№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ат тұяғын тай басар

Ат тұяғын тай басар


Көзі ашық, көкірегі ояу, қолындағы барды көппен бөлісіп, бұқараның қамын күйттеп жүрер үлкен жүректі тұлғалар қай заманда да болған. Жаңақорған өңірінде өмір сүрген осындай жандардың артында қалған ұрпағы сол асыл қадір-қасиеттің ұшқынын сөндірмеу арқылы ата-баба тегін қайта жаңғыртып, ел арасында құрметке бөленіп жатса қандай ғажап!


Ауданымызда осындай отбасылар қатарында Тұрабаевтар әулетін айрықша бөліп айтуымыздың мәнісі бар. Бұл әулеттің арғы атасы – Жайынбай көпке танымал дәулетті кісі болған. Бір ауылдың арқасүйері болып, күнкөрісіне жарап, қолы қысқаларға қарасып отыруды мойынға алған. Бұл кісі сонымен қатар әділдігімен ел ішінде беделі биік әрі сөзге шешен кісі болған екен. Ол кездері Шөгірліні қоныс еткен әулеттің қолында табын-табын малы болған. Бейнет қылғанға берекесі мол туған жердің түгін тартсаң майы шығатын молшылық сыбағасынан айнала ағайынды құр қалдырмай аузынан май ағызған мамыражай заман көзден ұшып, кімнің басы қайда қалғаны беймәлім қым-қиғаш заман бұл әулетті де айналып өтпеді. Қолында малы бар дәулетті ретінде қуғынға түскен Жайынбай бас сауғалап қашып, кейін бала-шағасын алып кетпек болғанмен қастандықтың құрбаны болды ма, өлі-тірісі белгісіз, ізім-қайым хабарсыз кеткен екен. Соңында қалған екі ұл – Тұрабай мен Ниязбегі тірлігін жалғап, әке түтінін сөндірмеді. Отызыншы жылдары ел басына зауал төндірген ашаршылық бұл отбасын да айналып өтпеді. Бұл кездері қырықтың қырқасынан асқан Жайынбайдың тұңғышы өлместің қамын қылып, он баласын жетелеп Ташкент асқан екен, бірақ қасіретті тағдырдан қашып құтылу мүмкін бе, сол зұлмат заманда жан жары Бекзада екеуі он баладан ең кенжесі – Айдарды ғана қолда ұстап қалыпты.

Кейін елге қайта оралып, келер күнге үміт жалғаған жанұялар қатарында бұл отбасы да жаңа заман талабын меңгеруге ұмтылды.Тұрабай кеңес үкіметі тұсында құрылған 24 разьезде теміржолшы болып тер төгеді. Соғыс басталғанда броньмен елде қалдырылған екен. Өзінен көп кіші інісі Ниязбек пен өзінің отбасына ғана емес, ауылдағы ер-азаматы майданға аттанып аңырап қалған қаншама отбасыларға барынша қамқор болуға тырысып бағады. Соғыстан кейін де жасының келгеніне қарамастан жатпай-тұрмай бейнет кешіп өзінен бұрын ауылдағы жарлы-жақыбай, кембағал отбасыларының күнкөріс қарекетіне қолынан келгенше көмектесіп отыруға тырысқан әдетінен жаңылмағанға ұқсайды. Бұл туралы ол кісінің немересі Қалдарбек Айдарұлы былай деп әңгімелейді. «Мен ол кезде бес-алты жасар кезім. Атам Тұрабай елең-алаңнан есегін ерттеп, жанына мені ертіп алып, тоғайға барып ағаш кесетін. Кешкісін отынды арбаға тиеп әкеп кем-кетіктің үйіне ақысыз-пұлсыз түсіріп беріп жататын. Жамағатқа жәрдем беруге ұмтылған атамның қысы-жазы отын шауып, қаріп-қасердің отбасын қамтамасыз етумен қатар қолы қысқа отбасылардың арық-тұрық малына азық болар шөп шауып, қорасын толтырып, көңілі тоқ болып жүрер халін бала да болсам түсініп, ол кісіні осы ауылдың бәрінің егесі сияқты сезінетінмін» дейді әңгімесінде.

