Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кореяда неғып жүр, талай қазақ баласы?

Кореяда неғып жүр, талай қазақ баласы?

Жұмыссыздық белең алған қоғамда қымбатшылықтың қысымы апта сайын, тіпті күн сайын үдеп бара жатқаны жасырын емес. Құбылған бағаны тоқтату былай тұрсын, бір қалыпта ұстап қалудың өзі мұңға айналды. Күнделікті жейтін нанымыздан бастап, азықтүлік, баспана, тауар, қызмет түрлері, бәрі-бәрінің бағасы күннен күнге қымбаттап, көптің наразылығын көбейте түскені айтпаса да белгілі. Бәлкім, дәулеттілер халықтың аз қамтылған топтарындағы азаматтарға қарағанда ас-ауқатты үш есе көп тұтынатыны осыдан болар. Осылайша байлар бақуаттанып, қоғамның әлсіз тобы әбіржу күйі кешіп жүр.
ҚР Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы қазан–желтоқсандағы іріктемелік зерттеулерінің нәтижесі бойынша, ең кедей азаматтардың 10% тобына шаққандағы жалпы тұтыну тоқсанына 129 кг азық-түлікті құраса, ең бай қазақстандықтардың 10% тобында көрсеткіш 377 кг-дан асады. Айырмашылық азық-түлік себетінің жалпы көлемінде ғана емес, оның құрылымында да байқалады. ҚР ҰСБ мамандарының бағалауынша, халықтың кедей санатымен салыстырғанда ауқатты қазақстандықтар балық пен теңіз өнімдерін 4,3 есе, етті 3,8 есе, жемістерді 4 есе көп тұтынады екен. Бұл бағытта өз ауданымыздың хал-ахуалы қандай? Жалпы, халықтың жағдайы тұрғылықты мекенінен, әрбір адамның жай-күйі үй-жайынан танылады емес пе?
Байқағанымыздай, Келінтөбе, Қаратөбе, Қандөз, Көктөбе сынды ауылға кіргеннен жапжаңа, еңсесі биік үйлер менмұндалап тұр. Көне үйлерді бұзып, көрікті құрылысты жүргізіп жатқанның көбі – жастар. Бұл ауылдың жастары басым көпшілігі шетелдерде жұмыс істеп, көзі ашылып, көргенін ауылға көшіріп әкелуде. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» демекші, расында ауыл жайлы болса, күнделікті тапқан 5-10 теңгесі күнкөріс қамына жетіп тұрса, жастары неге жұмыс іздеп қыр асады? Олар еліміздегі табыстың ештеңеге жетпейтінін, сол себепті шекара асуға мәжбүр екенін алға тартады. Мәселен, Кореяда жүрген інім алғаш барғаннан ол жақта өмір сүрудің қолайлы екенін аңдағанын айтады. Тапқан табысын елге әкеліп, іске жаратқанда құмға сіңген судай қалтаның түбі көрініп, баяғы күйіне түскен соң қайтадан шетел асты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда 200 мыңнан астам адам Оңтүстік Кореяны бетке алған екен. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, аталмыш елде дәл қазіргі сәтте 18 мың қазақстандық күнкөрісін қамдап жүр. Заңсыз жұмыс істейтіндердің барлығы дерлік – мол ақша тауып, оны отбасына жіберуді көздейді. Сөйтіп, елдегі қиын тұрмысты түзеуге күш салады. Мұндай жайттар үйреншікті көрініске айналып барады. Әрбір үшінші жақынының адам өзге елге барып жұмыс істеп, көл-көсір ақша тауып, сол арқылы отбасының материалдық жағдайын ретке келтіріп жатқаны туралы мысал келтіріп бере алады. Айталық, жоғарыда біз мысал еткен Қандөз ауылы жастарының елу пайызға жуығы Ресейде жұмыс істейді. Бұған не дейсіз? Шетел асқандардың айтар уәжі – біздегі қаржыға күн көру қиын, тапқан табыс кредиттен артылмайды.
Бұл – көрші елде жүрген жерлестердің ортақ пікірі. Ресейдің Амур қаласында жұмыс жасап жүрген қандөздік Ержан Дәрібаймен телефон арқылы тілдестік. Ол да бала-шаға қамымен шетел асқанын жасырмады.
– Амур қаласында жұмыс жасап жүргеніме 2 жылдың көлемі болды. Онда темір құрастырушы болып жұмыс істеймін. Әрине, Қазақстанда жұмыс жоқ емес, бар. Алайда айлығың шайлығыңнан артылмайды. Ауылдағы 80 мың айлықты жеткізу оңай болмады. Бір айдан екінші айға жету оңай емес. Оның үстіне, қымбатшылық алқымнан алып барады. Осы себепті шетел астық. Мұнда да барлық жағдай жасалған деп айта алмаймыз. Қазір 45 градус суықта жұмыс жасаудамыз. Ең бастысы – жалақысы тәуір. Теңгемен шаққанда 450-500 мың жалақы аламын. Бала-шағаңның қасында, үйіңнен кіріп-шығып жұмыс істегенге не жетсін?! Амал жоқ, күнкөрістің қамы, – дейді. Бұл мәселе қазір дамыған мемлекеттердің «бас ауруына» айналып тұрғанын анық байқауға болады. Еуропалық саясаткерлердің барлығы да әлем елдеріндегі жұмыссыздық деңгейінің өсуімен күресуге тырысқанымен, әзірге оң шешімінің болмағандығын тілге тиек етуде.
