» » Татуласу дауды шешудің тиімді тәсілі

Татуласу дауды шешудің тиімді тәсілі



Қазақта «Ашу дұшпан ақыл дос, ақылыңа ақыл қос» деген даналы сөз бар. Ашу адастырады, ақыл жолға салады деген ұлт ұстанымы ұлылықтың бастауы. Ел болған соң сол ашуға беріліп те, ерегісіп те қалып жатады. Кейде түсініспей, не төрелік іздеп өзін дәлелдегісі келіп төрешілік іздейтін де сәт туады.
Осындай қызуқандылықты үстінде үкім кесіп жіберетін сотқа бару түбі жағымсыздыққа әкелетін білген соң ел билігі татуластыру орталықтарын ашып, ата жолға қайта мойын бұрдық. Қазірде ашуға беріліп кеткендер сотқа жүгініп ара­ны ашшыламай, бітімгерлерге барып, түсінісіп жатыр. Бұл мемлдекет үшін де, қоғам үшін де, ең бастысы ағайын, таныс үшін де тиімді болып отыр.
Себебі сот тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешу азаматтық іс жүргізудің субъектілеріне тиімді және оң тұстары жетіп артыла­ды. Біріншіден, дауды татуласты­ру рәсімдері арқылы реттеу сот шешіміне қарағанда тараптардың бітімге келуіне ықпалды;
екіншіден, көп жағдайларда дау тараптардың заң нормаларын дұрыс түсінбеуінен туындап жатады, ал сол нормаларды соттың тиісті түрде түсіндіруі аталған рәсімдерді жасауға ықпал етіп, дауласушы та­рапты ымыраға келтірері сөзсіз;
үшіншіден татуласу рәсімдері тараптар арасындағы дауға ортақ келісіммен соңғы нүкте қоюдың алғы шарты, ал сот шешімі бір тарапты ғана қанағаттандыра алуы мүмкін, төртіншіден, бұл соттың және тараптардың уақытын, қаржысын үнемдейді. Бұл ретте айта кетерлігі татуластыру рәсімдері арқылы шешімін тапқан іс бойынша төленген мемлекеттік баж салығы тараптарға қайтарылады. Тағы бір тиімділігі, сотпен бекітілген қандай да бір келісім ерікті түрде орындалмаған жағдайда, тараптар атқару парағы арқылы мәжбүрлі түрде орындату туралы мәселені көтеруге құқығы бар.
Мінекей, осылайша ата бабамыздың байсалды, байыпты болмысы ұрпақтары, бізді және бізден кейінгі қоғамды тату тәтті ұстап отырары анық. Ал, ең ба­стысы дауласпауға, түсіністікпен қарап, ашуға берілмеуіміз керек. Ел амандығы – ел бақыты.
Қазақ аталы сөзге тоқтап, әділ билердің төрелігіне бағынған халық. Бірде Төле би шідер ұрлап қолға түскен бір ұрыға ұрланған шідердің үш тармағын үш аттың аяғына салдырып «енді осы үш атты үш жаққа ұрып айда, егер аттар шідерді үзіп босанып кетсе, айыптан азатсың, ал шідер үзілмесе, үшеуін біріктіріп ұстаса, ер ердің қызметін атқарғаны. Онда бір тармағы үшін бір бесті айып төлейсің» деген үкім айтады. Ұры бірден келісті, әрекет жасап көрді.
Əрине, мықты қайыстан жұмыр­лап өрілген шідерді аттар үзіп кете алмайды, ұры бір шідер үшін үш ат төлеп құтылады. Төленің бұл билігін қазақтар да, кейін қазақтың əдет заңын зерттеген орыс оқымыстылары да «даналық шешім» деп бағалайды.
         Иә, бұл сол заманның қазіргі тілмен айтқанда медиаторлары. Дау-дамай, кикілжіңдерді шешіп, елдегі ынтымақты, бірлікті сақтауда бір ауыз сөзі жеткілікті болатын.   
