№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұтынушы құқығын кім қорғайды?

Тұтынушы құқығын кім қорғайды?

Ірі мегаполистерде, әсіресе Астана мен Алматыдағы сауда орындарында әрбір тұтынушы алатын тауарының жарамды уақыты мен сапасына аса мән беретінін байқаймыз. Бұл дұрыс, әрине, тазалық пен жарамдылық мерзімін талап ету – әрбір тұтынушының құқығы. Одан бөлек, кез келген сервистік қызмет болсын, әрбір сала бойынша да талап етуге құқымыз бар. Бірақ ауылдық жерде бұл мәселеге терең мән бермейтініміз шындық. Қалай десек те тұтынушы құқығы бірінші кезекте қорғалуы керек. Осы тақырып төңірегінде талдап, таразылап көрейік.
Алдымен тұтынушылардың негізгі құқықтарына не жататынын түсініп алайық. Әр тұтынушы тауарды иеленуге еркін түрде шарт жасауға, өз құқығын қорғау мақсатында құқықтық сауаттылығын арттыруға, сапалы, қауіпсіз тауар мен қажетті ақпарат алуға, тиісті, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастауға немесе қайтарып беруге, моральдық зиянды өтетуге заң тұрғысынан құқығы бар.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков республика көлемінде 2023 жылы 50 866 өтініш қаралғанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 168,6%-ға өскенін баяндады.
Ал Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өткен жылы 368 өтініш түссе, 2024 жылдың І тоқсанында тұтынушылар тарапынан 117 өтініш түскені анықталды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға жоғары екен. Департамент басшысы Ерқасым Сүлейменов: «Бізге келіп түскен 117 өтініштің 72-сі бөлшек сауда саласы бойынша болып отыр. Атап айтсақ, сапасыз тауарды айырбастаудан, қайтарудан бас тарту және 14 күн ішінде тиісті сападағы тауарды айырбастамай, тұтынушыларды алдап, сапасыз тауар ұсыну фактілері тіркелген. Одан бөлек, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтері саласы мен электрондық сауда, қоғамдық тамақтану салалары бойынша да бірнеше құқық бұзушылық өтініш келіп түсті. Аталған өтініштерді заңға сәйкес қарау қорытындысымен 62 өтініш қанағаттандырылды. Нәтижесінде, тұтынушыларға барлығы 6,4 млн теңгенің қаражаты қайтарылуына ықпал жасалды» деді. Бұдан басқа, «Сапалы өнім» жобасы қоғамдық тұжырымдамасы аясында ішкі нарықта отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қорғау мақсатында сапасыз және қауіпті тамақ өнімдеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Сараптама қорытындысы бойынша 5 өнімнен, атап айтқанда қаймақ, сүзбе және шикі ысталған шұжық өнімдерінен таңбалаудағы сәйкестіктер және мемлекеттік тілде ақпараттар жоқтығы анықталса, қалғандары талапқа сай келіпті. Жауапты сала басшысы бөлшек саудаға қатысты шағымның көп екенін алға тартып отыр.
Өткен жылы жүргізілген талдауда 181 өтініштің бөлшек сауда саласына байланысты екені анықталды. Сапасыз тауарды айырбастаудан, қайтарудан бас тарту, тұтынушыларды алдау, сапасыз тауар ұсыну фактілері анықталған. Биылғы жылы байланыс және интернетке деген тұтынушылардың наразылығы арта түсті. Әсіресе, елді мекен жұрты осы мәселені алға тартып дабыл қағуда. Бұл мәселе министрлікке қарайтын болған соң аудан, облыстық деңгейде шешілмей тұрғаны қынжылтады. Енді заңдық тұрғыдан талдап көрейік. 2010 жылдың 4 мамырында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заң қабылданды. 2019 жылғы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында тұтас және тиімді саясатты қалыптастыру мақсатында арнайы комитет құрылды. Еліміздің әр өңірінде аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері заң талаптарын сақтау бойынша мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асырады.