Айталық, бауырлас түрік елінде тепсе темір үзетін 4 миллионнан астам жас жұмыссыз екен. Бай-кедей – бәрі бірдей Құдайға құл, Біреуді кем қып қойған, біреуді мол. «Бай кедейге ауыссын, қарассын, – деп, Шеберлікпен жаратқан құдіреті сол! – дейді Мәшһүр Жүсіп бабамыз. Ақиқатында, өмірде кейде қалағаныңды емес, қармағанымызды алып жатамыз. Кейде қанша қармансаң да қалағаныңа қолың жетпей жатады. Өйткені, «Кедей бай болсам, бай құдай болсам» деген заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Ата бабаларымыздың «қазы кертіп, жал шайнап, бай да өтеді өмірден, қара талқан жалмалап жарлы да өтеді өмірден» деген сөзінің жаны бар. Өйткені, ресми дерекке көз салсақ, елімізде бай мен кедей арақатынасы 22:1 қатынасындай екен. Яғни халқымыздың ең бай 10 пайызын ең кедей 10 пайызға бөлгенде 21 есе айырмашылық шығады екен. Тәуелсіз елде бейбіт ғүмыр кешіп жатқан қазақ халқының бірі көкте, бірі еңісте күн кешуі көңілге қаяу салады. 2020 жылы Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Қазақстан байлығының тең жартысы бар-жоғы 162 адамның қолында» деген еді.
Расында дәулеттілер байып, ал кедейлер кедейліктің қамытын киіп отыр. 2023 жылы кепілсіз тұтынушылық кредит 9,5 триллион теңгеге жетсе, 8,6 миллион адамның қаржы институттарына қарызы бар екен. Өткен жылы бір ғана «Халық банкі» акционерлеріне 276,8 миллиард теңге дивиденд төлеуді шешіпті. Теңсіздіктің бір қырын осыдан-ақ байқауға болады. Жер бетінде байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ХХІ ғасырда ең жоғарғы шегіне жетіп, ең түйткілді мәселеге айналғаны жасырын емес. Соның салдарынан қарапайым халық арасында күнкөріс – әрбір отбасының бірінші қажеттілігіне айналып отыр. Halyk Finance аналитикалық орталық жетекшісі Санжар Қалдаровтың сөзінше, Қазақстан халқының жартысына жуығының айлығы төменгі жалақыдан аз, әрі табысының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайды. Елдегі байлардың үлесі 10 пайыз болса, олар ұлт байлығының 60 пайызына иелік етеді.
Демек, дамыған елдермен салыстырғанда экономикалық теңсіздік өте жоғары, халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыруда салық заңнамасына өзгеріс енгізіп, есеп пен статистиканы, өзін-өзі басқаруды жетілдіре түсу маңызды.
– Қазақстанда табыс теңсіздігінің негізгі проблемасы – еңбекақы мөлшері төмен. Take-profit.org порталы жариялағандай, Швейцарияда ай сайынғы орташа жалақы мөлшері – 7442 доллар, Люксембургте – 6692 доллар, Данияда – 6341 доллар, Сингапурде – 4588 доллар, Норвегияда 4976 доллар құраса, Қазақстанда – 657 доллар. Айыр-машылығы – 6-10 есеге дейін. Бір ғана Норвегияның негізгі табыс көзі мұнай болса, біздің елде мұнай-газдан бөлек, түсті және қара металлургия, уран тағы басқа сирек кездесетін металдар бар. Солай бола тұра, салыстырмалы түрде орташа жалақы мөлшері төмен, – деді әлеуметтану магистрі Айнұр Айнарбек.
Ал, біздің аудандағы жағдай қалай? Жыл басынан бері аудандық жұмыспен қамту орталығына 506 жаңақорғандық жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Өткен жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына 6800 жас тіркелген, олардың 5487-і жұмыспен қамтылған. Әлбетте, бұл тіркеліп, ресми статус алғаны ғана. Ал тіркелмей жүрген жас қанша? Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Руслан Мұсатаевтың айтуынша, ауданда жұмыссыздық деңгейі жылдан-жылға азайып келе жатыр.
– Үстіміздегі жылы ресми жұмысыздар саны – 506. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 2500 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 65 адам, жастар практикасына – 389 адам жолдама алған. Қоғамдық жұмыс орындарына – 1348, мемлекеттік грант алған – 163 адам, «Алғашқы жұмыс орындарына» – 41, 2022 жылдан 2023 жылға 32 адам жалғастыруда. «Ұрпақтар келісім шартына» – 3 адам; 2022 жылдан 2023 жылға 5 адам жалғастырды. «Бастаубизнес» жобасына оқуға 899 адам жолданған. 2023 жылы 3370 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланса, 3634 жаңа жұмыс орындары құрылып, жылдық жоспар 107,8 пайызға орындалды. Ауданда 10 рет бос жұмыс орындарына жәрмеңкелер өткізу жоспарланып, 128 жұмыс беруші 410 бос жұмыс орындарын ұсынды. Онда 55 азаматқа жолдама берілді. Ағымдағы жылы ауданымыздан «БастауБизнес» жобасы бойынша «ENBEK BUSSINES» порталы арқылы 894 жас оқуға өтініш тапсырды. «Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грантқа ағымдағы жылға республикалық бюджеттен 149 адамға 205320,0 мың теңге, қаржы қаралған. Осыдан қазіргі таңға 163 адамға грант берілді, – дейді ол.
Түйіндей айтқанда, қоғамда орын алған теңсіздік, жұмыссыздық кім-кімге болсын оңай тимейтіні айқын. Жұмыс жоқ болғасын табыстың келуі де неғайбыл. Сондықтанда жұмыссыздық мәселесі, соның ішінде жастардың жұмыссыздығы шешімін табуды қажет ететін мәселе. Бұл бай мен кедей арасындағы алшақтықты да азайтар еді.

Әсел РЗАЕВА
20 наурыз 2024 ж. 120 0