«Дарынды баланы қолдау қажет»

Кезекті оқу жылы аяқталып, ҰБТ сынағынан өткен түлектердің ендігі мақсаты – мемлекеттік грант иегері атану. Осы мақсатқа жету үшін жоғары оқу орны мен мамандықты дұрыс таңдаудың маңызы зор. Бүгінде алуан үміт құшағында жүрген жастардың жанынан табылып, оқу-орнын сәтті таңдауға бағыт-бағдар беретін кәсіби профориентолог, зерттеуші-педагог, №51 мектептің білікті мұғалімі Әлима Бейсенбековамен осы тақырыпта әңгімелескен едік.
– Кәсіби маманның көмегіне жүгінетіндер көп пе?
– Қазірде елдің көзі ашық. Қым-қуыт жаңашылдықтар арасынан өзіне лайықты жол табу әрбір жастың арманы. Оған кәсіби бағыт-бағдар керек. Қазір әлеуметтік желі арқылы ақпарат алып, ізденіп, кеңес алып жатады. Ата-аналар тарапынан баланың болашағына бей-жай қарамай, мамандық таңдауда балаға еркіндік беріп, олардың ойымен санасатын тенденция орнығып келеді.
– Мамандық таңдауға бала неше жасында саналы түрде дайын болады?
- Баланы мамандық таңдауға кішкентай кезінен бастап бейімдеу керек. Бейімдеу 7 сыныптан басталады. Біздің елімізде көптеген кәсіби мамандандырылған мектептер спорт, өнер, Дарын, НЗМ, ҚТЛ 7 сыныптан қабылдайды. Математика, жаратылыстану немесе гуманитария ма, спорт, өнер болсын, қай салаға қабілеті жоғары болса, соған қарай баулиды. Яғни, бала осы жасқа келген кезде қабілетін өзі де түсінеді, ата-анасы, ұстаздары да байқай бастайды.
Ал 9 сыныпқа келгенде болашақ мамандығын нақтылайды. Профориентологтың міндеті қандай мамандық қайда оқытылады, қандай бейіндік пән тапсырады, қанша грант бөлінеді, болашақта қандай жұмыс істей алады және қанша табыс таба алатыны туралы толық мәлімет табуға көмектеседі.
– Профориентатор мамандығының мазмұны неде? Мамандықты таңдауға қалай көмектесесіздер?
– Балаға кеңес беру арқылы бағытын таңдауға көмектесеміз. Әр адам индивид болғандықтан, әртүрлі қабілетпен дүниеге келеді. Баламен сауалнама жүргіземіз, сол арқылы психологиялық портретін анықтаймыз. Бала интроверт па, экстроверт па, көпшілікпен істейтін немесе жеке атқарылатын жұмыстарды жақсы көре ме, осындай ерекшеліктерге байланысты дамытуға жол ашамыз. Сатылап дамыту арқылы белгілі нәтижеге қол жеткіземіз.
Профориентолог ешқашан нақты бір мамандықты, осыны таңда деп айтпауы керек. Мамандық таңдау дегеніміз – таңдауға құқық беру. Біздің елімізде 200-ге жуық мамандық болса, сай келетін 3-4 мамандықты ұсынамыз. Баланың өзі соның ішінен өзіне ұнағанын таңдайды.
– Кейінгі 3-4 жылда ҰБТ форматы жиі өзгеріп, түрленуде. Жалпы мұндай өзгерістер тест сапасына әсер етіп жатыр ма?
– ҰБТ сұрақтарының түрленуі ҰБТ тапсырушылардың нәтижелері мен оқу бағдарламаларының жаңарып тұруына байланысты деп ойлаймын. Жаңарған сұрақтар ҰБТ нәтижесіне әсер етпейді. Себебі, бала мектептегі 11 жыл алған білімін меңгеріп шығу керек. Әлбетте сұрақтар оқу бағдарламасынан тыс құрастырылмайды. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – қазіргі жас ұрпақтың ой өрісі мен пайымдау қабілетін дамыту деп ойлаймын. Өзіндік пайымы бар мектеп түлегі өз таңдауын да дұрыс жасай алары сөзсіз.
– ҰБТ нәтижесі оқушының 11 жыл бойы алған білімінің көрсеткіші деу қаншалықты дұрыс?
– Әрине, оқушы 11 жыл мектеп бағдарламасын меңгеру арқылы ҰБТ-ны жақсы тапсыратыны сөзсіз. Алайда сабағым нашарлау еді, ҰБТ-дан өтпей қаламын-ау деген қағида жоқ. Әр оқушы – индивид. Сұрақтар легі қалай келері ешкімге белгісіз. ҰБТ-дан соншалықты қорқудың да қажеті жоқ. ҰБТ-ны шешуші емтихан деп қабылдау да дұрыс емес. ҰБТ-ны тек қана ЖОО-ға түсу емтиханы деп қараса жеңілірек болар еді. ҰБТ тапсыру да, тапсырмау да оқушының өз еркінде. Иә, алғаш рет ҰБТ енгізілген 2004-2005 жылдары алған балына сәйкес аттестатқа тапсырған пәндерінің бағалары қойылатын еді. Қазір жүйе өзгерді. Сәйкесінше аттестатты ҰБТ тапсырмаса да ала алады.