         Бітімге келмей дау бітпес елімізде қаншама адам соттың әуресімен жүр. Азаматтық істердің артуы сот қызметкерлерінің де жүгін көбейткен.          Сондықтан құзырлы орган «Татуласу-сотқа дейін, сотта» атты жобаны қолға алды. Ол бойынша ұсақ дау-дамайларды медиация тәртібімен шешуге басымдық берілді. Жаңақорғанда осы мәселеленің жай жапсары талқыланып, түрлі мекемелерде, кент және ауылдық округ тұрғындарымен аудандық сот судьялары мен кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың қатысуымен түрлі жиындар өткізіліп келеді. Жалпы тарихқа көз жүгіртсек бұрын дауларды билер шешетін оның көбі екі жақтың татуласуымен аяқталатын яғни, ұлтымыз бұл әдісті бұрыннан қолданылған қазіргі таңда бұл әдіс медиация деп аталып жүр. Медиация ағайын арасындағы татулықты сақтау кепілі. Бұндай әдіспен жер, тұрғын үй т.б әлеуметтік салаға қатысты істерді соттаспай-ақ шешуге болады. Осы орайда Жаңақорған аудандық сотының ұйымдастырумен 19 наурыз 2018 жылы «Татуласу» орталығы» Жаңақорған кенті №110 мекен жайда ашылды, яғни дауды сотқа дейінгі реттеу және татуласу рәсімдері орталығы ашылған болатын және де дауларды соттан тыс шешу мақсатында аудандық соттың ғимаратының ішінен«Халыққа құқықтық қызмет көрсету бұрышы» ашылды.         
Бұл бөлмеде кәсіпқой медиаторлар (арнайы оқып келген, мамандар) отырады, келген азаматтарға барлық санаттағы (қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша, еңбек және отбасылық) даулары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құқықтық көмек көрсетеді. Бұл аудандық соттың ғимаратының ішінің ашылған халыққа құқықтық қызмет көрсету бұрышында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша тараптар жүгіне алады. Бұл мәліметтердің есебі жүгінген азаматтар жөнінде ақпаратты сотпен арнайы ашылған журналға күнделікті тіркеу арқылы жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен жүзеге асырылып жатқан «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасының бірі – «Татуласу, сотқа дейін, сотта жобасы болып табылады. Жобаның мақсаты - халық арасында дауды соттан тыс шешу, қоғамдағы қайшылықтарды, дауларды азайту институттарын насихаттау және дамыту алаңдарын құру.
            Жалпыға белгілі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру, ұсақ-түйек мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен қоғамдағы даулардың деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасы ұсынылып және оны жүзеге асыру үшін пилоттық аймақ ретінде Қызылорда облысы белгіленген болатын.
Біз әрдайым өзара қарым қатынас жағдайында өмір сүреміз. Алайда мүдделер қақтығысы болып тұрады.Ол кезде дауды шешу қиынға соғады. Сонымен қатар ол дау елеусіз басталып, шешілуі қиын ауқымға дейін ұлғая береді.
         Мұндай дауларды міндетті түрде шешу қажет. Әрине сотқа шағымдануға болады. Алайда  қағазбастылық бар және уақыт алады.
         Бір қуантарлығы шешімнің оңай жолы бар. Ол медиация тетігін пайдалана отырып, дауларды келісім арқылы медиаторлар немесе судья медиатор арқылы шешу.
         Қазіргі уақытта қоғамда дауларды медиация тәртібімен реттеу кең етек алып жатқандығы белгілі.
         Қарақылды қақ жарған әділ би, небір күрделі даулардың күрмеуін қамырдан қыл суырғандай етіп асқан шеберлікпен шешкен парасатты қазылар. Тоқсан ауыз сөзден тобықтай ой түйе білген дүлділ шешендер, мұның бәрі кешегі қазақ даласының көрінісі. Көзден таса көңілден ұмыт бола бастаған көрініс. Тәуке ханның жеті жарғысы, Қасым ханның қасқа жолы, есім ханның ескі жолы да ұлттың жадында.
