен айналысқан адамды өзіне тартып, өмірлік ісіне айналдыратын қасиеті бар. Содан да болса керек, бұл шаруаның ақыры отбасылық бизнеске айналып жатады.

Мақпал МАРҚАБАЙ
28 қараша 2023 ж. 238 0