№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Диплом қалтада, жұмыс қайда қашады?

Диплом қалтада, жұмыс қайда қашады?

Түрлі мамандық бойынша жоғары және арнайы оқу орнын түгесіп келген түлектердің дені осындай пиғылда. Оқуын ойдағыдай аяқтап, қолына қос-қос диплом алғанымен көбі неге жұмыс таппай сенделіп жүр. Тіпті, ел асып, өзге мемлекетті паналап, жан бағып жүргендердің не білгені бар?


Кейінгі кездері үлкен қалалар тұрмақ шетел асып, жұмыс істеп ақша табуды талап қылғандар еліміздегі табыстың ештеңеге жетпейтінін, сол себепті шекара асуға мәжбүр екенін алға тартады. Өз інім Кореяда жүр. Алғаш барғаннан ол жақта өмір сүрудің қолайлығын аңдадым дейді. Тапқан табысын елге әкеліп, іске жаратқанда құмға сіңген тамшыдай қалтаның түбі көрініп, баяғы күйіне түскен соң қайтадан шетел асты.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, атал­мыш елде дәл қазіргі сәтте 18 мың қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр. Заңсыз жұмыс істейтіндердің барлығы дерлік – мол ақша тауып, оны отбасына жіберуді көздейді. Сөйтіп, елдегі қиын тұрмысты түзеуге күш салады. Бұл мәселе қазір дамыған мемлекеттерді де алқымынан алып тұрғанын анық байқауға болады. Еуропалық саясаткерлердің барлығы да әлем елдеріндегі жұмыссыздық деңгейінің өсуін тежеуде, әзірге оң шешімінің болмағандығын тілге тиек етуде. Айталық, бауырлас түрік елінде тепсе темір үзетін 4 миллионнан астам жас жұмыссыз.
Ал, біздің аудандағы жағдай қалай? Өткен жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына 1393 жастар ха­барласып, олардың 84 пайызы, яғни 1176-і әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған. Оның ішінде 297 жастар практикасына жолданса, әлеуметтік жұмыс орындарына – 52, шағын несие алғандар – 31, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға қатысқандар – 262, қоғамдық жұмысқа жолданғандар – 301 және грант алғандар – 285 жасты құрапты. Әлбетте, бұл тіркеліп, ресми статус алғаны ғана. Ал тіркелмей жүрген жас қанша? Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңа­бек Тұрлыбековтың айтуынша, аудандағы жұмыссыздық деңгейі жылдан жылға азайып келе жатыр.
– Ағымдағы жылы ауданымыздан «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша бар­лығы 500 адам жолдау жоспарланып, осыдан 562 адам оқуға жолданса, оның ішінде 29 жасқа дейінге жастардың саны – 262 жасты, яғни 52,0 пайызды құраған. Несиелендіру бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы ауданға барлығы 29 адамға несие беру жоспарланса, осыдан 93 адамға несие берілген. Оның 29 жасқа дейінгі жастар саны – 31 жасты құрап, кәсіпкерлігін дамытуда. Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грантқа 673 адамға рант берілсе, оның ішінде 29 жасқа дейінгі жастардың саны – 285 адам. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бой­ынша 49 жұмыс берушіге 132 адам жұмыс орындарына жолданса, оның ішінде 52 жас әлеуметтік жұмыс орнына жолданған. Жастар практикасын ұй­ым­дастыруға 297 жас түлек жастар прак­тикасымен жұмыс орындарына жол­данды. Ақылы қоғамдық жұмыс орындарына – 823 адам жолданса, осы­дан 29 жасқа дейінгі жастар саны – 301 құраса, мерзімін аяқтап тұрақты жұмысқа орналасқаны – 124 жасты құраған. Сондай-ақ, бағдарламаға ен­гізілген өзгерістерге сәйкес биылғы жылы алғашқы жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша 8 адам жос­парланған болса, осыдан 29 жасқа дейінгі 16 адам жолданып, жоспар 200,0 пайызға орындалып отыр. Ал, ұрпақтар келісімшартын ұйымдастыру бойынша 5 адам жолдау жоспарланып, бүгінгі таңға 5 адам жолданып, 100 пайызға орындалса, оның 2 адамы 29 жасқа дейінгі жастарды құрайды. 2022 жылға хабарласқандардың ішінен жастар са­ны – 214. Ағымдағы жылы 254 адамды жоспарлау болса осыдан қазіргі таңға 9 адам жолданып отыр. Тұрақты жұмысқа жолданғандар ішінен жастар саны-30 болса, қоғамдық жұмыс орындарына – 30 жас жұмыссыз жіберілді, – дейді Жаңабек Тұрлыбеков.
Орталық басшысының сөзінше бос орын жұмыс жәрмеңкесінде аспазшы, дәнекерлеуші, құрылысшы, көлік жүр­гізуші және т.б мамандық бойынша сұраныс көп болады.

