№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жұмыссыздық: кәсібилік кем бе, әлде бейғамдық кінәлі ме?

Жұмыссыздық: кәсібилік кем бе, әлде бейғамдық кінәлі ме?


Әне-міне дегенше бітіруші түлектер мектепті аяқтап, ҰБТ-ға дайындыққа кірісіп кетті. «Қай пәнді таңдасам, қандай мамандыққа оқуға түсе аламын?». Көбі сол баяғы жаттанды биология, физика, химия, ағылшын тілі пәндерін таңдап жатады. Соның салдарынан белгілі бір мамандықтарға грант немесе тағы біріне талапкер жетіспей жатады. Түрлі мамандық бойынша жоғары және арнайы оқу орнын түгесіп келген түлектердің дені осындай пиғылда. Оқуын ойдағыдай аяқтап, қолына қос-қос диплом алғанымен көбі неге жұмыс таппай сенделіп жүр? Тіпті, ел асып, өзге мемлекетті паналап, жан бағып жүргендердің не білгені бар? Ендеше, мамандық таңдау сатысында тұрғандар үшін ең қажет деген мамандықтарға талдау жасағанды жөн көрдік.


Бүгінгі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық – еліміздегі күрмеуі ше­шіл­мей келе жатқан мәселелердің бірі. Бүгінде оқуын бітірген түлектердің дені жұмыс таппай жүр. Бұған себеп не? Осы тұста өз ауданымыздағы жағдайға тоқталайық? Өткен жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына 1393 жас хабарласып, олардың 84 пайызы, яғни 1176-і әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған. Оның ішінде 297 жастар практикасына жолданса, әлеуметтік жұмыс орындарына – 52, шағын несие алғандар – 31, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға қатысқандар – 262, қоғамдық жұмысқа жолданғандар – 301 және грант алғандар – 285 жасты құрапты. Әлбетте, бұл тіркеліп, ресми статус алғаны ғана. Ал тіркелмей жүргендері қанша? Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының дирек­торы Жаңабек Тұрлыбеков ауданда жұмыссыздық деңгейі жылдан жылға азайып келе жатқанын алға тартады.
– Ағымдағы жылы ауданымыздан «Бастау-Бизнес» жобасына барлығы 500 адам қамтылды, оның ішінде 562 адам оқуға жолданса, 29 жасқа дейін­ге жастардың саны – 262-сі, яғни 52 пайыз құраған. Несиелендіру бойын­ша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қоры» акционерлік қоғамы арқылы ауданға барлығы 29 адамға несие беру жоспарланса, осыдан 93 адамға несие берілген. Оның 29 жасқа дейінгілер саны 31 жасты құрап, кәсіпкерлігін дамытуда. Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грант 673 адамға берілсе, оның ішінде 29 жасқа дейінгі жастардың саны – 285 адам. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша 49 жұмыс берушіге 132 адам жолданса, оның ішінде 52 жас әлеуметтік жұмыс орнына жолданған. 297 жас түлек жас­тар практикасымен жұмыс орындарына жолданды. Ақылы қоғамдық жұмыс орындарына – 823 адам жолданды. Оның ішінде 29 жасқа дейінгі жастар саны – 301 құраса, мерзімін аяқтап тұрақты жұмысқа орналасқаны – 124. Сондай-ақ, бағдарламаға енгізілген өзгерістерге сәйкес биылғы жылы алғашқы жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша 8 адам жоспарланған болса, осыдан 29 жасқа дейінгі 16 адам жолданып, жоспар 200,0 пайызға орындалып отыр. Ал, ұрпақтар келісімшартын ұйымдастыру бойынша 5 адам жолданып, 100 пайызға орындалса, оның 2 адамы 29 жасқа дейінгі жастарды құрайды. 2022 жылға хабарласқандардың ішінен жастар саны – 214. Осы жылы 254 адамды жоспарланып, тұрақты жұмысқа жолданғандар ішінде жастар саны – 30 болса, қоғамдық жұмыс орындарына – 30 жас жіберілді, – дейді орталық басшысы.