Бұл отбасы кейін ата-қонысы Шөгірліге қайта қоныс аударып, диқандықпен айналысады. Бұл жер дарияның табаны, сыңсыған қалың тоғай арасынан жер аршып, қауын-қарбыз еккенде дымқыл топырақта өсіп-өнген жемісі кісі көтере алмастай үлкен болып өсетінін аңыз қып айтады көненің көзі.
Туған әкеден алған тағылымы мол тәрбиені бойына сіңіріп қана қоймай,оны өзі өмірден озып кеткенге дейін шырақ етіп ұстаған Тұрабайдың жалғыз ұлы Айдар ұстаздық жолды таңдайды. Түркістан педучилищесін бітіріп келіп алдымен ауылдағы бастауыш мектепте сабақ береді. Кейін Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдап келгеннен кейін 26-разьездегі теміржол мектебінің директоры болып тағайындалады. Зейнетке шыққанға дейін Кейден ауылындағы орта мектебінде ұстаздық етеді.
Тұрабаевтар әулетін ұстаздар династиясы десе де болғандай. Тұрабаев Айдар мен жары Райханнан өрген 8 ұл-қыздың төртеуі – Нұрлан, Гүлмира, Ақмарал, Бақыткүл мұғалімдікті таңдады. Қалдарбегі мен Мәдіхан ішкі істер саласының ардагері, Қыздары Үрқия мен Балқия бірі жеке кәсіпкер, бірі дәрігерлік салада еңбек етіп, бүгінде зейнеттік демалыста.
Жасы тоқсанға келіп өмірден озған Айдар ағамыздың шәкірттерін ауданның қай түкпіріне барсаңыз да кезіктіре аласыз. Олар ұстаздары­ның өздерін білім нәрімен сусындатып қоймай еңбеккештікке баули білген қадір-қасиетін ауызға алмай тұра алмайды. Осы өнегесі өзінің ұл-қыздарына да дарыған.
Атақоныс – Шөгірліде бұрынғы иен тоғай оталған, иісі аңқып тұрар жиде талынан ажыраған тақыр жерден баяғыдай огород салып, азық-түлік молшылығын жасаған ағайын ауып кеткен, бірақ қара жермен кіндігі байланған сыралғы мінезді сүйегіне сіңірген ұрпақ басқан ізін гүлге көмкеріп, тәңірдің бергенінің берекесін арттырып жүретін дағдысынан жаңылмаған. Бұл отбасын табиғат осындай мінезден кенде етпегенінің бір дәлелі – ұстаз Айдардың қашан қайраттан қалғанша қолынан кетпені түспегеніне қатарластары куә. Ауыл адамы интеллигенция бола тұра отбасы бюджетін еселеуде иелігіндегі шаруашылықты да қоса меңгеруі айып емес, ары-беріден соң ол денені шынықтыратын қозғалыстың түрі. Қаладағыдай спорт зал, фитнес клуб іздемей-ақ иесінің бой-басын ережедегідей қалыптастырып, қан қыздырып, қайратын еселейтін физикалық қуаттың нағыз көзі – қол еңбегі. Ал енді осы өз қолымен өндірген өнімнің жемісін қаншама мұқтажбен бөлісіп, алғыс рахатын сезінудің өзі қандай ғажап!
Жаңа сөз басында айтқанымыздай, кісінің бойынан ауысқан тектің даралығы тегін кетпейді екен. Жайынбайдың кезінде бүкіл ауылды асыраған дәулетті кісі болғаны, оның ұлы Тұрабайдың ел қажетіне жараған жәрдемі, оның ұлы Айдардың ұстаздық етумен қатар көпке шапағатшы болу­ға ұмтылған ниет-пиғылы баласынан баласына жалғасып жатса бұл да бір табиғат заңдылығы. Сөзіміздің дәлелі ретінде айтайық, осы Тұра­бай ақсақалдың шөбересі, бүгінде «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі Дәулет Қалдарбекұлының есімі көпшілікке белгілі. Әкесі Қалдарбек құрылыс саласында абыройлы еңбек етті. Ол кісі зейнетке шықса да қоғамнан қол үзбей тәуелсіз техникалық бақылаушы ретінде жаңа құрылыстардың басы-қасынан табылып жүр. Елдің игілігіне жанашыр көзқарасынан танбағанының нәтижесін «АMANAT» партия­сының бақылаушы тобы жетекшісі ретінде күнбе-күн іс басында көріп жүрміз. Ол жары Айымкүл екеуі бес перзент тәрбиелеп жетілдірді. Төрт қыз, бір ұлдың үшеуі ата жолымен мұғалім. Ал еңбек жолын ішкі істер саласында бастаған Дәулет абыройлы еңбек етіп, жоғары шенді иеленді.
2000 жылдардан бастап аудандық ішкі істер саласында басшылық қызметтер атқарған. 2020 жылдан бері облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, соңғы жылдары тәуелсіз заңгер қызметін атқарып келе жатқан Дәулеттің басты ұстанымы – әділдік.
“Біреудің қиналғанын көрсем қол ұшын бермей тұра алмаймын” деген Дәулеттің сөзіне шын көңілмен сендік. Өйткені ата-бабадан ауысқан қасиет осындай. ЖЖЖ-дің құрамында биыл жетім-жесірге арналып он үшінші үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бастамашыл топ құрамында Дәулеттің үлесі үлкен.

Баян ҮСЕЙІНОВА
06 сәуір 2024 ж. 256 0