– Аудан орталығындағы кафе мен дәмхана иелері әрбір жәрмеңкеде қарапайым жұмысшыға сұраныс береді. Соған баратын маман таппаймыз, – дейді басшы.

Ал, жастар күнұзаққа болмашы қаржыға жұмыс істегенді қаламайды. Одан шетел асып, айына 500 мыңға жуық табыс табуды дұрыс санайды.
Айта кету керек, жастарды жұмыс­пен қамту нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп жатыр. Бірақ, сол мүмкіндікке нағыз мұқтаж адамның қолы жетіп жатыр ма? Кейінгі кездері мемлекеттік грантты жеңіп алып, қаражатын өз пайдасына жаратып, 1-2 жыл өткеннен кейін, кәсібін банкрот деп жариялап жүргендердің талайын көріп жүрміз. Солардың кесірінен нағыз жұмыс істейтін талапкерлердің сол мүмкіндікті пайдалана алмай отырғаны көңілге қаяу салады. Мысал келтірсек, небәрі 21 жастағы қолөнер шебері Нұрқанат Тұрғанбековтің шағын шеберханасы бар. Қолынан келмейтіні жоқ. Ат әбзелдері, ер тоқым, жүген, ноқта, айыл, өмілдірік, құйысқан, қамшы, тұсамыс, шідер сынды қолынан шыққан өнеріне көз тоймайды. Сол себептен де, сұраныс өте жоғары. Жарнаманың, несиенің, гранттың қа­жеті жоқ. Өзі ғана емес, екі-үш жасты жұмыспен қамтып, тапсырыстарды әрең үлгеруде. Бірақ, отырған жерін көрсең, құрқылтайдың ұясындай ғана бөлмені жалға алып, өте құнды дү­ниелер жасауда. Еңбекқор жастарға жағдай жасап, мемлекеттік грантты неге осындай жандарға бермейміз. Бұл ретте кәсіпкерлікке жауапты құзырлы органдар қадағалауды күшейту керек. Жыл сайын беріліп жатқан грантты қалай және қандай мақсатта алуға болады. Бұл жайында аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Руслан Мұсатаевтан білдік.
– 2021 жылы 673 азамат 583400 теңге болып осы соманы игілігіне икемдеді. Жалпы өткен жылы мемлекеттік грант беруге жыл басында 600 адам жоспарланып, республикалық бюджеттен 350 млн теңге қаржы бөлінді. Қажеттілікке байланысты қараша айында тағы да 73 адамға 42,588 млн теңге қосымша қаражат бөлінді. Нәтижесінде 673 адамға грант тағайындалып, жоспар 112 пайызға орындалды. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы жастарға 612 600 теңге көлемінде грант қарастырылды. Тағы бір жақсы жаңалық, биыл яғни 2022 жылы президенттің тапсырмасына сәйкес қайтарымсыз қаржы көлемі 1 200 000 мың теңгеге ұлғаяды деп күтілуде, – дейді сала маманы.
Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты елімізде түрлі-түрлі бағдарламалар қабылданып жатқанын білеміз. Осы орайда, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековпен тілдесіп, тұшымды пікірін тыңдағанды жөн көрдік.
– Шыны керек, ел арасында түрлі көзқарас бар. Шын мұқтаж адам тиісті қаражатты ала алмай, жағдайы орнықтылар мүмкіндікті пайдаланып жатыр деген пікірлер бар. Сол себепті де, бұл жобаның ережесі өзгеріп «Ұлттық жоба» деген атаумен дайындалу үстінде. Әлі нақты бекітілген жоқ. Дегенмен, бұрын 200 АЕК болса, биыл 400 АЕК болып өзгертіліп, яғни 1 225 200 теңге болып өзгеріп жатыр. Бұл аз ақша емес, кәсіпті дөңгелетіп кетуге әбден болады. Осыған орай, талаптары да қатаңдатылып