№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мамандық таңдау – маңызды қадам

Мамандық таңдау – маңызды қадам


Бүгінгідей нарық заманында бәсекеге қабілетті маман дайындау басты талапқа айналып отыр. Мектеп бітіргеннен кейінгі баспалдақ мамандық таңдауға келіп тіреледі. Өйткені болашақ өмірің осы кездегі таңдауына тікелей байланысты. Осындай маңызды сәтте талапкер таңдауын дұрыс жасады ма? Осы тақырып төңірегінде саралап көру үшін биылғы ҰБТ сынағын тапсырып жатқан түлектерден сыр тартып көрдік.


«Қай пәнді таңдасам оқуға түсе аламын? Қай мамандыққа грант көп бөлініп жатыр? Өкініштісі, балада да, ата-анада да осы пыйғыл басым. Оқуын ойдағыдай аяқтап, қолына диплом алғанымен көбі жұмыс таппай сенделіп жүргендердің дені осылай қалыптасатын тәрізді.
Ақиқатына келсек, ауылдың жерде егін және мал шаруашылығына қажетті мамандарға сұраныс жоғары. Атап айтсақ, құрылысшы, дәнекерлеуші, сушы, агроном, механизатор сынды мамандарға сұраныс басым. Бүгінде тер төгіп жүрген мамандық иелерінің дені зейнет жасындағылар. Олардың орнын басатын мамандар қажет емес пе? Ал жастардың көбі «ауылда жұмыс жоқ» деген желеумен басқа қалаларға кетуге әуес екенін көз көріп жүр. Елімізде диплом алған түлектердің 60 пайыздан астамы өз кәсібі бойынша жұмыс істемейді екен. Себебі, мамандықты жүрек қалауымен таңдамаған. Салдарынан алған дипломы сандық түбінде шіриді. Ал, сарапшылар қоғамдық өмірде жұмысшы мамандарына сұраныс жоғары екенін айтады.
Бүгінгі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық – еліміздегі күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі. Оқу бітірген түлектердің дені жұмыс таппай жүр. Бұған себеп не?
Жыл сайын емес, тіпті күн сайын жұмыссыздыққа тіркелген жастардың саны көбейіп барады. Ал, жұмыссыздық жәрмеңкесіне жарияланған мамандықтарды місе тұтпай, аға-көке жағалайтындар аз емес. Әлбетте, бұл мамандықты дұрыс таңдамағанның салдары.
Аудандық халықты жұмыспен қамту орта­лығының маманы Руслан Мұсатаев ауданда жұмыссыздық деңгейі жылдан-жылға азайып келе жатқанын алға тартады.
– Ауданымыздағы жұмыссыздық жайына тоқталсақ, статистикалық мәлімет бойынша жыл басынан бері “Мансап” орталығына жұмыс іздеуші ретінде 3328 адам хабарласып, оның ішінде 1190 адам жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шаралары бойынша жұмыспен қам­тылған. Бұл жалпы хабарласқандардың 35,7 пайызын құрайды. 2023 жылдың осы мерзіміне дейінгі есеп бойынша жұмыссыз ретінде тірке­ліп, жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 62 пайызды құраған. Жұмыссыздық деңгейі үстіміздегі жылға 5 пайызға жетсе, жастар арасындағы жұмыссыздық 4,5 пайызды көрсетіп отыр. 2023 жылмен қоса есептегенде жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендердің саны бүгінге дейін 1779 адамға жеткен. Айтылғандардан бөлек, ағымдағы жылға 5335 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Ауданымыздағы бос жұмыс орындарына 10 рет жәрмеңкелер өткізу ұйымдастырылып, оның біреуі өткізіліп үлгерді. Оған 10 жұмыс беруші 19 бос жұмыс орындарын ұсынып, нәтижесінде 3 азаматқа жолдама берілді.
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұй­ым­дастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту бағыты бойынша да әлеуметтік жұмыс орындарын құруға жыл басынан бері 55 адам жоспарланып, қазіргі таңда 27 жұмыс берушіге 65 адам жолданған. Осы сияқты жастар практикасы бойынша 350 адамды жолдау жоспарланып, қазірге дейін 389 адам жіберілген, – дейді орталық маманы.
