№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» ҰБТ-2024: өзгерістер бар ма?

ҰБТ-2024: өзгерістер бар ма?


Мектеп қабырғасында алған 11 жылдық білімді сынға салатын ҰБТ-ны тапсыру сәті жақындап қалды. Әр оқу жылының аяқталуы мектеп түлектері үшін өте маңызды. Үкілеген үмітпен үлкен өмірге қадам басқалы тұрған мектеп бітірушілері Ұлттық бірыңғай тесттен жоғары балл жинау үшін бар күш-жігерін салуға дайын. Осы сынақты тапсыру үшін биыл 1088 жаңақорғандық түлек өтініш берген. Сол себепті мектеп мұғалімдері мен түлектер тест тапсыруға қызу дайындық үстінде.


Талапкерлер биыл тестті екі рет тапсырып, қайсысынан жоғары ұпай жинаса сонысымен грант конкурстарына қатысады. Жалпы, рес­публика бойынша қаңтар айында 136 мыңнан аса талапкер ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп, құжатын тіркеген. 2024 жылы «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сау­ат­тылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарған. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін артты­руға мүмкіндік береді дейді. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылған.
Шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлер өткен жылдардағыдай ҰБТ-ны екі пән «Қазақ­стан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» бойын­­ша тапсырады. Ал шығармашылық емтихандар жоғары оқу орындарында өтеді.
2024 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу үшін шекті балл өзгеріссіз, кемінде 50 балл және ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл болып қалды.
– Мектеп бітіруші түлектер үлкен дайындық үстінде. Тестке қай күні кіретінін оқушы өзі таңдайды. Өткен жылға қарағанда аса қатты өзгеріс жоқ. Қаңтар және ақпан айында ақылы ҰБТ-ға аудандағы 44 мектептен 1022 түлектің 841-і өтінім беріп, тапсырды, – дейді аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің әдіскері Жанна Нұрмахамбетова.
Айта кетейік, биыл ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ҰБТ «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізіледі. Талапкердің жұмыс үстелінде негізгі камерадан басқа бөгде адамның бар-жоғын анықтауға арналған қосымша веб-камера орнатылған. ҰБТ тапсыру кезінде компьютер мониторында калькулятор, Менделеев кестесі қамтылады. Тестілеуге 240 минут (яғни 4 сағат) беріледі. Сонымен қоса ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут беріліп, олар үшін суретсіз, диаграммаларсыз және схемаларсыз сынақ әзірленеді.
Жаңақорған кентіндегі Ұлттық тестілеу орта­лығы филиалы басшысының міндетін атқа­рушы Азамат Маткәрімұлымен тілдескен едік.
– Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Қаңтар айындағы ҰБТ басталғаннан бері 15 мыңға жуық түлек тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 67% қазақ тілінде, 32,9% орыс тілінде, 13 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ бастал­ғалы шекті балды 67%-ға жуық талапкер жина­ды. Орташа балға келетін болсақ, ол 59 балды құрады. Ең жоғары балл – 133. «Қаңтар айындағы ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Тестілеу 10 ақпанға дейін өтеді. Естеріңізге сала кетсем, тестілеуге қатысуға 136 мың өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 19%-ы «Математи­ка-­­Фи­зика» пәндер комбинациясын тапсырды. 14% «Биология-Химия» комбинациясын таңда­­ған. Е­ң аз таңдалған комбинация – «Химия-Физи­ка», оны 22 оқушы тапсырған. Талапкерлер тесті­леу аяқ­тал­ғаннан кейін 30 минут ішінде апелляция­ға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады, – дейді.
Иә, бітіруші түлектер ҰБТ-ға дайындық үстінде. «Қай пәнді таңдасам, қандай мамандыққа оқуға түсе аламын?». Көбі сол баяғы жаттанды биология, физика, химия, ағылшын тілі пәндерін таңдап жатады. Соның салдарынан белгілі бір мамандықтарға грант немесе тағы біріне талапкер жетіспей жатады. Түрлі мамандық бойынша жоғары және арнайы оқу орнын аяқтап келген түлектердің дені осындай пиғылда. Оқуын ойдағыдай аяқтап, қолына қос-қос диплом алғанымен көбі неге жұмыс таппай сенделіп жүр? Тіпті, ел асып, өзге мемлекетті паналап, жан бағып жүргендердің не білгені бар? Ал тоқсаныншы жылдардардағы тоқырауда бізден «өскенде кім боласың?» деп сұраса, «полиция», «ғарышкер», «дәрігер» боламын деуші едік. Қазір мүлдем басқа қоғам.