Осы тұста айта кетейік, орталық басшысының сөзінше, бос орын жұ­мыс жәрмеңкесінде аспазшы, дәне­керлеуші, құрылысшы, көлік жүргізуші және т.б мамандық бойынша сұраныс көп. Алайда, ол жұмыстарға барып орналасуға жастар құлықсыз. Ашығын айтқанда, жастар қарапайым жұмысқа баруға құлықсыз, ал портфель ұстап шіреніп жүру үшін маңдай тер төккен жолдан өту керек екені ойлантпайтын тәрізді.
Жастар арасындағы жұмыссыз­дықтың артуына себеп те аз емес. Солардың қатарында ең әуелі жоғары оқу орындарының нарық талабына сай маман даярлай алмауы, мамандарды әзірлеу үшін онда қажет­ті инфрақұрылымның сапасыздығы жұмыс берушілердің жас мамандарды жылы қабылдамайтындығы ауызға алынады. «Диплом бар, жұмыс жоқ». Қазір жұмыссыз жүрген жастардан тек осындай жауап алуға болады. Осы мәселе төңірегінде ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік бі­ліммен қамтамасыз етілетінін хабар­лаған болатын.
– Гранттарды министрлік өз бетін­ше бөлмейді. Оны үлестіретін ар­найы әдістеме бар. Жұмыс берушілер, «Атамекен» палатасы және еңбек­пен қамту министрлігімен грант бөлу бағыты бойынша жұмыс істейміз. Олар бізге жетіспейтін мамандар бойынша мәлімет береді, кейін на­рыққа қажет және керісінше саны тым көп мамандар тізімі жасалады. Мұның алдындағы оқу жылында 3,5 мыңға жуық грант игерілмеді. Олар «Серпін» бағдарламасы бойынша бө­лінген гранттар болатын. Ал жалпы конкурсқа берілген гранттар толықтай игерілді деп айтуға бо­лады. Қазірдің өзінде бізде келесі оқу жылы бойынша бұйрық бар. Сол бұйрықта гранттың нақты қай білім беру бағытына бөлінетіні ту­ралы ақпарат көрсетілген. Ең көп бөлінетін бағыттар – педагогика, IT және техникалық білім салалары. IT бағыты бойынша грантты екі есе арттырып, санын 9 мыңнан асырдық. Гранттардың көбісін осы үш бағытқа бөліп отырмыз. Өткен жылдары да осы үш салаға көп бөлінді, келесі жылдары да осы қалыптасқан тренд жалғасады, – дейді Аймағамбетов.
Яғни, министрдің сөзіне құлақ ассақ 2025 жылға қарай жастар сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік бі­ліммен қамтамасыз етіледі.
Дегенмен, кейінгі кезде мем­лекеттік гранттарды жұмыссыз жастар емес, кәсібі бар, қолы ұзындардың иеленіп жүргені жиі айтылып та, талай ортада талқыланып та жүр. Расында, оқуын енді ғана аяқтап, жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарға осы бағдарлама қаншалықты септігін тигізіп жатыр? Тарқатып көрейікші. Қолынан іс келетін, еңбек етемін дейтін жастар мемлекеттік грантты қаншалықты тиімді пайдаланып жа­тыр? Бұл ретте кәсіпкерлікке жау­апты құзырлы органдар қадағалауды күшейту керек. Жыл сайын беріліп жатқан грантты қалай және қан­дай мақсатта алуға болады. Бұл жайында аудандық жұмыспен қам­ту орталығының маманы Руслан Мұсатаевтан білдік.