Қазіргі уақытта тұтынушылардың шағымдарын қарау мен шешудің үш сатылы жүйесі енгізілген. I кезеңде – сатушы және тұтынушы арасында реттеу, дауларды сотқа дейін реттеу әрекеттері, II кезеңде ̶ мемлекеттік органдар арқылы шағымдану, III кезеңде – сотқа арызданып, статистика жүргізіледі, құзырлы органдарға жіберіледі. Ал нәтижесі қандай? Республика бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 43,3% жағдайда құқықтық көмек көрсетіп, 17,4% жағдайды Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексі шеңберінде басқа мемлекеттік органдарға қарастыруға жіберген. Шағымдарды талдау нәтижесінде 63 бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 4,7 млн теңгеге айыппұл салынған. Сондай-ақ 618 бизнес субъектісіне ескерту беріліп, 169 талап қойылуы нәтижесінде тұтынушылардың құқықтары 1 млрд теңгеден астам сомаға қорғалған. Қазір тұтынушыны барынша қорғау мақсатында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар жүйесі енгізіліп отыр. Осы ретте уәкілетті орган заң жобасын әзірледі, ол бүгінгі таңда Мәжілісте қаралуда.
Онлайн саудаға қатысты тұтынушылардың электрондық сауда сегментіне шағымданушылардың саны өсті. Осыны ескере отырып, заң жобасымен шарттарда тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын және оларға қысым жасайтын талаптаға жол бермеуді бекіту, сондай-ақ құқықтық олқылықтарды жою, атап айтқанда, тауарларды сату мақсатында пайдаланылатын интернет-ресурстарды «сауда объектілеріне» теңестіру ұсынылды.
Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне, яғни e-tutynushy.kz сайтында ұялы телефон немесе компьютер арқылы әр тұрғын өзінің бұзылған құқықтары туралы мәлімдей алады және кәсіпкерлерге Smart QR қосылуға болады. Кәсіпкерлерді де шеттетіп тастауға болмас. Кәсіп иелері де кейде зауыттардан келген тауарды толықтай тексеріп алуға мүмкіндігі бола бермейді. Жарамдылық мерзімі жазылғанымен кейбір тауардың сапасы бұзылып кетуі әбден мүмкін. Әсіресе, аптап ыстықта мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Бұны саудагерлер де растап отыр. «Дүкен сөрелеріндегі барлық тауарлар текесерістен өтіп, ұсынылады. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ, дегенмен кем-кетіктер де жоқ емес. Ауарайына байланысты кейбір заттар жарамсыз болып қалуы да мүмкін. Көбіне бақша дақылдарынан осы мәселелерді жиі кезіктіруге болады» – дейді сатушылар.
Бұл ретте тұрғындардың да пікірі маңызды. Жұмыртқа, сүт өнімдері мен балықтан болатын азық-түліктен көбіне байқау керектігін тұтынушылар ескертеді. Өйткені мынадай ыстықта бұл өнімдер қосылған тауарлардың кейбірі жарамсыз күйге енеді дейді. Жалпы Жаңақорғанда сауда саласы қарқынды дамып келеді. Ірі сауда үйлері мен шағын дүкендердің саны өте көп. Аудан орталығын есептегенде тұрғындардың қажетін өтей алатын нарық бізде қалыптасып үлгерген. Яғни, бәсекелестік орта қалыптасты, енді тұтынушылар санға емес, сапаға мән беруге бет бұрды. Сондықтан тұтынушылар талғамы енді ескерілетін болады. Онымен қоса құқығы да тиісті деңгейде қорғалса игі. Өзге елдер тәжірибесімен танысып көрейік. Дамыған шетелде сатушы фирма тұтынушы тарапынан ешқандай өкпе-наз естімеуге тырысады, ал алда-жалда ондай бола қалса, тұтынушының алдында кешірім сұрап, сапасыз тауарды өздері келіп ауыстырып береді. Ал ақшасын талап етсе, келтірген моралдық залалын үстіне қосып беріп, тұтынушымен ризаласып қоштасады. Оларда тұтынушы мен сатушы соттасыпты дегенді мүлде естімейсің. Сатушы өзінің атына кір келтірмес үшін тұтынушының бабын табады. Өйткені біріншіден, бәсекелестік жоғары. Ал, бәсекелестері тұтынушының талабын қанағаттандырмағанын білсе, сол фирманың есін шығарады. Сондықтан фирма өзінің абырой-беделіне нұқсан келтірмеуге тырысады. Екіншіден, ондағы халықтың мәдениеті жоғары, сатушының халықты алдау көріністері өркениетті елде мүлде болмайды.
Қысқаша құлаққағыс айта кетейік, тұтынушылардың құқығы бойынша ұсыныс, шағым немесе сауалыңыз болса 711530, 711569 нөмірі арқылы байланысуға болады. Департаменттің мекен-жайы айтылады, бірақ ауданда филиалы жоқ екенін ескеруіміз керек.
Түйіндей айтқанда, азаматтардың құқықтарын қорғау – ең басты міндеттердің бірі.

Әлібек ЖАРЫҚПАЕВ


10 шілде 2024 ж. 188 0