жатыр. Басым бағытты 29 жасқа дейінгі жастарға және атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдарды ғана берілу керек дегендей өзгерістер бар. Сондай-ақ, грант алған адамды маниторингтік топ бір жылға дейін қадағаласа, енді үш жылға дейін тексеріп отырады. Бұл жерде мониторингтік топтың жұмысы мықты болу керек. Бұл жұмыспен қамту орталығында құрылатын топ. Меніңше, ашықтық болу үшін зерделеушілер тобы жаңартылады. Осындай өзгерістерден кейін, кім көрінген бұл қаражатты ала бермейді. Яғни, шын мұқтаж адамдар ғана алады деп үміт артып отырмыз, – дейді палата басшысы.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастардың ойлау қабілеті өзгеше. Екі жастың әңгімесіне құлақ түрсек, заманауи техниканың игілігі мен кәсіп дамытудың жолдары туралы түрлі ақпараттарға қанығасыз. Олар қалай ақша табу керектігі мен өзін дамытудың түрлі тәсілдерін меңгерген. Өзгені сөз етпегенде аудандағы кәсіпкерліктің 60 пайызы отыздан аспаған жастарға тиесілі. Мұның өзі жастардың экономикадағы белсенділігін аңғартады. Мұны жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров та растады.
– Дәл қазіргі уақытта облыс бойынша NEET санатындағы жастарды анықтау және дерекқор базасын қайта жасақтау сынды жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр. Ауданда да осы жұмыспен қарқынды түрде айналысып жатырмын. Жұмыспен қамту орталығына тіркелгендерден бөлек, тіркелмеген жастар бар. Біз олармен де жұмыс жасау үшін, олардың санын анықтауымыз керек. Сол себепті де, үй-үйді аралап, мәліметтерді жинақтаудамыз. Негізгі мақсатымыз олардың әлеуметтік статусын анықтап, тізімін жасақтап жатырмыз. Содан кейін бос орындар жәрмеңкесі, түрлі мемлекеттік бағдарламаларды ұсынамыз. Бұл аудандық жастар ресурстық орталығы басшысы Наурызбай Ерікұлының пікірі.
Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының іске асырылуы бойынша жүргізілген мониторинг жайлы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиевке жолықтық.
– 2021 жылы 82 маманға 356,495,5 мың теңге көлемінде тұрғын үйге несие берілді. Оның ішінде білім беру саласы бойынша 45 маманға, денсаулық сақтау саласында 25 маманға, мәдениет саласында 2 маманға, спорт саласында 9 маманға, агроөнеркәсіп кешені саласында 1 маманға тұрғын үй сатып алу үшін несие берілді. Ал, 2022 жылы 73 маманға 21,2 мың теңге көлемінде төлеу жоспарланып отыр, – дейді Талғат Зейдалиев.
P.S.: Түйіндей айтқанда, жұмыссыз жүру кім-кімге болмасын оңайға тимейтіні айқын. Жұмыс жоқ болғасын табыстың келуі де неғайбыл. Сондықтанда жұмыссыздық мәселесі, соның ішінде жастар жұмыссыздығы шешімін табуды қажет ететін күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала бермек. Елдің ертеңін ойлаған кезкелген адам жастарға жағдай жасап, олардың білімі мен білігін шыңдап, бос уақытында спорттық және мәдени секцияларға қатысып, тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік туғызуы тиіс-ақ. Нәтижесіне уақыт төреші...

Әсел РЗАЕВА
12 ақпан 2022 ж. 574 0