Осы тұста айта кетейік, бос орын жұмыс жәрмеңкесінде аспазшы, дәнекерлеуші, құры­лысшы, көлік жүргізуші және т.б мамандық бойынша сұраныс көп. Алайда, бұл жұмыстарға ынта білдіру жағы көңіл көншітпейді.
Жастар арасындағы жұмыссыздықтың артуына негізгі себептер қатарында жоғары оқу орындарының нарық талабына сай маман даярлай алмауы, мамандарды әзірлеу үшін қажетті инфрақұрылымның сапасыздығы ауызға алынады.
«Диплом бар, жұмыс жоқ». Қазір жұмыссыз жүрген жастардан тек осындай жауап алуға болады. Осы ретте 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетіні жиі айтылып жүр.
Осы ретте, ауданымыздағы табыс көзі жоғары кәсіпкерлермен де пікір алмастық. Басым көпшілігі жұмысқа адам таппай, өзге аймақтардан адам жалдайтынын айтты. Жеке кәсіпкер Қадыржан Қыдырбаев бірнеше айдан бері жұмысшы таппай жүргенін жасырмады. Жалақысы тұрақты, барлық жағдайы қамтамасыз етілетінін де тілге тиек етті.
– Әрдайым жұмысқа адам іздеп әлек боламыз. Күнделікті берілетін жалақы да жоғары. Аяқ-қолы сау, еңбекке жарамды жастардың неліктен жұмыс істегісі келмейді? Кейде жағдайы төмен отбасыларға қайырым жасамақ болып, үйіне азық-түлік немесе керек-жарағын апарып беріп жатамыз. Сонда әлгі үйде жап-жас, тепсе темір үзетін жастарды көріп қалып, таң қаламын. Нарық заманында әркім өзі үшін жұмыс жасауы керек қой.
Әлбетте, қоғамда еңбек етуге ынталы, қандай жұмыс болса да игеріп кетуге әзір жастар аз емес. Аспаздық өнерді жетік меңгерген әрі табыс көзіне айналдырып үлгерген 18 жасар Ибадулла Нұрмұхамед:
– Аспазшылық – өзім таңдаған мамандық, әрі табыс көзі деуге болады. Меніңше, адам қатып қалған стеротипті бұзып, өмірде жаңа мүмкіндіктерді іздеп, тынымсыз еңбек ету қажет. Әйел адамның әзірлеген асы қашанда дәмді, бірақ үлкен асханаларда ер адамдардың қолы қат. Аспаз болып, табыс таба бастағанда-ақ мұны түсіндім. Біздің елде ер адамдар ошақ басына жақындауды ар көреді, егер ебін тапсаң бұл мамандықтан мол табыс табуға болады. Өзім осы саланы таңдағаныма еш қысылмаймын. Бір айда 250-350 мыңнан жоғары табыс табамын. Біздің жұмыс әр кезде әр қалай. Жемістерді түрлі мүсінге келтіріп, дастархан сәндеу де өнер. Уақыт пен төзімділікті талап етеді. Одан бөлек, бүгінгі күннің хит тағамдары суши, пицца сынды тағамдарды дайындауға да сұраныс жиі түседі, – дейді ол.
Міне, «жас келсе іске» деген осы болар. Алға қойып отырған мақсаты да жоспарлы, нақты іске бағытталғандай. Өзінің кәсібін кеңейтіп, «КFC», «Бургер кинг» сынды авторлық тағамын нарыққа шығарып, брендке айналдыруды ойлап отыр.
Байқасаңыздар, нарық заманында мол табыс тауып, жаңа жұмыс көздері көптеп ашылып, кәсіпке бейімделуге жол ашты. Ресми орындар жұмыссыз жастар қатарының артқандығын жоққа шығара алмайды. Қаншама мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылса да, нәтиже көңіл көншітер емес. Жай ғана бағдарламамен бұл мәселенің шешімі табылмайтыны түсінікті. Ал біз араларында болып қайтқан үлкен өмірге қадам басқалы отырған түлектердің мақсаты жоғары оқу орнының грант иегері атану. Ал ол нәтижеге жету жолында көп еңбектену­дің қажет екені айтпаса да түсінікті. Даңғыл жолға сапар шеккелі тұрған талапкерлердің де көңілдері алаңдаулы. Дегенмен, әр түлек өз білімін жоғары деңгедейде дәлелдеп шығарына сенімдіміз.

Әсел РЗАЕВА
25 маусым 2024 ж. 220 0