Қаратаудың қасиеті
Қаратаудың ақылдылығы, төзімділігі мен қайсар мінезі, күш-қуаты өн бойында тулап тұрғанын көріп таң қалдық. Айналдырған үш жыл ішінде бұл жануардың аудан аударыспақ спортына сіңірген еңбегі зор. Осы уақыт ішінде 50-ден аса жүлде ұтып алып, 7 рет ел чемпионатында топ жарды. Балуаны мен арғымағы сай келіп, тілін түсініп, сырын ұғысқан біздің жігіттер облыста ғана емес, ел чемпионаттарында да атой салып келеді. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» демекші, біз осы бір қасиетті жануар туралы толық танысуды жөн көрдік.
2019 жылы ат спортынан Сыр елінің аға жаттықтырушысы жерлесіміз Исламхан Боранбаевтың қанатының астына осы бір тұлпар келіп қосылды.
Белгілі кәсіпкер Алмат Абдуллаевтың бұл спортшыларға тартқан ерекше сыйы болатын. Қаратау бөктерінен келген арғымаққа «Қаратау» есімі берілу тегін емес.
– Біз ырымшыл халықпыз ғой, бұл жылқыға «Қаратау» есімі берілуі түсінікті. Қарт Қаратаудың қасиеті қонсын деп ырымдап қойған едік. Шүкір, үмітті ақтап келеді. Негізі бұл спортта спортшы мен сәйгүлігі сай келіп, түсінісе білуі керек. Сонда ғана қарсыласты қапы қалдырады. Бізге бұл жануарды Алмат Аманкелдіұлы сыйға тартқан болатын. Араға үш жыл салып тағы да бір тұлпарды сыйлады. Бұл біздің спортшыларға, әсіресе буыны енді қатайып келе жатқан жастарға тәлім-тәрбие, өнеге болады. Осындай ат спортына, ұлттық ойындарға қамқорлық жасайтын азаматтар көбейсе құба-құп, – дейді аға жаттықтырушы.
«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» деген қазақ халқы ежелден жылқы баптауға ерекше мән берген. Біз жануардың бір күндік жаттығуына мән бердік. Таңнан кешке дейін атты балаша күтіп, жаттығуын уақытында жасап жүрген Қанат бапкерді әңгімеге тарттық.
– Жылқыны әр спортқа баулудың тәсілі бар, мәселен, бәйге аты көп жүгіруді, жылдамдықты жақсы көрсе, көкпардың тұлпары да жылдамдық пен топты жарып өте алатын күштілікті талап етеді. Ал, аударыспақ аты ақылды келеді, шеңберден шықпай, үстіндегі балуанның ығына жығылып, табанда тік тұрып, қарсылық көрсете алуы тиіс. Сондықтан бұл спортқа дайындық та үлкен күшті қажет етеді. Жемін жеп, оны суытып, ретке келтірген соң жаттығуға кірісеміз. Алдымен мініп, денесін үйретіп, содан соң айналдырып артқа, одан иық тірестіріп тұруды бастаймыз. Айналдырғанда ат қашпауы тиіс, тістемеу, теппеу керек. Белге салмақ түспей, шабандозына қарай әрекет етуді үйретеміз. Күнделікті әдістәсілдерді үйретіп, дайындықты пысықтап отырамыз. Бәрінен бұрын ең алдымен атыңды дұрыс таңдаған маңызды.
– Жақсы арғымақты қалай табуға болады?
– Бұрын бақ шаба ма, бап шаба ма десе, қазір бақ та, бап та, қан да шабады дейді. Қазір аттың тұқымын, қанын білу маңызды. Айғыр өзінен туған биемен шағылыспай, үйірден қуып жіберіп отырады. Бірақ оның 3-4 атадан кейін қайтып қосылмасына мал иесі мұқият болу керек. Мен өзімнің жылқыларымның алты атасына дейін білемін. Оларды бір-біріне қоспаймын. Олар да адам баласы секілді қаны алыс болған сайын тектілігі арта түседі. Иә, бұл спортты сан мәрте көріп жүрміз. Төрешінің ысқырығы шар еткенде, екі жақтан белуарына дейін жалаңаштанған қос балуан аттарын шықпырта қамшылап, жұлқынып ортаға шығады. Іле-шала қамшыларын ауызға көлденең тістей салып, бір-біріне тұра ұмтылады. Қайшыласа ұстасып, шірене тартысып тұрғанында астындағы атан түйедей аттарының дәрменсізденіп, шырқ үйіріле айналғанын көресіз. Көбінесе, бұл жекпе-жек ұзаққа бармайды. Әбжіл қимылдап, артық қайрат көрсеткені қарсыласын аттан жұлып түсіріп, жеңімпаз атанып кете барады. Болған-біткені осы. Жанкүйер атаулының аударыспақ десе есіне түсетініде, тамашалайтыны да осы ғой. Одан ары кім тереңдеп көрген. Тереңдей берсеңіз, бұл спортты нағыз білекті балуандардың, жүректі жігіттердің ойыны деп білесіз. Біз осыны ұқтық. – Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатынаса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын. Белдесу уақыты 5 минут. Аударыспақшының ер тоқымында, жүгенінде, өмілдірік құйысқанында спортшыға зақым келтіретін үшкір заттар, темір әшекейлер, ер тоқымының алдыңғы, артқы қасында, үзеңгісінде дәнекерленген қосалқы бөлшектер болмауы тиіс. Аударыспақта негізгі рөлді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды, – деді Қанат балуан.
Жылқының тілі жоқ, бәрін жүрегімен түсінеді, атқа қарағанда айғыр есті келеді. Сондықтан көкпардың қалың додасын қырқып өтіп, жарып шығатын, аударыспақтың жекпе-жегінде үстіндегі иесінің тақым қағысына қарай икемделе қалатын – көбіне-көп айғыр. Оны таңдау да оңай-оспақ шаруа емес. Астындағы айғыр неғұрлым биік, ірі болса, сол балуанның жеңіске жету мүмкіндігі артық. Егер балуан қанша жерден тақымы тастай, қара күшке мығым болып, ал, астындағы аты әлсіз, сайысқа үйретілмеген болса, өте қиын. Аударыспақта қас-қағым сәт мүлт жіберілмейді. Жекпе-жекке бастықпаған ат қиқарланса бітті, теріс айнала қалады. Ондайда қарсыласыңның айы оңынан туды дей беріңіз. Белбеуден ұстап, тартып үлгерсе болды, таза жеңіске жетеді. Жылқының тілі жоқ демесең, ол бәрін жүрегімен түсініп тұрады. Міне, біз Қаратаудан осы бір қасиетті көрдік. Ол жуас болғанымен, мінезді жануар екен. Осындай текті тұлпарды топқа қосып, танылып қана қоймай, ұлттың спорттың көкжиегін кеңейтіп жүрген жігіттерден біз тек жеңіс күтеміз.
Әли ТЕМІРБЕК