— Не себепті кейбір балалар өзінің кім болғысы келетінін нақты біледі, ал кейбірі болашақ мамандығы туралы ойланғысы да келмейді?
– Баланың өзінің қалауын нақты біліп- білмеуіне көп факторлар әсер етеді. Ең алдымен, ата-анасының балаға деген қарым-қатынасы. Одан кейін ортасы және баланың жеке қабілеті. Балаға ең бірінші әсер ететін фактор – ата-ана. Олай дейтінім, балаға деген аса көп қамқорлық та кері әсерін тигізеді. Бұл жерде бала үшін ата-ана өзі шешіп, өзі таңдау жасайды. Ондай жағдай кішкентайынан балаға таңдау еркін бермей кез келген нәрсені ата-анасы таңдап беруден, бала үшін жауап беруден бастау алып кетеді. Яғни, баламен санаспайды. Қарапайым ойыншық немесе киім алып бергенде де баладан «өзің не қалайсың?» деп сұрамаудан бастау алады. Мана да айтып өттім, әр бала жеке тұлға, бала болса да өзіндік ойын, пікірін тыңдап санасып үйрету керек. Бала таңдау жасауға, өзіне не керек екенін ұғынуға кішкентайынан дағдылану керек. Кішкентайынан өзіне не керегін анық айта алатын бала, өмірлік таңдауларын да қиналмай жасай алады.
– Сонда ата-ана баланың шешімдеріне мүлде араласпау керек пе?
– Бұл жерде ата-ана баланың шешіміне мүлде араласпасын деген көзқарас қалыптаспау керек. Ата-ана бағыт беруші рөлінде болу керек. Мамандық таңдарда да ата-ананың ықпалы басым. Алайда бала өз кезегінде өзінің қабілетіне, өзінің қызығушылығына сай маман иесі болса әлдеқайда дұрыс болар еді. Баланың қабілетін байқап, қызығушылығымен санасып, мамандық таңдарда баламен бірге отырып зерттеп, таңдасуға бағыт берген жөн. Бірақ соңғы таңдауды баланың өзіне қалдыру керек деп ойлаймын. Оның бұл таңдауы болашағында маңызды рөл атқаратынын түсіндіріп айтқан жөн. Қазір бәрі табысы көп немесе беделді мамандық деп балаларын өз таңдауынан тыс басқа мамандықтарға оқытып жатады. Алайда сүйіп кіріспеген әрбір іс табыс әкелмейтінін ескеру керек. Кімде-кім сүйікті ісімен айналысса, жұмысын сүйсініп істесе табысты болары анық.
– Сіздің профориентолог маман ретіндегі методикаңыз қандай?
– Мен өзім арнайы профориентолог мамандығын оқып, тәжірибеден өтіп құжатымды алдым. Осы білімімді ең алғаш өзімнің сыныбымдағы оқушыларымнан бастадым. Нәтижесінде, ең төмен ұпай жинаған оқушымның өзі мемлекеттік грант иесі атанғанда өзімнің біліктілігіме сенім арта бастадым. Міне, арада 7-8 жыл өткенде еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласатындардың қатары артты. Өз тәжірибемде түрлі отбасы, түрлі ата-ана, түрлі оқушы типтерін көрдім. Бірақ бәрінен бұрын бірінші орынға оқушының нені қалайтынын қоямын. Оқушы өзі қаламаса, оқыған мамандығы да, алған дипломы да шаң басары сөзсіз, тіпті жұмысқа ілікті дегенде де 2-3 жылдан кейін әйтеуір бұл саланың өзінікі емес екенін түсініп өз қалауымен басқа мамандықты меңгеріп жұмысын өзгертетіні ақиқат. Мен алдымен баламен сөйлесіп, түрлі типологиялық тестер арқылы баланың жалпы сипаттамаларын анықтап қараймын. Одан кейін ата-анасымен кеңес жүргізіп, баламен де жеке сөйлесіп, одан соң бәрімен қайта кеңес өткіземін. Баланың толық портреті қалыптасқанда оның барлық ерекшеліктерін ескеріп, оған сай келетін мамандықтар туралы ақпарат беремін. Таңдау еркі баланың өзіне қалдырылады. Осының нәтижесінде өткен жылы 50 шәкіртке мамандық таңдауына бағыт бағдар берсем, барлығы да мемлекеттік грант иегері атанды. Биылғы жылы 60 шәкіртімнің осы межені бағындыратына сенімім мол.
– Мамандықты қандай критерийлерге сүйеніп таңдаған дұрыс?
– Мамандық таңдағанда қатып қалған критерийлер болмайды. Мамандықтың бәрі жақсы, істей білген адамға. Алайда қазіргі таңда кейбір мамандықтарға сұраныс азайып, ал кейбіріне сұраныс көбейіп отыр. Тіпті заман талабына сай жаңа мамандықтар легі де көп. Әр оқушы мамандық таңдарда еңбек нарығын қарап, сұранысы деңгейі қандай деген сияқты зерттеу жүргізе білуі қажет. Егер ондай зерттеулерді өз бетімен жүргізе алмаса, профориентологтар қызметіне жүгінген дұрыс.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Мақпал МАРҚАБАЙ