         Дала билерінің дара тұлғалары-Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез-келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігі мен жеріміздің тұтастығын сақтауға үлкен мән берген. Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қазақ еліне жат дүние емес. Себебі, медиаторлардың бейтараптылығы процедураға араласуға жол бермеу принципімен ерекшеленеді. Ол демек, шешім тек тараптардың келісуімен ғана қабылданады.
         Қазіргі таңда Жоғарғы соттың бастамасымен кешегі текті жүйе тетігінің бірі, алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген қағиданы басшылыққа алған дарабоз билердің дәстүрлі билік жүргізу тәсілі бітімгершілікті қайта жандандыруды қолға алды. Нәтижесі белгілі 2011 жылы 28 қаңтарда «Медиация туралы» Заң шығып, ол 5 тамызда күшіне енді.
         Отбасылық институттың құлдырауы әлемдік үрдіс десек- бүгінде сол келеңсіз жағдай елімізге де тән. Сөйтіп ажырасудың, отбасылық даулардың салдарын толық емес некеде тәрбиеленіп жатқан ұрпақ көріп отыр. Судьялар осындай жарты отбасыларда өскен ұрпақ жасық, жасқаншақ болып өсетіндігін айтады.
         Өңірімізде ажырасу оқиғалары жиілеп барады. Негізінен некесін бұзуға себеп болатын жайттар әлеуметтік жағдайдың төмендігі, алкогольдік ішімдікке тәуелділік те жұбайлардың ат-жалын үзісуіне сеп. Осылайша судьялар отбасы мүшелерін сабырлы болуға шақыруда.
         Бүгінде Жаңақорған аудандық сотының судьялары  қоғамда өзектілігі артып отқан ажырасу, отбасы, ағайын мен көрші арасындағы дауласумәселесін бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде деп таласқан ерлі-зайыптыларды табыстырып, тірі-жетімдер санын азайтуға ерекше мән беріп қарайды. Тілдесе алмай тіресіп жүрген ерлі-зайыптыларды, ағайын мен көрші арасындағы дауларды аптықпай тыңдап, айыптамай ақылын айту арқылы судьяларда тараптарды келісімге келтіруде өз септігін тигізуде.
«Даулардың сотқа дейінгі реттелуі – тараптардың іс-әрекеттері туындаған келіспеушіліктерді сот органдарының қатысуынсыз шешуге бағытталған, туындаған жанжалды реттеудің тиімді және мәдениетті құралы болып табылады. Бітімгерлік рәсімдерді дамыту - бұл заң үстемдігін қамтамасыз ету  қағидатын жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі болып табылады.
«Татуласу орталығында азаматтар келіссөздер, талап қою рәсімі, медиация, оның ішінде сот медиациясы, татуласу келісімдері, атқарушы жазбалар, партисипативтік рәсім сияқты алуан түрлі дауды реттеудің балама рәсімдерін жүргізу тәртібінің ерекшеліктері, артықшылықтары туралы түсіндірулер алады. Өтініш берушілер келіскен жағдайда медиаторлардың көмегі сол жерде көрсетілетін болады. Халықтың осал топтарына орталық тегін қызмет көрсетеді.
Татуласу орталығының ашылуы дауларды сотқа дейінгі реттеу институтын және татуласу рәсімдерін дамытуға, сот органдарына жүктемені төмендетуге, мемлекет пен тараптардың дауларын шешудегі шығындарын азайтуға үлкен серпін береді.
Түйіндей айтқанда, қоғамдағы түрлі мәселелерді, әсіресе, отбасылық жанжалдарды шешуде, ағайын-туыс араздығына нүкте қойып, әділ төрелігін айтып татуластыруда медиаторлар мен судья медиаторлардың рөлі айрықша. Сондықтан, келешекте осы жүйенің қолданыс аясы кеңейіп жатса, онда елдегі ұсақ-түйек дау-дамайлар тыялар еді.
Жаңақорған аудандық сотының судьясы
Э.Рыскулов
14 наурыз 2023 ж. 126 0