№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Татуластыру рәсімдері дәстүр сабақтастығы

Татуластыру рәсімдері дәстүр сабақтастығы

Халық арасында дауласушылықтың деңгейін төмендету,қоғамда ынтымақ пен бірлікті қамтамасыз ету мақсатында дауларды шешудің балама әдістері кеңінен қолданылуда. Қазақстан Республикасының "Медиация туралы" Заңының қабылданып, қолданысқа енгізілгеніне де 8 жылға жуық уақыт болды. "Медиация" атауының өзі жаңа болғанымен, бұл біздің қазақ халқы үшін таныс ұғым.Себебі тарихтан небір би,шешендеріміз дауласқан тараптарды бір ауыз сөзбен тоқтатып,татуластырып,бірлікті сақтап қалғанын білеміз." Билік айтқан би емес,бітістірген би" деген сөздер сол кезден қалған. Қанша ғасыр өтсе де, осы сөздер өз өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі уақытта да дауласушы тараптарды татуластыру үшін сотқа дейін Татуластыру Орталықтары, облыс, аудан, ауыл әкімдіктері жанынан Билер кеңесі құрылып, дауларды сотқа дейін жеткізбей шешу үшін шаралар қолданылуда.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексінің міндеттерінің бірі ретінде де тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу екені белгіленді. Сотқа талап қою арызы түскеннен кейін судья арызды өндіріске қабылдамастан бұрын тараптарға олардың дауды бейбіт жолмен шешу мүмкіндігін түсіндіріп, дауды сотқа дейін шешуге шара көреді. Тараптар татуласуға қол жеткізе алмаған жағдайда талап қою арызы сот өндірісіне қабылданып, азаматтық іс қозғалады. Алайда істің қозғалуы іс бойынша тек соттың шешімі қабылданады дегенді білдірмейді. Себебі тараптар сот шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін істің кез келген сатысында татуласуға құқылы.
Азаматтық процестік Кодексте татуластыру рәсімдерінің төмендегі түрлері көзделген:. - татуласу келісімін жасау, бұл екі тараптың өзара келісімге келіп, татуласуы; - дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу, яғни дауды кәсіби, кәсіби емес медиатор немесе судья-медиатордың қатысуымен реттеу; - дауды (жанжалды) партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу,бұл тараптардың адвокаттарының жәрдемдесуімен татуласуы. Ең бастысы осы татуластыру рәсімдерінің кез келгенін таңдап, тараптар екі жаққа да қолайлы, екі тарапты да қанағаттандыратын шешімге қол жеткізеді. Татуласу арқылы тараптар өздерінің алтын уақытын үнемдейді. Егер сот шешімі шыққан кезде қабылданған шешім тараптың бірін қанағаттандырмай, ол әрі қарай соттың шешіміне жоғарғы саты соттарына шағым келтіріп, уақытын жоғалтуы мүмкін.
Сондай-ақ татуласқан тараптар өзара түсіністікке қол жеткізіп, сыйластығын,жақсы қарым-қатынасын сақтап қалады. Дау татуласу арқылы реттелген жағдайда талап қоюшыға сотқа талап арызбен жүгінген уақытта төленген мемлекеттік баж сомасы қайтарылады. Татуластыру рәсімдері негізінде қабылданған келісім шарттарын тараптар өзара келіскен мерзімде ерікті түрде орындап, сот орындаушысына мәжбүрлеп орындау үшін жол бермейді. Қорыта айтқанда, дауларды,кикілжіңдерді шешіп,елдегі ынтымақты,бірлікті сақтауда татуластыру рәсімдерінің алатын орны ерекше. Қазақ халқы жөн сөзге құлақ асып, мәнін түсіне,қастерлей білген. Бұл қазақ қоғамындағы құқықтық сананың жоғары болғанын байқатады. Ендеше қазіргі татуластыру рәсімдері дәстүр сабақтастығының айғағы.
04 маусым 2020 ж. 1 425 0