– 2021 жылы 673 азамат 583400 теңге болып бекітілген бір реттік соманы игілігіне икемдеді. Жалпы өткен жылы мемлекеттік грант беруге жыл басында 600 адам жоспарланып, республикалық бюджеттен 350 млн теңге қаржы бөлінді. Қажеттілікке байланысты қараша айында тағы да 73 адамға 42,588 млн теңге қосымша қаражат бөлінді. Нәтижесінде 673 адамға грант тағайындалып, жоспар 112 пайызға орындалды. 2022 жыл­ғы жақсы жаңалық, президенттің тапсырмасына сәйкес қайтарымсыз қаржы көлемі 1 200 000 мың теңгеге ұлғайды. Яғни, жастарға үлкен мүм­кіндіктер көзі ашылды. Енді қандай да бір кәсіптің көзін бастаймын десе осы қаражат әжептеуір қолғабыс деп есептеймін, – дейді сала маманы.
Сонымен қатар, кәсіпкерлікті да­мытуға қатысты елімізде түрлі-түрлі бағдарламалар қабылданып жат­қанын білеміз. Осы орайда, «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының Жаңақорған аудандық фи­лиа­лының директоры Асылжан Жол­дас­бековпен тілдескен едік.
– Шыны керек, ел арасында түр­лі көзқарас бар. Шын мұқтаж адам тиісті қаражатты ала алмай, жағдайы орнықтылар мүмкіндікті пайдаланып жатыр деген пікірлер бар. Сол се­бепті де, бұл жобаның ережесі өз­геріп «Ұлттық жоба» деген атаумен дайындалу үстінде. Бұрын 200 АЕК болса, биыл 400 АЕК болып өзгертіліп, яғни 1 225 200 теңге болып өзгерді. Бұл аз ақша емес, кәсіпті дөңгелетіп кетуге әбден болады. Осыған орай, талаптары да қатаңдатылып жатыр. Басым бағытты 29 жасқа дейінгі жастарға және атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдарға ғана берілу керек. Сондай-ақ, грант алған адам­ды маниторингтік топ бір жылға дейін қадағаласа, енді үш жылға дейін тексеріп отырады. Осындай өзгерістерден кейін, кім көрінген бұл қаражатты ала бермейді. Яғни, шын мұқтаж адамдар ғана алады деп үміт артып отырмыз, – дейді палата басшысы.
Сонымен қатар, «Дипломмен ау­ылға» бағдарламасының іске асы­рылуы бойынша жүргізілген мони­торинг жайлы аудандық ауыл­шаруашылығы бөлімінің басшысы Тал­ғат Зейдалиевке жолықтық.
– 2021 жылы 82 маманға 356,495,5 мың теңге көлемінде тұрғын үйге несие берілді. Оның ішінде білім беру саласы бойынша 45 маманға, денсаулық сақтау саласында 25 маманға, мәдениет саласында 2 маманға, спорт саласында 9 маманға, агроөнеркәсіп кешені саласында 1 маманға тұрғын үй сатып алу үшін несие берілді. Ал, 2022 жылы 73 маманға 21,2 мың теңге көлемінде төлеу жоспарланды. Бұл бағыт бой­ынша жүйелі жұмыс жүргіліп жатыр, – дейді сала басшысы.
Түйіндей айтқанда, жұмыссыз жүру кім-кімге болмасын оңайға ти­мейтіні айқын. Ресми орындар жұмыс­сыз жастар қатарының арт­қандығын жоққа шығара алмайды. Бірақ мәселені толыққанды шешу әзірге мүмкін болмай тұр. Қанша­ма мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылса да, нәтиже көңіл көншітер емес. Жай ғана бағдарламамен бұл мәселенің шешімі табылмайтыны түсінікті. Сондықтан, нақты іске кө­шу қажет. Біріншіден, кез келген жұ­мыс орындарында оқу бітірген жас мамандардың тәжірибесін шыңдауға мүмкіндік беріліп, кедергілермен күрес жүргізілуі тиіс. Екіншіден, еңбек өтілін жинақтау үшін жастарға өңірлердегі жұмыс орындарында қызмет етуге жол ашу қажет. Үшіншіден, оқу орындарын мемлекеттік білім гранты негізінде тәмамдаған мамандардың жұмысқа орналасуын оқу орындарына міндеттеу керек.

Әсел РЗАЕВА
02 сәуір 2022 ж. 492 0