Бүгінгі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық еліміздегі күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелер­дің бірі. Бүгінде оқуын бітірген түлектердің дені жұмыс таппай жүр. Бұған себеп не? Осы тұста өз ауданымыздағы жағдайға тоқталайық. Өткен жылы Мансап орталығына жұмыс іздеуші ретінде 6800 хабарласса, жұмыссыздықтан әлеумет­тік қорғау шараларымен қамтылған азаматтардың саны барлығы 5487 адам жұмысқа орналастырыл­ған. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 2500 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 65 адам, жастар практикасына – 389 адам. Қоғамдық жұмыс орындарына – 1348, мемлекеттік грант алған – 163 адам, «Алғашқы жұ­мыс орындарына» – 41; 2022 жылдан 2023 жылға 32 адам жалғастыруда, «Ұрпақтар келісім шартына» – 3 адам; 2022 жылдан 2023 жылға 5 адам жалғастырды. «Бастау-бизнес» жобасына оқуға жолданғандар – 899, адам, күміс жас жобасына қатысқандар саны – 79. 2023 жылы 3370 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды. Осы жоспарланған 3370 жаңа жұмыс орнынан 3634 жаңа жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 107,8 пайызға орындалды.
Бұл тіркеліп, ресми статус алғаны ғана. Ал тіркелмей жүргендері қанша? Аудандық Мансап орталығы­ның маманы Руслан Мұсатаев ауданда жұмыссыздық деңгейі жылдан жылға азайып келе жатқанын алға тартады.
– Ағымдағы жылы ауданымыздан «Бастау-Бизнес» жобасына барлығы 500 адам қамтылды, оның ішінде 562 адам оқуға жолданса, 29 жасқа дейінге жастардың саны – 262-сі, яғни 52 пайыз құраған. Несиелендіру бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы ауданға барлығы 29 адамға несие беру жоспарланса, осыдан 93 адам­ға несие берілген. Оның 29 жасқа дейінгілер саны 31 жасты құрап, кәсіпкерлігін дамытуда. Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грант 673 адамға берілсе, оның ішінде 29 жасқа дейінгі жастардың саны – 285 адам. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша 49 жұмыс берушіге 132 адам жолданса, оның ішінде 52 жас әлеуметтік жұмыс орнына жолданған. 297 жас түлек жастар практикасымен жұмыс орындарына жолданды. Ақылы қоғамдық жұмыс орындарына – 823 адам жолданды. Оның ішінде 29 жасқа дейінгі жастар саны – 301 құ­раса, мерзімін аяқтап тұрақты жұмысқа орналасқаны – 124. Сондай-ақ бағдарламаға енгізілген өзгерістерге сәйкес биыл алғашқы жұмыс орындарын ұйымдасты­ру бойынша 8 адам жоспарланған болса, осыған 29 жасқа дейінгі 16 адам жолданып, жоспар 200,0 пайызға орындалып отыр. Ал ұрпақтар келісімшартын ұйымдастыру бойынша 5 адам жолданып, 100 пайызға орындалса, оның 2 адамы 29 жасқа дейінгі жастарды құрайды. Осы жылы 254 адам жоспарланып, тұрақты жұмысқа жолданғандар ішінде жастар саны – 30 болса, қоғамдық жұмыс орындарына – 30 жас жіберілді, – дейді орталық маманы.
Бос орын жұмыс жәрмеңкесінде аспазшы, дәне­керлеуші, құрылысшы, көлік жүргізуші және т.б. мамандық бойынша сұраныс көп. Алайда ол жұмыстарға барып орналасуға жастар құлықсыз. Жастар арасындағы жұмыс­сыздықтың артуына себеп те аз емес. Солардың қатарында ең әуелі жоғары оқу орындарының нарық талабына сай маман даярлай алмауы, маман­дарды әзірлеу үшін онда қажетті инфрақұрылымның сапасыздығы жұмыс берушілердің жас мамандарды жылы қабылдамайтындығы ауызға алынады. «Диплом бар, жұмыс жоқ». Қазір жұмыссыз жүрген жастардан тек осындай жауап алуға болады. Осы ретте 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетіні жиі айтылып жүр. Яғни, 2025 жылға қарай жастар сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіледі.
Кейінгі кезде мемлекеттік гранттарды жұмыссыз жастар емес, кәсібі бар, қолы ұзындардың иеленіп жүргені жиі айтылып та, талай ортада талқыланып та жүр. Расында, оқуын енді ғана аяқтап, жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарға осы бағдарлама қаншалықты септігін тигізіп жатыр?
Түйіндей айтқанда, жұмыссыз жүру кім-кімге болсын оңайға тимейтіні айқын. Ресми орындар жұмыссыз жастар қатарының артқандығын жоққа шығара алмайды. Бірақ мәселені толыққанды шешу әзірге мүмкін болмай тұр. Қаншама мемлекеттік бағ­дарлама жүзеге асырылса да, нәтиже көңіл көншітер емес. Жай ғана бағдарламамен бұл мәселенің шешімі табылмайтыны түсінікті. Сондықтан нақты іске көшу қажет. Біріншіден, кез келген жұмыс орындарында оқу бітірген жас мамандардың тәжірибесін шыңдауға мүмкіндік беріліп, кедергілермен күрес жүргізілуі тиіс. Екіншіден, еңбек өтілін жинақтау үшін жастарға өңірлердегі жұмыс орындарында қызмет етуге жол ашу қажет. Үшіншіден, оқу орындарын мемлекеттік білім гранты негізінде тәмамдаған мамандардың жұмысқа орналасуын оқу орындарына міндеттеу керек. Үлкен өмірге қадам басқалы отырған түлектердің мақсаты жоғарғы оқу орнының грант иегері атану. Ал, ол нәтижеге жету жолында көп еңбектенудің қажет екені айтпаса да түсінікті. Қас-қағым сәтте жылдың ортасы келіп, мамыражай мамыр да аяқталып қалады. Даңғыл жолға сапар шеккелі тұрған талапкерлердің де көңілі алаңдаулы екені түсінікті. Біз әр оқушы өз білімін жоғары деңгейде дәлелдеп шығарына сенімдіміз.

Әсел РЗАЕВА
---
10 ақпан 2024 ж. 214 0